Мәжілісте заң жобасын таныстырған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов көлік жүргізу куәлігін алатын азаматтар үшін алғашқы көмек көрсету курсынан өтуді міндеттейтіні жөнінде айтып өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Көлік жүргізу куәлігін алу үшін алғашқы медициналық көмек курсынан өтіп, сертификат алуы қажет. Жүргізуші куәлігі тек содан кейін беріледі. Себебі, статистикаға көз жүгіртсек, жол апаты болған кезде, азаматтарымыздың 60 процентке жуығы алғашқы медициналық көмекке мұқтаж болады. Алайда, өкінішке қарай, қазір зардап шеккендерге жәрдем бере алатындар 3-5 проценттен аспайды", - деп түсіндірді Біртанов. Бұл жаңашылдық "Халық денсаулығы" туралы кодекстің жаңа редакциясында жазылған. Біртановтың сөзінше, стандартты курстар барлық өңірде жедел жәрдем стансалары, санитарлық авиация орталықтары және медициналық оқу орындары базасында ұйымдастырылған. Яғни, медициналық көмек дағдыларын меңгеріп, сертификат алуға болады.