Алматыдағы жекешелендірілген жатақханалар өрт қауіпсіздігі талаптарына мүлдем сай келмейді. Сол себепті мұндай баспаналарда қауіп-қатер көп. Жатақханалардың жайын ойлауға тұрғындардың өздері де, жергілікті билік те асығар емес. Күні кеше осындай ғимараттардың бірінде тағы да қайғылы төтенше оқиға болды.
Д.Қонаев көшесіндегі №25 үйден өрт шығып, екі бүлдіршіннің өмірі қиылды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, қаңтардың 16-сы күні түстен кейін жатақхананың бесінші қабатындағы бөлменің иесі есікті сыртынан құлыптап, екі баласын үйде қалдырып кетеді. Осы уақытта, қандай себептен екені әзірше белгісіз, диван өртенеді. Бабаевтардың қуықтай тар бөлмесінде қайда қашып құтыларын білмеген 3 және 7 жастағы екі бүлдіршін түтіннен уланып, сол жерде тіл тартпай кеткен. Сәуір айында да Алматыда жекешелендірілген жатақханалардың бірі өртенген еді. Сол кезде жалынның күшейгені соншалық, оттан қашуға ұмтылған тұрғындардың әрекетінен түк шықпады. Жоғары қабатта жіпсіз байланғандарды өртсөндірушілер кранмен алып түскен. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, өртке бөлмеде газ балондарының жарылуы себеп болған. Міне, дәл осындай жағдай қала жатақханаларында жиі қайталанады. Дегенмен қанша қайғы көріп отырса да, қайғылы жағдайлардың алдын алуға тұрғындардың өздері де, жергілікті билік те асығар емес. Алматыда 80-ге жуық жатақхана бар екен. Олардың шамамен 20-ға жуығы жекешелендірілген.
Гүлшат ДӘУРЕНБЕКОВА, Алматы қаласы төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы:
– Жекешелендірілген жатақханалардың басым көпшілігі бұрынғы жылдары салынған. Сондықтан оларда қауіпсіздік шаралары дұрыс сақталмайды. Мәселен, онда өртті өшіруге арналған, электр тогының қауіпсіздігін сақтайтын арнайы құрылғылар жоқ. Тұрғындар да оған бей-жай қарайды. Мұның бір себебі, бөлмелерді адамдар көп жағдайда жалға алып тұрады. Өздері қалт-құлт етіп күн көріп отырған тұрғындар қауіпсіздік жағдайларын жасауға қайдан ақша шығара қойсын? Біз ондай жатақханаға бірден тексеру жүргізе алмаймыз. Ол үшін прокуратураның рұқсат қағазы керек. Ал қазіргі салынып жатқан жатақханаларға, тұрғын үйлерге оң баға беруге болады.
Елнұр БИСЕМБАЕВ, республикалық «Болашақ» қозғалысы жастар қанатының жетекшісі:
– Біз қаладағы бірнеше жатақханаға тексеру жүргіздік. Нәтижесінде көптеген жатақхананың қауіпсіздік талаптарын сақтамайтынына көз жеткіздік. Мәселен, адамдар бір бөлмеде тамақ жасай береді. Негізінен, тамақ жасайтын орын ортақ және бөлек болуы керек. Мұның барлығы өрттің жағдайын күшейтіп тұр.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА, жатақхана тұрғыны:
– Жатақханалардың ішкі жағдайын айтпағанда, сыртқы келбетінің өзі ондағы жағдайдың қаншалықты мүшкіл екенін айқындап береді. Кейбір жатақханалардың есік-терезелері алқа-салқа болып тұратын болса, ендігілерінің кіреберісінен бастап қоқыстарға көміліп жатады. Шашылып жатқан ішімдік бөтелкелері мен темекі қораптарын былай қойғанда, тұрғындар үйден шыққан қоқыстарды сыртқа төгуге ерініп, дәлізге тастап кете береді. Қазіргі таңда мұндай жағдай гигиена жағынан тұрғындарға зор қауіп төндіруде.
Жекешелендірілген жатақханаларды қауіп-қатер торып жүр
Последние статьи автора