Қазақ дәстүрінде үйге келген қонақ ырыс-құттың белгісі. Оған лайықты сый көрсетіп, жоралғысын беру парыз. Шығыс болмай, кіріс те болмайды деген ұғым осыдан қалған. Әртүрлі мерейтойларда, ас-жиындарда, мейрамда келген қонаққа кәде-сый беріп, ат мінгізіп, шапан жапқан. Қонақ ыстық ықыласымен айтқан алғысы, берген батасы міндетті түрде орындалып, сол шаңырақ бақ-береке толады деген сенім бар. Елімізде Наурыз мейрамы тойланып жатқан шақта Jusan-мен бірге қазақ халқының дәстүрлерін еске түсіріп келеміз. Бүгін 23 наурыз, халқымыздың ең мейірімді дәстүрлерінің бірі жоралғы беру жайлы сөз қозғаймыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология, этнология және мұражайтану кафедрасының профессоры Аманжол Қалыш жоралғы беру дәстүрі Қазақстанның барлық аймақтарында бар екенін айтады.
"Жоралғысыз жол болмайды"
"Жоралғыны еліміздің кей аймағында жол деп айтады. Әртүрлі бас қосуларда сыйлы, қимас адамға берілетін кәде сый. Қазір көбіне адам қайтыс болған кезде беріледі деген түсінік бар ғой. Бірақ олай емес. Мәселен, қыздың жасауын, қоржын, той-томалақ жасауға ағайын-туыс, көрші-қолаң қол ұшын беріп, жоралғысын жасап, "менің де отбасымда осындай той болсын", "той тойға ұлассын" деген тілектер айтылған", – дейді ол.
Ғалымның сөзінше, Наурыз мейрамында ат шаптырып, бәйге беріп, айтыс, күрес сынды ойын-сауық түрлерін ұйымдастырған. Бұл жарыстарға әр өңірден келген палуандар мен сал-cерілердің киімдері, ат-әбзелдері, алтын-күміс бұйымдары мен музыкалық аспаптарының барлығын халық алып берген. Өнерпаздың ел алдына жарқырап шығуы үшін жағдай жасау да жоралғының бір түрі.
"Өз кезегінде жарыста топ жарып шыққан азамат жеңіп алған сый-сияпатын үлкен адамның жолы деп беріп, халықтың, сол жердегі ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың батасын алады. Жоралғы алу кезінде дұрыс ниет ету, жөнді бата беру де маңызды. Бата – тек ұйқас сөздерді тізіп қана қою емес, өнерпаздың мерейін үстем ету, құдайдан жақсылық тілеу, халықты бірлік пен сыйластыққа шақыру жолы. Жоралғысыз жол, батасыз бақ болмайды", – дейді профессор.
Жоралғыдан батаның жүгі ауыр
Ғалымның сөзінше, жоралғыны кез келген адамға беріп, кез келген адамнан бата сұрамайды. Батаны аузының дуасы, сөзінің мәні, өзінің сыйы бар адам ғана бере алады.
"Жоралғыдан батаның жүгі ауыр. Себебі жоралғы материалдық дүние де, бата әлдеқайда терең, тәрбиелік мәні жоғары дәстүр. Қазіргідей зор денсаулық, ашық аспан емес, сонау ертеден келе жатқан ата-бабаны, бүгінгі азаматтың хәлін, оның ертеңгі ұрпағының алар тәлімін түзей кету керек. Мысалы, мен сізге бата берейін:
"Иә, Құдайым, жарылқа.
Жарылқа да қабыл ет,
18 мың ғаламның патшасы екен Сүлеймен
Омар, Оспан, Сыдыиқ бәріне медет тілеймін.
Мединада Мұхаммет, Түркістанда Қожа Ахмет,
Жетісуда Райымбек, Маңғыстауда бір Бекет,
362 әулие қолдасын, әрдайым сені оңдасын,
Жорытқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын,
Бүгін берген ағаңның Құдай саған несібесін бергізсін,
Нан мен суың арылмасын, дастарханың тарылмасын,
Жанған отың сөнбесін, үстіңе пәле төнбесін,
Асау қара баламыз, қабыл болсын батамыз", – дейді профессор.
Профессор Аманжол Қалыш дәл қазір ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртудың белең алып жатқанына қуанышты екенін айтады. Әсіресе сыйлық беретін дәстүрлерді ұлттық мейрамдар қарсаңында еске алу, жаңғырту мейрамның көркін кіргізіп, оны тойлауға, асыға күтуге себеп болатынын сенімді.
Сонымен, Жоралғы күні әрбір адам өзінің туған-туыс, ағайын-бауыр, жақындарына арнайы сыйлықтар тарту етіп, қуантуға асығады. Өйткені Ұлыстың ұлы күнінде сый-сияпатқа бөленген жан бұл әсерін ұмыта қоймас. Сыйлыққа ие болған адам да келесі жылғы Наурыз мерекесін күнін асыға күтіп, сізге амандық тілері анық. Келер жылы амандықпен қауышатын сәт туғанда сізге де қуаныш сыйлауға талпынады. Қазақ өзгенің көңілін табу арқылы өзіне қуаныш сыйлайтын халық. Айналаңызға қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйласаңыз баға жетпес бақыт екенін түсінесіз.
Наурыз мейрамының он күн тойлануы салт-дәстүрдің қазіргі заманмен сабақтастығының тамаша үлгісі. Мереке аясында Jusan әр күннің маңызы мен мәнін тағы бір рет түсіндіріп, бұл күні не істеу керегін әңгімелеп берді. Сонымен қатар ең дәмді шелпек пен Наурыз көженің рецептімен бөлісті. Осылайша Jusan мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің маңызын түсіну ұлттық құндылықтарды сақтап, жарқын болашаққа жетелейтінін еске салғысы келеді.