Алаштың ақпарат айдынында өзінің айшықты орнын тапқан «Алаш айнасы» республикалық газетінің бағындырған белестері, жеңісті һәм жемісті сәттері аз болған жоқ. Басшысы білікті басылымның мерейі үстем болары сөзсіз. Журналистикадағы 25 жылда телеарнаның тарланы, мерзімді басылым майталманы болып танылған газеттің бас редакторы Серік Жанболат Қазақстан журналистика академиясының академигі атанды.
Кеше Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев бастаған Валерий Жандәулетов, Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Паттеев, Самат Ибраим, Сергей Апарин сынды академиктер редакцияға арнайы келіп, басылымның бас редакторы Серік Жанболатқа академик төсбелгісін табыс етіп, ыстық лебіздерін білдірді. «Қазақ журналистикасында танымал, шоқтығы биік «Айқын» және «Алаш айнасы» газеті секілді қос басылымның алғашқы кірпішін қалап, аяғынан нық тұрғызып, кіл мықты журналистерден құралған шығармашылық ұжымды басқару бақыты Серік Жанболаттың бағына бұйырды. Секең осы бақытты бастан-аяқ баянды ете білді», – деген Сағымбай Қозыбаев оның отандық медиада мемлекетшілдік туын биік ұстап, қоғам қайраткері ретінде жаңашыл, креативті батыл қадамдар жасағанын атап өтті. «Жұлдыз» журналының бас редакторы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет ағамыз Серік Жанболаттың телеарна мен күнделікті басылымның жүгі мен жауапкершілігін тең ұстаған басшы ғана емес, сазгерлік, әншілік, бишілік қырын, ұлттық өнертану саласындағы және санадан мәні мен мағынасы ұмыт бола бастаған қазақтың ілкі салт-дәстүрлерін жаңғыртудағы ізденістері туралы айтып өтті.
Журналшы әулетінде туып-өскен Серік Жанболат университет қабырғасында жүргенде Қазақ теледидарының жастар редакциясында студенттердің «Ақиқат» пікірталас клубының тізгінін ұстады. «Хабар» агенттігі алғаш ашылған кезде «Сәлем, Қазақстан» таңғы ойын-сауық бағдарламасының продюсері болды. «Үш сұрақ», «Тайбурыл», «Жеті күн» ақпараттық-сараптамалық, «Көкпар» ток-шоу бағдарламаларын жүргізді, «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Үкілі үміт» байқауларын ұйымдастырды. Серік Жанболаттың қолтаңбасынан шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұқағали Мақатаев сынды Алаштың біртуар тұлғалары туралы деректі фильмдерді көрермен жылы қабылдады. Эстрада жұлдыздарының репертуарында Серік Жанболаттың ондаған әнінің орындалып жүргені оның көбіміз біле бермейтін әншілік пен сазгерлік қырын көрсетсе керек. Биыл «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы С.Жанболат ҚР Президентінің сыйлығына ие болды. Отандық журналистиканың Мұрат Әуезов, Серік Әбдірайымов, Ұлықбек Есдәулет, Владимир Рерих, Дариға Назарбаева, Сейдахмет Құттықадам сынды 50 ірі тұлғасы кіретін Қазақстан Журналистика академиясы құрамында Серік Жанболаттың академик атануы басылым үшін де үлкен мәртебе деп білеміз. Танымал журналист, публицист, мәдениет қайраткері Серік Жанболатқа ұжым атынан шығармашылық табыстар мен баянды бақыт тілейміз!
Журналистиканың телқоңыры академик атанды
Последние статьи автора