Арандайтын ел алаңға жүгіреді…

Арандайтын ел алаңға жүгіреді…

Компьютерлік ойынмен қалай билікке қарсы шығуға болады? Джин Шарп неге Маркс те, Иван Марович неге Ленин? Дайрабайдың көк сиырын көп болып іздеу - ол қалай? Неге олар қамалады? Неге жастар барады? Неге өлімге ұмтылады? Және ақ көйлекті арудың не қатысы бар?

«Қуаттыдан да қуатты күш»


«A Force More Powerful» деген компьютерлік ойын бар. 2006 жылы осы аттас кітаптың, киноның негізінде жасалған. Бұл стратегиялық ойында сіз қарапайым азамат ретінде режиммен күресесіз. Күш қолдануға болмайды, сондықтан тәртіп сақшыларына, диктаторға қарсы түрлі «бейбіт» айла-шарғы ойластыруыңыз керек.
Оларды күш қолдануға итермелейсіз немесе өз тарапыңызға тартып аласыз. Мойындайын, ойнап көрген жоқпын, бірақ интернеттің айтысына қарағанда, өте қызық ойын сияқты. Сосын, әдетте басқа ойындарда қай тарапты таңдаймын десеңіз еркіңізде ғой, ал мұнда басқарушы жақ боп ойнай алмайсыз, тек ереуілші ретінде қатысу керек.
Ең қызығы, әлгі ойынға Иван Марович деген кісі «бұл жай  ойын емес, төңкеріс жасаймын деушілер үшін таптырмас оқу құралы» деп баға беріпті. Иван Маровичің кім десеңіз, ол – әйгілі «Отпор» ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Естеріңізде болса, бұл ұйым 2000 жылғы Сербиядағы «Милошевичті тақтан тайдыру» операциясын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарған болатын. Түрлі-түсті революциялардың басы саналатын, ең алғашқы заманауи төңкеріс деген баға алған бұл оқиғадан соң «отпорлықтардың» әлем демократтары алдындағы беделі шарықтап кетті.
Содан бері ұйым белсенділері практик маман ретінде жер-жерде тренингтер өткізіп, оппозициялық күштерді төңкеріске дайындаумен айналысуда... жә, ол туралы сәл кейінірек. Енді сол «мықты практиктер» әлгі ойынды жоғары бағалап, «кез-келген теориялық еңбектен гөрі пайдалы» деп жатса, онда бұл жобаның артында жай ғана көңіл көтеру мақсатының жатпағаны түсінікті.
Әңгімені неге ойыннан бастап отырмыз? Айтпағымыз, осы күні революция ұйымдастыру (жасау емес) ғылыми деңгейге шығып кетті. Оның жаңа құралдары, тетіктері, тәсілдері пайда болды. Қала берді, ойын арқылы қалай қарсыласуды үйретіп жатса, том-том кітаптарды, мақалаларды, деректі және көркем фильмдерді айтпай-ақ қоюға болар. Осы ретте Джин Шарп есімді тағы бір кісінің атын атауға тура кеп тұр.


Джин ШАРП
«Диктатурадан демократияға» атты еңбегі арқылы заманауи төңкеріс, яки, «қарусыз қарсылықтар» ұйымдастырудың нөмір бірінші теоретигі, «өкіл әкесі» аталып жүрген адам. Былайша айтқанда, осы заманның Марксі. Әлгі кітапта өзің наразы боп жүрген билікті құлатудың жолдары, сатылары, айла-тәсілдері егжей-тегжейлі баяндалған. Халық жию, назар аударту, тәртіп сақшыларын шектен шығару сынды әрекеттердің 198 (!) жолы ұсынылған. Әлемде кезекпе-кезек жүзеге асып жатқан революцияларға бажайлап қараған адам олардан алдын-ала ойластырылған ортақ сценарийлерді анық байқайды. Ендеше, шемішкемен аттас кісіні сол сценаристердің бірі деп те бағалауға болатын шығар.
Маркс бар, енді Ленин керек. Оның шет жағасын жоғарыда айтып кеттік. “Отпор” атты ұйым құрып, Серб революциясын сәтті іске асырған саяси белсенділер тобын бұрынғы большевиктермен салыстыруға болады. Бірақ, олар өз елдерінде саяси билікке ие болған жоқ, ұстаздық етіп жер-жаһанды шарлап кетті. Ұйым мүшелерінің берген сұхбаттарынан олардың Мысыр, Ливия, Грузия, Украина, Қырғызстанда, Әзірбайжанда, Түркияда, Мальдиви, Зимбабве... қысқасы билігі күшпен ауысқан және ауысуға әрекеттер жасалған елдердің барлығында астыртын әрекет еткенін білуге болады.
Диктатурамен күресте жоғары беделге ие еңбектердің бірі – “Канвас” орталығы дайындаған “Қарусыз қарсылықтар” атты оқу құралы. Онда суреттер мен сызбалар арқылы төңкерістің барлық кезеңдері сатылай түсіндіріледі, түрлі ситуацияларда қалай әрекет ету керектігі баяндалады. Мұнымен қатар “Канвас” әлемнің кез-келген елінде кез-келген талапкерге 5 күндік семинар ұйымдастырып беретіндерін жасырмайды.
Осының бәрін неге тізбелеп отыр дерсіз. Төменде жоғарыдағы 3 дереккөзден («Демократиядан диктатураға дейін”, “Қарусыз қарсылықтар” және “Отпор” ұйымы көсемдерінің сұхбаттары) алынған кей тәсілдерді назарларыңызға ұсынбақпыз.

Дайрабайдың көк сиырын көп боп іздеу

©Voxpopuli.kz фото
Белгілі бір елде төңкеріс ұйымдастыру үшін ең алғашқы әрекет нақты бір проблеманы ушықтырудан басталуы тиіс. Масштаб маңызды емес. Мейлі үлескерлер мәселесі, мейлі еңбек даулары, тіпті, ормандағы ағаштардың оталуына қарсылық акциялары да оттықты тұтатуға жарай береді. Шағын ереуілдердің пайдасы сол, біріншіден, бұл шаралар жастардың арасынан белсенділерін, яғни, болашақ революцияның қара жұмысшыларын іріктеп береді.
Екіншіден, кез-келген шағын жеңіс үлкен жеңіске деген сенімді арттырады. Ешкімнің де қарапайым адамдарға немесе жастарға барып, «ал қане, билікті бізге тартып алып беріңдер» деп ұран тастай алмасы белгілі. Оларды көшеге алып шығудың бір ғана жолы - оларға тікелей қатысты сұрақтарды көтеру ғана. Үшіншіден, бұл алаңға шығатындардың бойын, шықпайтындардың көзін үйретуге жақсы.
Халық нөпірі – идеяны көркемдеуші құрал. Бастысы - оларды алаңға алып келу. Жұртты жинап алған соң, олардың көпшілігінің ойында да жоқ саяси сауалдарды көтере беруге болады. “Жалпы, революцияға романтикалық көзқарас жарамайды, – дейді Иван Марович, – егер экраннан Майданға немесе Тахрирге өз беттерінше жиылып жатқан адамдар тобын көрсеңіз, бұл – оқиғаның басы емес, соңы деген сөз. Мұның артында күрделі әрі ұзақ жылдық жұмыс жатыр: белсенділер жүйесін дайындау, міндеттерді бөлу, ашық әрекетке көшуге қолайлы сәтті табу, т.б.”
“Төңкеріс теориясы” бойынша, “стартаптағы” минималды көлем – 1000 адам. Ары қарай клиптік мәдениет көмекке келеді. Яғни, режиссерлік тәсілдермен, компьютерлік графикамен ғаламторға арналған нұсқалардағы халық санын көбейте беруге болады.
Қамашы мені, қамашы!
Қарусыз қарсылықтар қағидалары бойынша, ереуіл кезінде полиция кісеніне көптеп ілігудің өзі әдемі әдіс боп есептеледі. Уақытша ұстау изоляторында 1-2 тәулік түнеп шыққаннан көтерілісші тарап әсте ұтылмайды: Әуелі, сырттай бақылап отырған халықтың билікке деген наразылығы күшейеді, аяушылық сезімі турады (бұл сезімнің саясатта өте жиі қолданылатыны белгілі), әрі тұтқынға түскендер қаһарман боп оралады.
Бізде де жұрт көшеге шыға қалса, интернетте олардың әлденені талап еткен дәйекті сөздері емес, полиция көліктеріне тоғытылып жатқан бейнелері қаптап кететінін байқаған боларсыз.

©Voxpopuli.kz фото
“Жас адам – жұмсақ қамыр”
Бұл да Маровичтің сөзі. “Оларды қалаған жағыңа иіп, қалаған іске пайдалана аласың”. Жастарда қашанда тәуекел жоғары, өйткені оларда жоғалтатын нәрсе көп емес. Жаңа технологиялар заманында идеяны жастарға жеткізу тіпті оңай, ал жастарға жетті деген сөз, қоғамның барлық қабатына таралды деген сөз. Әрбір студенттің, оқушының артында ата-әжесі, ата-анасы тұр. Әрине, орта буын қашанда билікке лоялды келеді, дегенмен, айталық, немересі, не ұл-қызы қамауға түсе қалса, көзқарастары сол сәтте өзгеретіні сөзсіз. Егер тәртіп сақшылары студентке қол жұмсай қалса, ол халыққа үндеу жасауға бір таптырмайтын орай болмақ: “диктаторлық режим елдің ертеңін соққыға жықты”, “жендеттер білімді, тәртіпті жастарды ұрып жатыр”.
“Отпор” көсемдерінің бірі Срджа Попович былай дейді: “Біз революцияны жастарға қызықты, романтикалық етіп көрсетуге көп күш жұмсадық. Олардың арасында төңкерісшіл болуды сәнге айналдыруға тырыстық...”. Өкінішке қарай, осы ойдың сілемдері бүгінгі біздің қоғамнан да көрініп қалып жүр.
Ат мені!
Төңкеріс жасаудағы танымал тәсілдердің бірі – қолдан қантөгіс тудыру (Оған Ливияда, кешегі Украинада орын алған жайттарды мысал етуге болады). Арнайы дайындалған, қолдарына суық қару, жарылғыш қоспалар алған жанкештіге жетеқабыл жігіттер полицияны күш қолдануға итермелейді. Полиция шеп құрады, қорғанады, шегінеді; бірақ оның міндеті бүліктің таралмауын қадағалау. Сөйтіп қақтығыс орын алады. Қақтығыс нәтижесінде сөзсіз адамдар жарақаттанады, кісі шығыны болады, артынша-ақ “диктаторлық режимнің бейбіт халыққа оқ атқаны” туралы ақпарат күллі әлемді шарлап кетеді. Бұл – өзге елдің ішкі ісіне араласуға шара таппай, монтансып отырған “жанашыр жұрттардың” шаруаға кірісуіне жол ашады. 
Жалпы, кез-келген қарсылық акцияларында кісі шығынының болуы “демократиялық күштердің” басты армандарының бірі десек, қателеспейміз. Кісі өлімі – мемлекет басшысын диктатор деп танудың төте жолы, сондай-ақ мерзімі ескірмейтін (срок давности) айып. Түркиядағы 15 жасар Беркин Эльванның қазасын алайық. Бір жыл ілгергі оқыс оқиға қазір кәдеге асып, толқулардың тұтқасына айналып тұр. Дегенмен, әлгі қайғылы оқиға оппозиция көсемдерінің жүрегін езіп жіберіп, сол себепті алаңға адам жимағаны немесе Беркин марқұм кенеттен көөөп адамның есіне түсіп кетіп, бәрі бір мезетте алаңға келуге келіспегені анық. Тышқанның өлімінен мысықтар саяси ойын жасады деген осы.

Жанар Секербаева ©Voxpopuli.kz фото
Ақ көйлекті ару
Жұрт назарын аударып, дүрліктіріп, ұпай жию үшін қолданылуы мүмкін тәсілдердің бірі “ақ көйлекті ару” деп аталады. Ереуілшілер полициян шебімен жанаса қалған жағдайда, жедел арада алдыңғы қатарда ақ киімдегі жас қыздар пайда бола кетеді. Олардың қимылдарын арнайы камералар қалт жібермей қадағалап тұруы тиіс. Қалқанды жасақтар топты итеріп ығыстырған кезде қыздар да көптің арасында қысылып, тіпті тапталып, аянышты халге түсері анық. Нәзік қыздардың үрейге толы жүздері, қан жұққан аппақ көйлектері сол сәтте-ақ ғаламторды шарлап ала жөнеледі. Тура осылай болмағанымен, бізде де екі ғашықтың полицейлер фонындағы фотосы біраз жұрттың жасанды көз жасына себепкер болғаны, сары соткалы қыздың Тұмардың ізбасарына теңелгені кеше ғана.
Мұрат ЕСЖАН, (jaqsy.kz)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста