ҚР Мемлекеттік орталық музейі 2023 жылдың 30 мамыры күні Алматы қаласы Білім Басқармасының «№4 арнайы мектеп-интернаты» КММ оқушыларына арналған «Жеті қазына» жылжымалы мүсіндер көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге қойылған мүсіндерді О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің оқытушылары мен студенттері ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнап арнайы технологияның көмегімен жасаған.
Көрменің мақсаты:ерекше білім беруді қажет ететін балалардың таным-түсінігін кеңейтіп, Қазақстанның мәдени құндылықтарымен таныстыру. Сондай-ақ «экспонат» турасындағы түсініктерін қалыптастыра отырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға серпін беру.
Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы ашып, көрмеге қойылған әрбір жәдігердің құндылығын балаларға өзі түсіндірді. 80-нен астам бала тамашалаған көрмеде оқушылар жылқы, қыран бүркіт, құмай тазы, мылтық, алмас кездік, ау-жылым, қара қақпанмен танысып, аудио сүйемелдеумен жануарлардың дыбыстарын естіді. Сондай-ақ Брайль қарпімен берілген сипаттамасын мұқият оқып, мүсіндер бойынша толық мағлұмат алды.
Көшпенділердің жеті қазынасының тізімі филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі антропология және этнология бөлімінің бас ғылыми қызметкері Уәли Нұргелді Мақажанұлының нұсқасы бойынша берілген.
Көрме аясында мектеп оқушылары «Қазақтың ұлттық ою-өрнек өнері» атты музей сабағына қатысты. Оқушыларға қазақ халқының мәдениетіндегі аң стилі туралы мағлұмат беріліп, түрлі-түст ою-өрнек түрлерімен танысты.
«Жеті қазына» жылжымалы мүсіндер көрмесі ұйымдастырылды
Последние статьи автора