Жетісулықтар желпіндіріп қайтты

Жетісулықтар желпіндіріп қайтты

Алтын күннің арайлы шуағында тыныстап, азаттықта ғұмыр кешкенімізге биыл ширек ғасыр. Осынау ел болып аңсаған ұлы мерекеге орай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жақұт қала Астанада «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» тақырыбымен облыс­тардың күндерін өткізу белгіленген болатын. Аталған тапсырмаға сәйкес, қыркүйек пен қазан айларын қамтитын игі шараны алғашқы болып Сыр елі өткерді. Одан кейінгі кезек қасиетті мекенге тиді. Ерке Есілдің жағасындағы ару қалада «Жерұйық мекен – Жетісу» атты Алматы облысының күндері өтті.

Игі шараның алғашқы күні Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаевтың қатысуымен брифинг өтті. Онда Бақтияр Әлтайұлы:

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған Алматы облысының күндері аясында сіздермен жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Осы бір ширек ғасыр уақыт аралығында мемлекетіміз ғасырға бергісіз жетістіктерге қол жеткізді, – дей келе еліміздің толағай табыстарын, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар жұрт екенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, «Алматы облысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері. Бұл бізге мақтаныш әрі зор жауапкершілік жүктейді. Біз аймағымыздың әрдайым алдыңғы қатардан көрінуі мен басқаларға үлгі болатындай екпінді жұмыс істеуге ұмтыламыз», – деп облысымыздың экономикасы мен әл-ауқатына тоқталды.

Қасиетті мекен өзінің көп ұлттылығымен ерекшеленеді. Облысымызда 103 этнос өкілі өмір сүруде. Этномәдени орталықтар топтастырылып, Достық үйіне орналасқан. Олар ұлтаралық және қоғамдық келісімді нығайту бағытында жұмыс істеп келе жатқаны белгілі жайт. Жетісу әрқашан өзінің ерекше табиғатымен көрген жанның көзайымына айналған жер. Бізде өсетін апорттың өзі бүкіләлемнің назарын аударуда. Қазіргі кезде оған аса зор көңіл бөлінуде. Мәселен, биылдың өзінде 1865 гектердан астам бақ отырғызып, оның 23 гектарына алманың «Апорт» сорты егілді. Сондай-ақ, облысымыз туризмді өркендетуге қолайлы аймақ болғандықтан, бұл бағытта да біршама жұмыс атқарылғанын, облыс орталығы Талдықорған қаласында кескін-келбеті жарасқан сәулетті ғимараттардың көптеп бой көтергендігін, сонымен бірге өңірдің жайдарман жаңалықтары мен жақсылықтарын брифинг барысында Бақтияр Өнербаев толығыммен баян етті.

Бұқаралық ақпарат қызмет өкілдерімен өткен кездесу барысында Жетісу жерінің тыныс-тіршілігі мен мәдениеті жайлы көптеген сауал қойылып, тұшымды жауап қайтарылды.

ӨНЕРДІҢ ТАЛ БЕСІГІ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған игі шара ұлттық кітапханада жалғасын тапты. Онда облыс әкімінің қолдауымен шыққан «Жерұйық мекен – Жетісу» атты кітаптар көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі мен зиялы қауыммен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Аталмыш игі шараны облыстық мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев ашып, жүргізіп отырды.

Айта кетелік, жергілікті ақын-жазушылардың кітап көрмесіне 2006–2016 жылдары жарық көрген жинақтар қойылған. Кешегі Қабылиса мен Ескелді, Сүйінбай мен Жамбылдың, бергісі Мұқағали сынды дара тұлғаларды тудырған киелі мекен таланттарға кенде емес. Ғасыр сырғып, жылдар жылжыса да жақсылар легі жалғасады. Оған өнердің тал бесігі саналған Жетісудан жалындап шыққан жазушылардың том-том туындылары дәлел. Осы уақытқа дейін облыс әкімінің қолдауымен жергілікті 319 автордың кітабы жарыққа шыққан.

Аталмыш игі шараның тізгінін алған Ақан Жылқышыбайұлы:

– Құрметті ағайын! Ерке Есілдің жа­ғасында орын тепкен әсем қала Ас­тананың Ұлттық кітапханасында Ал­ма­ты облысының күндері аясында ұйым­дастырылған кітап көрмесінің ашы­лу салтанатына қош келдіңіздер! Биыл облыс әкімінің қолдауымен жер­гі­лікті ақын-жазушылар кітаптарының жа­рыққа шыққанына 10 жыл толып отыр. Айтулы шарамыз Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен ұштасуының өзін та­рихи сәт деуге болады, – дей келе жыл сайын оқырманға жол тартқан жаңа жинақтар арқылы, түрлі бастама көте­ріліп, игі шаралардың өтуімен облы­сымыз қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып жатқандығын тілге тиек етті.

Рухани шара барысында Ұлттық кі­тап­хананың директоры Үмітхан Мұңал­­баева сөз алып, облысымыздың ақын-жазушыларына деген пейілінің ерек­ше екендігін атап өтті. Сонымен қа­тар, он жыл бойы жарыққа шыққан кі­тап­тардың электронды нұсқасын Ұлт­тық кітап­ха­наға енгізетіндігін жеткізді. Атал­мыш ша­ра барысында Роллан Сей­сен­баев, Бигелді Ғабдуллин, Смағұл Елубай, Жұ­мабай Шаштайұлы, Алмахан Кен­же­бекова, Жанат Елшібек сынды бірқатар зиялы қауым жергілікті қалам­герлер жайлы оң пікірін ортаға салып, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр­ған об­лыс әкімі Амандық Баталовқа деген шек­сіз алғыстарын жаудырды. Сонымен қа­тар, Қадыр Әлімқұлов, Ба­қытжан Тобая­қов сынды ақындар туған жерге деген ма­хаббатын жыр жол­дары­мен білдірсе, Райхан Мәжен­қызы, Несіп Жүнісбайұлы сынды таны­мал тұл­ға­ла­рымыз Жетісуда туғанын мақтан ететінін жет­кізді.

Киелі мекеннен өсіп-өнген қалам­герлердің қазақ әдебиетіне қосқан еңбегі ерен. Бұл жайлы толғанған зиялы қауым қазақ шығармаларының ағылшын тіліне аударылуы әлемге ашылған есік деп біледі. Осы жағынан ой толғаған «Қазақ ПЕН» клубының президенті, белгілі жазушы-журналист Бигелді Ғабдуллин:

– Бүгінгі талап бойынша әлем елдері шығармаңды оқу үшін кітабың ағылшын тілінде жарық көруі қажет. Ал бұл талап­ты орындамасаң, өзге ел сені жазушы не ақын деп қабылдамайды. Осы жағынан біз ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз деп айта аламын. Бір қуантарлығы Алма­ты облысы дарындыларын даралаудан көш басында тұр. Бір ғана мысал облыс әкі­мі Амандық Баталовтың қолдауымен АҚШ-та Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы мен Мұқағали Ма­қатаевтың кітабы жарық көрді. Жыл сайын жарыққа шығып жатқан жергілікті қа­ламгерлердің жинағын айтпағанда, мұ­ның өзі ел басқарған азаматтың өнерге де­ген жанашырлығы деп білемін, – дей келе бас­шысы өнерді қолдаған мекеннің елі де да­рынды һәм жалынды келетінін атап өт­ті.

Өнердің тал бесігі саналған жетісу­лықтардың айтулы күніне орай ұйым­дас­тыр­ған игі шарадан кейін зиялы қауым мен ресми делегация Қазақстан Респуб­ли­ка­сы, Ұлттық музейіне жол тартты.

 

ҚУАНЫШҚА КЕНЕЛГЕН КӨРЕРМЕН

Киелі топырақтың астынан қазақ халқының мыңжылдықтан бері сақталған жәдігерлері аршы­лып, әлем елін таңдандыруда. Сол қатарда Есік қаласынан табылған «Алтын Адамды» ерекше атап өту­ге болады. Қойнауы құт, қазба­сы қазыналы болған облы­сы­мыз­дың күндері аясында ұйымдас­тырыл­ған «Алтын Адам мекені» атты көрме Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы мен Жамбыл Жабаевтың 170 жыл­дық мерейтойына орай безен­ді­рі­ліп, көрерменнің назарына ұсы­ныл­ды.

Көрмеге облыстық көркем­су­рет галереясы, М. Тынышпаев атын­­дағы тарихи-өлкетану музейі, соны­мен қатар аудандық мұра­жайлардан алын­ған құнды экспо­наттар қойылды. Облыс аумағында жүргізілген қазба жұмыстары ба­ры­сында табылған мұралар, ба­тыр­лардың қару-жарағы мен сау­ыт-сайманы, Қарқара жәрмеңке­сіндегі тұрмыстық бұйымдар, Сүйін­бай мен Жамбыл, Шоқан Уәли­ха­новтың кесе­не­лерінің және Жар­кент ме­шітінің макеті, картиналар да көрменің сәнін кіргіз­ген­дей. Жалпы айтқанда көр­меге 241 му­зей­ден алынған экспонат пен 378 картина қойылды.

Айта кетелік, алғашқы болып көрмені облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнер­баев және бірқатар зиялы қауым ара­лап шықты. Көне ғасырлардан сыр шер­тетін, бабалар өмірінің жарқын тұста­рын көз алдымызға алып келетін туындылар аста­налық тұрғындар мен музей қыз­мет­керлерін таңдандырды. Мәсе­лен, ұлт­тық музейдің қызметкері Біржан Әб­ді­қа­ли:

– Біздің назарымызға Алматы об­лысының эспонаттары ұсы­ны­лу­да. Музей қазынасы өте жақсы. Тіпті, осын­дай бай жедігерлер бір ғана облыс­тан табылуы таңда­нар­лық дүние десем артық айтқаным емес. Ке­шегі қазақ қоғамында өзіндік тұ­ғы­рын сайлаған бабалар кесе­не­сінің өзі ерекше күйге бө­леді. Ал жыр алыбы Жамбыл Жа­баев­тың экс­понаттары жеке басы­ма қуа­ныш сыйлады. Бабадан қалған жәдігерлерді көрерменге таныс­тырған өзінің немересі Сал­танат Жа­баеваның болғанынан да шы­ғар, – дей келе алыптар мен ар­да аза­маттар туған жерден келген құн­ды мұралар барша көрер­мен­дердің таң­данысын тудырып жат­қанын нық сенім­мен айта ала­ты­нын жеткізді.

Шежіреден сыр шертер, тарих­қа ой жетелетер жәдігерлерді асық­­­­пай тама­шалаған аста­на­лық­тар көрмені ұйым­дастырушыларға деген шексіз алғы­сын жаудырды.

Айтулы дүрмек жастар театрында об­лыстық Б. Римова атындағы драма теат­ры­­ның «Керей-Жәнібек» қойылы­мымен жал­ғасын тапты.

Театр шымылдығы түрілмес бұрын сахнаға көтерілген Б. Римова атындағы дра­ма театрының директоры Ғалия Темір­бае­ва мен облыстық мәдениет, мұрағаттар жә­не құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев астаналық көрерменге же­тісулық жұрттың ыстық сәлемін жет­кіз­ді.

Думан Рамазанның қарымды қаламы­нан туындаған «Керей-Жәнібек» пьеса­сы өзбек ханы Әбілхайырдан бөлініп шыққан қазақтың жеке хандық құрған дәуірінен сыр шертеді. Айбарлы бабалар қалың елдің соңынан ертіп, дербес мем­лекет болуды ойламағанда кешегі Қазақ хан­дығының 550 жылдығын тойламас едік-ау. Міне, осындай мерейлі шақты мере­ке­де сахналаған театр ұжымы қойы­лымды асқан шеберлікпен қоя білді. Керейдің рөлін ойнаған Сағындық Жұма­діл мен Жәнібек сұлтанды сомдаған Ер­кебұлан Айдымбаев сынды актерлар өнеріміздің өрде екенін тағы бір мәрте де­лелдеді.

Сонымен қатар, Асанқайғы мен Жи­рен­шенің, қара қыпшақ Қобыландының және басқа тұлғалардың рөлін сомдаған сахна саңлақтары ел ықыласына бөленіп, көрерменнің алғысын арқалады.

 

ӘКІМДЕР ЖҮЗДЕСТІ

Игі шараның екінші күні Астана қала­сының әкімі Әсет Исекешов облыс бас­шы­сы Амандық Баталов бастаған де­ле­га­цияны қабылдады.

Бас қаланың басшысы Әсет Исе­ке­шов:

– Құрметті Амандық Ғаббасұлы және қадірменді қонақтар! Ең алдымен ару қала Астанаға қош келдіңіздер дегім келеді. Ұйымдастырып отырған жәр­меңке мен елордалықтарға дайындаған концерттік бағдарламаларыңыз үшін сіздерге алғысым шексіз, – дей келе Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүр­гізіп отырған сарабдал саясатының ар­қа­сында еліміз дамып, тәуелсіздігіміз нығая түскенін, ширек ғасырға жеткен ұлы ме­ре­кеге орай Астана қаласында облыс күн­де­рінің өтіп жатқанын және бұл игі ша­раның мақсаты тәуелсіздік жыл­да­ры жеткен жетістіктерімізді көрсету, өңірлер арасындағы байланысты жақ­сарту екен­дігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Ас­тана қаласы мен Алматы облысы ауыл­шаруашылығы, мәдениет, туризм, спорт, сауда, экономикасы жөнінен өз әріптестігі бар және үнемі тәжірибе алмасып тұра­тын аймақ екенін атап өтті.

Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов:

– Құрметті Әсет Өрентайұлы, қадір­менді әріптестер! Облысымыздың мәде­ниет күндерін өткізуге атсалысып, қызмет, құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз, – дей келе Жетісу жері­нің лауазымды тұлғалары мен өнер­паз­да­рын, қазақтың абыройын спортпен ас­қақ­татып жүрген жерлестерімізді, со­нымен қатар, игі шараға атсалысуға кел­ген басқа да өнер ұжымдарын, кәсіп­кер­лер мен аудан әкімдерін таныстырып өт­ті.

Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы «Жетісу – өнердің талбесігі. Батырлар мен ақындардың елі. Кешегі Қарасай мен Қабанбай, Сүйінбай мен Жамбылды ту­дырған киелі мекен», – деген жалынды сө­зінен кейін облыс күні аясында өтетін іс шараларды, ондағы өнерпаздардың қой­ған концерті мен жәрмеңкеге шыға­рылған экологиялық жағынан таза, әрі бағасы ба­зар­дан әлдеқайда арзан азық-түлік елор­да­лықтарды қуантатынына сенім біл­дір­ді.

Кездесу барысында Астана қала­сы­ның әкімі мен облыс әкімі бір-біріне тар­ту-таралғы жасап, ризашылықтарын жет­кізді.

Ресми қабылдаудан кейін ел қалау­лы­лары қала төрінен орын тепкен Жам­был Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқ­та­рын қою рәсімін өткізді.

 

ЕЛОРДАЛЫҚТАРҒА ТАРТУ

Бабаға құрмет көрсеткен Амандық Баталов бастаған делегация мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов Оқу­шылар сарайы жанындағы ауылшаруа­шылық өнімдерінің жәрмеңкесіне келді.

Жәрмеңкеге облыстың он алты ауда­ны мен үш қаласы және «Жетісу» ӘКК»­ҰҚ» акционерлік қоғамы қатысты. Жал­пы көлемі 340 тоннадан астам азық-түліктің отыз сегізден астам түрін жет­кізу жос­пар­ланғанымен де, көліктердің жол­дан қо­сылуына орай одан да жоғары ме­жеде азық-түлік жеткізілді. Алайда бекітілген сызба бойынша әр аудан мен қалаға ұзындығы 16 метрден орын бе­ріл­ді.

Ауылшаруашылық жәрмеңкесіндегі азық-түліктің бағасы қаладағы бөлшек сауда бағасынан 15-20 пайыз төмен, әрі экологиялық жағынан таза болғандықтан тұтынушылардың қарасы әлдеқайда қа­лың болды.

Бас шаһар әкімі Ә. Исекешов пен об­лыс басшысы Амандық Ғаббасұлы ас­та­налықтар мен Жетісу жерінен жеткен ең­беккерлердің қызу саудасын бақылап, жәрмеңкеге тартылған азық-түліктерді аралап көрді. Мәселен, Алакөл ауданы­ның балығы, Алматының апорты, Райым­бек пен Кербұлақ ауданының картобы, Панфилов ауданының асқабағы сынды өзге өңірлерден жеткен көкөністердің бар­лық түрі сатылым жоспарынан әлде­қай­да жоғары көрсеткішті көрсетті. Бұл жа­ғынан келгенде тұтынушылардың об­лыс өніміне деген ризашылығын атап кетпей болмас.

Облыстық ауылшаруашылығы бас­қар­масының басшысы Сексембай Бе­кішов:

– Біз әкелген өнімдердің сапалы, қала бағасынан әлдеқайда төмен екенін тұ­тыну­шылардың жадыраған жүзінен, қап-қап қылып арқалап бара жатқан көрі­нісінен байқауларыңызға болады. Жер­гілікті тұтынушылардың ойынан шыққан жәрмеңке өнімі молшылығымен де ерек­шеленгендей. Негізінде жоспарлағаннан да көп азық-түлік жеткізілді, – дей келе өнімінің көп бөлігі сатылып үлгергенін де атап өтті.

 

ӨР ЕЛДІҢ ӨНЕРІ

ТӘНТІ ЕТТІ

Айтулы шара Конгресс-холда өткен мерекелік концертпен жалғасын тапты. Өнерге шөліркеп келген астаналықтар ең әуелі фойеде ұйымдастырылған «Тал­дықорған – кеше, бүгін, ертең» атты көр­мені тамашалады. Мұнда облысы­мыз­дағы зауыттар мен шаруа қожа­лықтарда өндірілетін өнімдердің түрлері мен кә­сіп­керлік мекемелер туралы ақпараттар көрсетілген.

Игі шара барысында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев көрме жұмыстарын ұйымдастырған кәсіпкерлік мекемелерді атқарған еңбектері үшін арнайы дипломмен марапаттады. Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы бастаған жетісулықтар мен Астана жұрты көрме жұмысы аяқталысымен Ұлы Дала әні әуелей түсті.

Конгресс-холда өткен концерттің шымылдығы Сүйінбай атындағы филар­мо­ния әншілерінің «Ән-шашуы­мен» ашылды. Қазақ сахарасын әдемі әуез, әсер­лі сөзімен тербеген «Қалқа», «Көк­шолақ», «Нұр-аға» әндері көпшілікті бір­ден баурап алды. Құйқылжытып, құбыл­жы­тып орындалған туындыларды Құ­лан­саз фольклорлық-этнографиялық ан­сам­блі мен Талдықорған әуендері ан­сам­блі­нің әншілері де шарықтау шегі­не жет­кізді. Ал халықаралық байқауларда қан­жығасын майлап қайтып жүрген «Ал­ты­най» фольклорлық-этног­рафия­лық би ансамблінің өнерпаздары Ұлы Дала тө­сін­де желмен тербелген қамыс, жағаны ұр­ған толқын, бірде қалықтаған қыранды көз алдыңа алып келгендей болып, қалың жұрт­тың жүрегін толқы­тып, ерекше әсерге бөледі.

Концерттің шарықтау шегі дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаевтың орындауындағы Жамбыл ақынның «Ақындарға арнау» әні­нен кейін орын алды. Сахнаға көте­рілген М. Төлебаев атындағы ұлт-аспап­тар оркестрі белгілі композитор Әли Ал­пыс­баевтың сүйемелдеуімен «Шашу» туын­­дысын орындап, Жетісу өнерін аң­сап келген астаналықтардың көңілін көк­жиекпен астастырды. Одан кейін де сәт-сәтімен орындалған «Орбұлақ таңы», «Біржан-Сара» операсы сынды үлкен шығармалар жанды баурап, күй құді­ре­тіне еріксіз табындырғандай.

Сонымен қатар аталмыш оркестірдің сүйемелдеуімен Италия әндері мен «Қа­зақ елі» атты опералық ән асқақтап, ке­мең­гер елдің мәртебесін асқақтатар бек­зат өнер өкілдерінің концерті «Мәң­гілік Ел» туындысымен мәресіне жетті. Кешті тамашалаған қисапсыз халық Жетісу жай­саңдарының өнеріне тік тұрып риза­шы­лығын жеткізді. Сондай-ақ, концерт соңында облыс әкімі Аман­дық Баталов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исе­ке­шовтың ықылас гүлі табыс етілді.

Күллі қазақтың мақтанышына айналған ару қалаға Жетісу керуенінің келуі елордалықтардың мерейін өсірді. Үш күнге созылған дүрмек барысында Астана қаласы мен облысымыз рухани байланысты нығайтып, экономи­калық, сауда-саттық, туризм, спорт пен мәдени ынтымақтастық орнатты. Осыдан оншақты жыл бұрын алғаш рет Алматы облысында ұйым­дас­тырылған мәдениет күндері ел көлемінде тойланып жатуының өзі үлкен қуа­ныш. Ал бас шаһар тұрғындарының киелі өңірдің өнері мен өрендеріне деген ризашылығының мол болуы Жетісу өнерпаздарын қанаттандырып, Астанаға деген ыстық сезімдерінің өрілуіне себепші болғаны сөзсіз. 

zhetysu-gazeti.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста