Болмаған Ресей жайындағы кемеңгердің көзқарасы
Кез келген мемлекет пен кез келген халық өзі туралы аңыздар легін туындатудан еш қашып құтыла алмайды. Ол әр тарихи оқиғаны, әр тарихи фактіні өз еркінен тыс өзіне ыңғайлы да қолайына жағымды болып келуін қалайды. Бұны біз тарихи жадының бұзылған телефонына балай аламыз. Осылайша бір өтірік екінші жалғандықтың тууына сеп болады.
Осылай жалғаса береді. Осы жалғандықты сезінбеу әуелі тарихшыны, кейін бүкіл ұлтты адастырады.
Алаш баласының көзі үйренген нәрсе тарихты тарихшы жазу керек дегенге саяды. Егер сол тарихшылар пайдаланған дерек көздерінен жалғандық пен алдамшылықтың самалы есетіндігін жаһанға жар салушылар жайында не айтпақпыз!?.
Біздің бар білетініміз Мұрат Әжінің пайымдары, ал, орыс тілді мәдени кеңістікте одан өзгелердің де бар екендігі осы тәржімаға өзек болып отыр.
Сондай есімдердің қатарына панславяндық астар ойын ескере отырып, Александр Бушковты қосуға болады.
НАҒЫЗ ЕРЛЕРДІ ТАРС ҰМЫТЫП, МИФКЕ СЕНЕМІЗ
(өтірік пен жалғанның арасы)
Тарих ғылымы математика емес, абсолютті шындықты орнықтыру бұл салада еш мүмкін емес, тарих дәлді ғылым болмағандықтан үздіксіз өрелілік сынақтарын жасайтын полигонға айналып шыға келеді.
Тарихи жылнама табанының бүрі жоқ еуропа, қытай, араб немесе парсы жылнамашысының тарапынан фальсификацияға ұшыраса ше!?. Бір өкініштісі қазіргі Орта Азиялық тарихшылар түгелге жуық қытай, араб және батыс немесе парсы жылнамаларының жалына жармасады.
Ал, сол жылнамашылар мен олардың жазғандарының жалына жармасушыларды Александр Бушков ежелгі шамандардың дипломды мұрагерлеріне теңейді.
Күмәнді «көне қолжазбалар» бойынша қалың-қалың томдар шығуда. Ал, сол қолжазбаның түпнұсқасын ешкім қолмен ұстап көрген жоқ. Сонда да оған сенеді. Орыстардың “Валес кітабы” және “Игорь жасағы туралы сөздері” осыған жатады.
Бушков Саламанка университетінің профессоры Д'Арсилланың он алтыншы ғасырдың ортасында-ақ, барша орта ғасырлық көне тарих орта ғасырлық кітап кеміргіштерінің туындысы болып табылады деген пікірін алға тартады да, Алтын Орда туралы өзіндік ойын жария етеді.
Енді осы туралы сөз етпестен бұрын Бушковтың еңбегіне орынды баға берген КрасМУ профессоры А.М. Буровскийдің “Россия, которой не было: взгляд гения” мақаласын қысқартып Ұлт кз оқырмандарына ұсынбақпыз.
“БОЛМАҒАН РЕСЕЙ ЖАЙЫНДАҒЫ: КЕМЕҢГЕРДІҢ КӨЗҚАРАСЫ”
Александр Бушковтың барша кітабы қай жанрда жазылмасын бүгінгі күннің талабымен аса зор тиражбен шығып, тез өтіп кетеді. Дәл қазір сіз қолыңызға ұстап тұрған кітапты тек қана отбасылық оқылым ретінде ғана емес, мектептер мен жоо оқытылуға ұсынар едім.
Біз бұл арқылы түрлінше беріліп жүрген сандаған «тарихи мифтерді» әшкере етер едік. Ғалымның пайымдауы бойынша бұлар тіптен миф те емес, ақиқаттан алшақтаған жабайы қоғамда тастай қатып орныққан түсініктер болып табылады. Ал, олардың кейбірі – ессіздіктің «қарабайыр» бейкүнә жемісі.
Осы қарабайырлық ұрлықтан өткен оспадарлық. Бұлардың басым бөлігі кездейсоқ та, аяқ астынан туа салған жоқ: бұлар саналылықпен фактілерді алмастырудың, құжаттарды алдын ала ойластырған топша кесте бойынша күн тәртібіндегі саясатқа тарихты матап берудің шарғысы.
Мысалға, ең дарынсыз, әрі ең үрейлі монархты (Петр I) ресейдің ең басты ағартушысына, сондай-ақ ұлттық құтқарушыға айналдыру… Немесе қарақшылардың қолынан кездейсоқ қаза тапқан Иван Сусаниннің – ұлттық қаһарман болып шыға келген тамаша тарихы…
Айтары жоқ. Біз әлі күнге дейін өзіміздің тарихымыз туралы ертегідей нашар білеміз. Бұның бірден-бір себебі – кеңес үкіметінің саналы саясаты.
Ресейдің кешегі қожалары, әлбетте, ленин, троцкий, тухачевскийлердің шынайы бейнесін жұрт талқысына салудан естері кете қорықты...
Бірақ өз бәдіктерін орыс тарихына сіңіріп үлгерді. Орыс халық ертегілері кеңестік жосықтағы «тарихқа» қарағанда: ақпаратты, адал әм тарихи...
Бірақ біздің жаппай тарихи көр соқырлығымыздың екінші себебі де бар. Оны ешкім де қаперіне алғылары келмейді, тап сол турасында жазуға А.А. Бушковтың дәті барады.
Қаперге алмау – білімі кәдік, бәрін әлдебір идеологияға жапсармалау үшін өңештерін жыртуға бейім «интеллигенттер» тайпасының әрекеті. Қысқарта айтатын болсақ, бұл идеология – өмірдің барлық қырын бір ғана пікірдің қауызына сыйдыруға талпыныс болып табылады...
70 жыл бойы бір ғана идеология салтанат құрды...
Ғұндар, герман немесе славян тайпаларының қайсысы «прогрессивті» немесе керісінше «контрреволюцияшыл» ретінде қарастырылды. Моңғол шапқыншылығы пайда әкелді ме? «Русь» сөзінің өзі қайдан шықты?
Ресей үшін татар, неміс, хазар, жөйіт, большевиктер, батысшылар, старообрядшылар – қара әзәзіл ме, әлде шапағатты ақ періштелер ме?-деген сауалдар ғалым-тарихшылар еңбегіне негіз болған жоқ. Бәрі де бір ғана «жалғыз дұрыстықтың» шылбырына ұстатылып келді және де онда «бәрі айтылып» қойған еді…
Жақсы білім алмаған жанға ақиқат шындықты іздеп не керек? Әрі оны қайдан аларын білмесе оған «иелік ет» деп айта аласың ба?!
Бұл үшін әлбетте бір жағынан – бүкіл оқырман қауымына ой жетімді формадағы, екінші жағынан – «ғылыми» мазмұндағы әдебиет қажет... Ал, тарихи көсем сөздерді бұлардың қатарына қоса алмаймын. Өйткені, оның барлығы да – «өзгені» «өздік» етуге талпынаған бітіп болмайтын идеологиялық сағыз. Не болмаса ақылдының алжасуы. Оның мысалы ретінде бұл жерде түрлі сипаттағы «рерихшілердің», иеговистердің немесе басқада сектанттардың бәду-бәдіктерін келтірер едім.
Осы аңсарда А. Бушков ең жөні түзу, ойы тұнық құбылысқа айналады. Ол басқаларға қарағанда айтары жоқ: дәлді, сенімді, ғылыми...
Бәрінен де бүкпесіз ашық, нық сенімді. Әрі өте қызғылықты. Оның бұл кітабын детективін оқушы миллиондар бас алмай оқып шығатынына иманым кәміл. Қайталап айтамын – А.А. Бушковтың ағартушылығы және мифкүрескерлігінен өзге тағыда екі ерен еңбегі бар.
А. Бушков замана ғылымының алдыңғы қатарлы жетістігімен қарулана білді... Ескіні жаңаша құрастыра білді…
Бұл кітабында Бушков ең жаңашыл тарихи зерттеу жүргізу әдісінің қарлығашына айналды… XVII–XIХ ғғ. ғылымның «классикалық» дәуірінде ғалымдар абсолюті шындықты іздеді. Әр жосық бойынша бір ғана «дұрыс» пікірдің болғаны жөн. Бұдан тарихшылар да тысқары қалмайды. Олардың әрқайсы Ресей мемлекетінің дамуындағы «бірден бір дұрысты» кестені түзді. Әрі «бейдұрысты» және «қате» білімнің өкілдерімен дау-дамайға түсті.
Замана ғалымы кез келген білімнің шартты және қатысты ғана екенін жақсы ұғынады. Бір ғана тәжірибе арқылы қол жеткізгенді бірнеше амал-тәсілмен түсіндіріп шығуға болады. Бір ғана дерек көздері негізінде Ресей тарихын түрлінше жазып шығуға болады. Жәнеде олардың біреуі ғана – «ақиқат» деп алас ұрудың да еш мәні жоқ.
Оның үстіне – «бифуркация (қақ жарылу) нүктесінен» алғанда ел мен жұрт шын мәнісінде өзінің тарихи таңдауын жасайды. Әрі әр бұлғақтан да таңдау жасалып отырады. Ал, бізге белгілі барша орыс тарихы әлдебір «жалғыз ғана мүмкіндік» емес, қайта бұрынғы таңдаулардың нәтижесі ғана.
Бұл тарих Рустің ислам немесе католицизмді қабылдауына қатысты басқаша болып келуі де ықтимал. Дамудың бағыты сан алуан. Мысалға, билікке қабағы түксиген бала Петр емес, орта жастағы интеллектуал – Василий Голицын келсе ше?..
Замана ғалымы үшін «Біз жоғалтқан Ресей» дегеннен гөрі «Болмай қалған Ресей» өте қызғылықты. «Виртуалдылықта» «ықтимал Ресейдің» көптеген варианты бар, олардың ішінен біз тарихи алмағайыптықта тек біреуін ғана жүзеге асыра аламыз.
Мысалға, дәл қазіргі сәтте мен тарихтағы «моделдік ойлау» бәрінен бұрын аса зор тәрбиелік маңызға ие болып келеді деп есептеймін. Заман түсінігіне тарих заңдылықтары жат емес. Қоғам дауының сол варианты жүзеге асырылады, біз қалаған… Әр жағдаят жайында ойлауға, өз құқығымыз бар!
А. Бушков тап сол жайында жазады. Ол бізге ең соңғы түп негіздегі ақиқатты ұсынбайды, тек дерек көздерін «дұрыс» оқымайтындығымызды ғана ұқтырады. Ол осыдан ықтимал модельді құрастырып шығып отырады. Сонысы арқылы дерек көздерін басқаша да қарастырып, тәпсірлеуді ашып көрсетіп, «Ықтимал Ресейдің» бір жосығын алдымызға тартады.
...А. Бушковтың акад. Н.Н. Моисеев, Э.С. Кульпин және басқалардың кітаптарын оқыған және оқымағандығын білмеймін. Егерде оқыса, онда – оларды терең де, шығармашылықпен игере отырып, олардың бойына жоғарғы деңгейдегі көркемдік форманы сіңіре алғаны, егерде оқымаса, демек, онда қоғам дамуының парағын өз бетінше аша білгені де....
Не айтары бар! Кемеңгерлік дегеніміз – кейде өзгенің аңғармағанын аңғарумен ұғындырылады. Өкініштісі, көзі тірісінде ешкім А. Бушковты данышпандықтың даңқына еш жолатпайды...
Және де бір айтарым. А. Бушковтың кітаптары – тарихи зерттеудегі өзінше ыждаһат пен құныттылықтың эталоны болып табылады. Күмән тудырмайтыны, автордың сөз саптамдары біреулерге кәр төккізіп, алақұйын сезімдерді бастан кешкізеді.
Себебі автор қатып қалған қасаң түсініктердің тоңын жібітіп отыр! Бірақ онымен жаға жырта дауласу өте қиынға түседі – өйткені, А. Бушковтың кітаптары нақты деректік түйіндеулерге құрылған. Әр тақырыпқа көптеген дерек көздері арқау болып, әр дерек көзі жеріне жете ой елегінен өткізілген.
Иә, әлбетте, осының бәрін кәсіби маман жазып отырған жоқ. Сонымен қатар, А. Бушковтың жазғанының бәрін сын көзбен қарауға қабілетті парасатты оқырман қабылдай бермейді. Иә, ол өзін бірден бір соңғы нүктені қоюшы ақиқаттың хабаршысымын деп жаһанға жар салмайды, тек қана әлдебір модельді түзушіге балайды… Бірақ та, оның модельдерін жоққа шығару – қиынның қиыны болып та табылады. Ал, егер мүмкін болса, ондай терістеуші жолдың – тауқыметке толы қиын сапар соқпақ болғаны да...
P.S. Қазақ тарихышылары соңғы соқпаққа түседі деген ойдамыз. Бушковтың бұра тартуын – алаш тарихына дұрыстықпен қосатын жан жастардан шығар...
БОЛМАЙ ҚАЛҒАН РЕСЕЙ ҮШІНШІ БӨЛІМ.
«АЛТЫН ОРДАНЫҢ» ЕЛЕСІ
Әр шынайы қазіргінің өзіндік өткені бар.
Р. Дж. Коллингвуд «Идеялар тарихы»
ЖҰРТТЫҢ БӘРІН БЕЛГІЛІ ДҮНИЕЛЕР ТУРАСЫНДА
Классикалық, яғни, «Руске моңғол-татар шапқыншылығы», «моңғол-татар езгісі» және орданың билеп-төсеуінен азат етудің» заманалық ғылыми версиясы кеңінен танымал, бірақ жадыға ой сала отырып, тағы бір рет селт еткізу артық бола қоймас.
Сонымен… XIII жүзжылдықтың басында; моңғол даласында сайтандай әлеуетті, жалындаған Шыңғысхан атты көсем темірдей тәртіпке бағындырылған орасан зор көшпенділер әскерін маңына топтастырып, бүткіл әлемді «соңғы теңізге дейін» жаулап алуды құп көріпті. Әуелі жақын көршілерін жаулап алған соң, Қытайды бас идірген, аса күшті татар-моңғол ордасы батысқа бет алады.
Бес мың шақырымды артқа тастап, моңғолдар Хорезм мемлекетін, одан кейін Гүржістанды тас-талқан қылып, 1223 ж. Рустің оңтүстік шетіне еніп, ол жерде Қалқа өзенінің бойындағы шайқаста орыс кінәздарының әскерін қирата жеңеді.
1237 ж. қысында моңғол-татарлар өздерінің сансыз әскерімен Руске баса-көктеп кіріп, көптеген орыс қалаларын өртеп, талан-таражға түсірсе, ал, 1241 ж. Шыңғысханның өсиетін орындау үшін Батыс Еуропаны бағындыру үшін – Польшаға, Чехияға баса-көктеп еніп, оңтүстік-батыста Адриат теңізінің жағалауына дейін жеткенімен, аттың басын кейін бұрады, себебі, өз тылдарын жалаңаш қалдырмау үшін, әрі өздері үшін өте қауіпті Руске бола, кері қайтады. Осылайша татар-моңғол езгісі басталады.
Бежіннен Еділге дейінгі аралықты алып жатқан аса зор моңғол империясы өзінің зұлматты көлеңкесін Руске түсірді. Моңғол хандары орыс кінәздарына өз иеліктеріне билік жүргізулері үшін пәрмен беріп, талан-таражаға салып тонау үшін талай рет Руске шапқыншылық жасап, өздерінде Алтын Ордада талай мәрте орыс кінәздарын өлтіріп отырды.
Бір нақтылай кететіні, моңғолдар арасында христиандар көп болды, сол себепті де жекелеген орыс кінәздары орда билеушілерімен ет-бауыры араласқан, өте жақын қатынаста болып қана қоймай, тіпті анда да атанды. Татар-моңғол жасақтарының көмегімен кейбір кінәздар өз тағында сақтап қалу үшін ішкі мәселелерін шешіп, Алтын Орда үшін алым-салықты өз күштерімен жинап беріп отырды.
Өз аяғынан қаз тұрып алған Рус уақыты жеткенде азуын көрсетті. 1380 ж. мәскеудің ұлы кінәзі Дмитрий Донской орда ханы Мамайды татарларымен қоса тас-талқан етсе, жүз жыл өткеннен соң, «Өгүрдегі текетіресте» ұлы кінәз Иван III пен орда ханы Ахмат бір-бірлерімен бетпе бет келді.
Қарсыластардың қосыны Өгүр өзенінің екі жағалауына ұзақ тұрып қалады да, ақыр соңында хан Ахмат орыстардың күшейгенін, соғысса жеңе алмайтындығын түсініп, шегінуге жарлық береді де, өз ордасын Еділге алып кетеді. Міне, осы оқиға «татар-моңғол езгісінің аяқталуы» деп саналады.
ВЕРСИЯ
Жоғарыда келтірілгендердің бәрі – қысқаша сығымдау немесе шетелдік мәнерде сөз саптасақ, дайджест. Оның үстіне бұны «кез келген зиялы жан» білуге міндетті.
Шындығын айтсам, осы жолдардың авторы өзін А. П. Чехов, К. П. Победоносцев, Ф. М. Достоевский, атақты «Вехи» жинағының авторларының, ал, сондай-ақ, Л. Н. Гумилевтардың ізіне ілесетін зиялы жан санамайды, әрі бұндай сауалға
«Құдайым өзі сақтасын!» деп үн қататын зиялыларданмын жауап қатуды құп көреді. Мәселенің мәнісі «интеллигенция» сөзі өте-мөте ауқымды әрі аталған кітаптың құшағына сыймайды. Автор бұл нақтылауды өзінің жеке басын қалыптасқан дағды бойынша «жалпы құпталған теорияларға» құлдық ұра көзсіз ілесетін интеллигенцияға (Солженицындік «білімалғыштарға») телімеуді, яғни, өз жолын іздеуші жан екендігін ашып көрсету үшін ғана келтіріп отырған жайы бар.
Маған ұғынықтысы, «кеуде соқыштықпен» сызықты қағазды сүйкектеушілік емес, қайта «жалпы құпталған теорияларды» қай кезде ой қисынсыздығы, дәлелдің жетімсіздігі мен қатып қалушылық дерті меңдеген шақта менің өз көзқарасым бойынша өз дүдамалданушылығымды айтуға құқықтылығым.
...Шерлок Холмсқа Конан Дойл сіңірген: әуелі орын алған шынайы версияны баяндау, кейін – Холмстың ақиқатқа қол жеткізуінің ақиқаты жіліктей тарқатылады.
Мен тап осылай істемекпін. Әуелі орыс тарихының ордалық дәуірінің өзімдік версиясын баяндап, кейін барып, өзімнің топшалауымды бірнеше жүздеген беттерді өздік түйінуім мен «аян алуыма», сонымен бірге, орынсыз естен шығарылған жылнамалар, өткендегі тарихшылардың еңбектеріне негіздеп рет-ретімен мазмұндап щығу.
Сонымен. Мен оқырманға жоғарыда қысқартылып келтірілген қателік өріп жүрген классикалық гипотезаны төмендегідей тезистер бойынша дәлелеп беруден мүдделімін:
1. Руске өз даласынан ешбір «моңғол» келген жоқ.
2. Татарлар келімсектер емес, бәлдір-бәду «шапқыншылыққа» дейін орыстармен қоңсы тіршілік кескен Еділ маңының тұрғындары болып табылады.
3. Татар-моңғол шапқыншылығы деп атап жүргеніміз, шын мәнісінде, кінәз Всеволод Үлкен отағасының (Ярославтың ұлы, Александрдың немересінің) ұрпақтарының Руске жеке дара билік жүргізуі үшін бақталас кінәздармен болған күресі.
Бұдан келіп шығатыны, Шыңғысхан мен Батудың орнын Ярослав пен Александр Невскийлер басады.
4. Мамай пен Ахмат қарақшы-келімсектер болған емес, бекзада ақсүйектертұғын, орыс-татар патшаларының әулеттік қанараласуы бойынша ұлы кінәздікке құқығы бар тұлғалар. Бұдан келіп шығатыны, «Мамай қырғын» және «Өгүрдегі текетірес» – эпизодтары жатжерлік басқыншылармен болған күрес емес, Русте орын алған кезекті азамат соғысы болып табылады.
5. Жоғарыдағы сөз етілгендердің бәрінің ақиқат шындығын дәлелдеу үшін бүгінгі күнгі қолдағы бар тарихи дерек көздерін басынан аяғына қарай төңкеріп қоюдың еш керегі де жоқ. Көптеген орыс жылнамалары мен ертеректегі тарихшылардың еңбектерін ойға шома отырып, қайыра оқып шығудың өзі жетіп жатыр. Ашық ертегілік сәттерді бұлттай сейілтіп, қайта «классикалық теорияның» дәлелділігінің салмақтылығы оның ғасырлар бойы қатып қалғандығында болып келетін ресми теорияға деген көзсіз иланудың орнына жөндімді логикалық түйіндеулер жасаған ләзім. Сол шақта: «Шаңыраққа қарасаңшы, бұның барлығы БӘРІНЕ ДЕ БЕЛГІЛІ ҒОЙ!» деп семіп қатып қалған темірдей берік аргументтерге уәж айта алатын дәрегейге қол жеткізе аламыз.
Тек қана олар (аргумент-дәлелдер) кең шалқар ойға емес, көрер көзге ғана темірдей… Күн Жерді айналады деген бұдан 500 жыл бұрын «бәріне де белгілі» болды.
Француз ғылым академиясы 200 жыл бұрын өздерінің ресми қағаздарында аспаннан тас құлайды дегенді мансұқтай келеке етті. Қатаң кесік айтып, академиктерді мүйіздемей-ақ қоялық, өйткені ол кезде аспан қатты емес, ауадан ғана тұратындықтан онда қалайша тас болуы мүмкін. Осы орайда бұған кірістіре кететін бір нақтылау: атмосфераның шегінен тысқары тастардың ұшып жүретіні, әрі оның жерге құлауға қабілеттілігі ешкімге мәлім емес еді…
P.S. Тәржімашыдан: келесі жолы А.Бушковтың 24 үзікті ойының бір бөлігі «Тарих, тарихшылар және фактілер қақында» топтамасы "Ұлт.кз" оқырмандары назарына ұсынылатын болады
ult.кz