Астана қаласында Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығында Ресей Федерациясының профессоры В.Е.Радзинскийдің қатысуымен «Жедел акушерлік жағдай кезінде жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетудің қазіргі заманғы әдістері» атты семинар өтті.
«Аяла» Қоры ұйымдастырған шараға Жетісу облысының бірқатар мамандары қатысты. Ана мен бала денсаулығын сақтауға қатысты өзекті мәселелер көтерілген семинар барысында жетекші акушер-гинекологтар өз біліктіліктерімен бөлісті.
- Біз бұл семинарға арнайы білімдерімізді жетілдіруге келдік. Өйткені жұмыс барысында түрлі қиындықтар туындайды. Сол қиындықтарды шешу үшін қалай әрекет ету керек деген сұрақтарымызға жауап алдық. Атап айтқанда, босану кезеңінде қан кетуді тоқтату жолдарын талқыладық. Бұл семинардың ерекшелігі мамандар лекция оқумен қатар тәжірибе жүзінде, яғни, арнайы манекендерде көрсетті. Енді осы алған білімдерімізбен Жетісу өңірінің басқа да акушер–гинекологтарымен бөлісетін боламыз, - деді Панфилов ауданаралық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Айгерим Мураткызы.
Сонымен қатар, Жетісу облысындағы медициналық мекемелердің акушер-гинеколог дәрігерлері оқыту семинарына онлайн режимінде де қатысты. Семинар барысында Медицина ғылымдарының докторы, профессор, "University Medical Center"КҚ әйелдер денсаулығы департаментінің директоры Бапаева Гаури Биллаханқызы және аталған департаменттің жоғары тәуекел тобындағы жүкті әйелдерді босандыру бағдарламасының меңгерушісі Сайдильдина Ләззат Лаулекқызы әйел мен ана денсаулығына қатысты маңызды тақырыптар бойынша лекция оқыды.
Дәрігерлер өз тарапынан семинарды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Жетісу облысының дәрігерлері жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетудің қазіргі заманғы әдістері бойынша біліктіліктерін арттырды
Последние статьи автора