Қазіргінің оқушылары білер-білмес, бұрынғы пионерлер үшін күн көсемнің туған күнінің бір пайдасы болушы еді. Сол күні сенбілікке шығып, бүкіл ағаш біткенді жарты метрден биіктеу етіп ақтап шығатын. Әрі әдемі көрінеді, әрі содан да болар, құрт-құмырсқадан аман болған ағаштар қаншама жылға дейін жайқалып өсіп тұратын. Бүгінде сенбілік деген атымен жоқ. Анда-санда «жасотандықтар» ұрандатып жүріп оқушыларды тазалыққа жапқандай болады. Онда да ара-тұра. Болмаса ол да жоқ. Күтімнің болмауынан құрт-құмырсқаға таланған ағаштар жапырағынан айырылып, сарғайып тұрғаны. Соңғы жылдары ағаш біткенге аты да, заты да белгісіз бір жәндіктер үйір болып алды.
Оңтүстіктегі Төлеби ауданына қарасты ауылдардағы ағайынның айтуынша, бір-екі жылдық жас ағаштарына түскен майда құрттар жапырағын жалмап жеп болған соң өзегіне түседі екен. Түгін қоймаған соң ақыры ішінен шіріп, құлайтын көрінеді. Бұрынғыдай күтім жасайтын белгіленген мамандар да жоқ. Әйтеуір, білетіндерден сұрап дәрі шашқанмен пайда жоқ сияқты. Ұзынарық ауылының тұрғыны Сержан Жұмағұлұлының айтуынша, колорадо құрты сияқты жылдам көбейетін әлгі ағаштың жаулары тіптен бой бермей бара жатқан көрінеді. «Құрттарға тосқауыл қоймасақ, айналдырған екі-үш жылдың ішінде бәрі отынға айналып кетпесіне кепілдік жоқ», – дейді. Расында, ауыл-аймақта бүгінде тал-терек еккенмен, пайда жоқ. Бәрі бауырымен жорғалаушыларға жем болуда. Алыстан жасыл желекті болып көрінгенімен, жапырағынан тоналып, шұрқ-тесік болған ағаштар сарғайып кеткен. Бұл мәселе тек оңтүстікке ғана тән емес. Көрші елдерде де осы кеп. Биыл Бішкекте ағаш жапырағын жеп, емін-еркін сайран салған құрттар 180 мыңнан астам ағашты жарамсыз етіп тастапты. Мамандардың айтуынша, жылына екі-үш рет әрлеп тұру қажет екен. Алайда бұл жұмыстың атқарылмағанына да біраз уақыт өткен. «Зеленострой» мекемесінің өсімдік бөлімінің шебері Людмила Гороховадская ағаштардың тұқымын тұздай құртатын құрттардың жеті жыл бұрын пайда болғанын айтады.
Емендерді құрттан тазарту үшін арнайы көлікпен дәрі шашу қажет екен, алайда оларды шегірткелермен күресуге басқа жаққа жіберген. Өсімдіктерді химиялық тазалаудан өткізу үшін тиісті органдарға да хабарлаған. 20 жылдан бері ағаштарға өңдеу жүргізілмеген. Әзірге жапырақ жұтқыш құрттар тек емен ағашына ғана «ынтық» көрінеді. Басқа ағаштарға әлі ауыз салмапты. Дегенмен мамандар өңдеу жұмыстары жүргізілмесе, басқа ағаштарға да ойран салуы мүмкін екенін айтуда. Бұл құрттар рекордтық көрсеткішпен балалайды екен. 60-70-ке дейін жұмыртқалайтын көрінеді. Оны экологиялық зардапқа балаған зеленостройлықтар дәл осылай жалғаса берсе, Бішкек бір талсыз қалуы мүмкін екендігін айтып отыр. Біздің елімізде де жағдай мақтанарлықтай емес. Ақтөбе қаласына да жапырақ жегіш құрттар «жауғанға» ұқсайды. Олардың әртүрлі жолмен көрші елдерден асып келуі де мүмкін ғой. Алақанат қоңыздар жас ағаштарды жапырағынан жұрдай қылған. Құйттай ғана құрттар көк өскіндерге жаудай тиюде. «Әктелмеген, өңделмеген ағаштарда құрттар тез өсіп-өнуде. Сөйтіп, бүкіл қалаға таралып кетті», – дейді Ақтөбе облыстық «Фитосанитария» мекемесі филиалының маманы Ғизатулла Ерменов. Фитосанитарлар жапырақ жеп есірген қаскөйлер, осылай жалғаса берсе, қаладағы бүкіл ағашты құртуы мүмкін деп отыр. Тіпті ондаған жылдар тұрған қарағаштардың да құрып кету қаупі бар. Мамандар жапырақ жегіштерді екі жыл бұрын байқаған. Сол кезде бюджетте дағдарысқа байланысты қаржы жоқ деп құтылған екен шенеуніктер. Дағдарыстың дауылынан аман-есен шыққанымен, әлі де естерін жинай алмай жүрме – ақтөбелік шенеуніктер ағаш біткенге мойын бұруға мұршасы жоқ көрінеді. Тек мамандар ғана дабыл қаққанымен, жартастан жаңғырық шығар түрі жоқ. Бір қала ғана емес, ағаштардың өзегін жеп, баудай түсіріп жатқан құрттардың өзге қалаларды да «жаулап» алмасына кепілдік жоқ. Шегірткемен күресеміз. Жылда миллиондаған ақша бөлініп, секіргіш жәндіктермен айқасамыз келіп. Ал қаланың ауасын тазартып тұратын, өкпеміз іспетті ағаштарға келгенде қыруар қаржы қысыр қалған сиырдай болатыны несі?!.
Толқын ЕСЕНОВА, агроном:
– Соңғы әлетте ғалымдарымызға да бір жұмыс табылған сықылды. Ағашқа түсетін белгісіз жәндікті зерттеп, көзін жоюдың амалын қарастырса болар еді. Жеміс-жидекке, қауын-қарбызға түсетін құрттар бір бөлек те, жапырақ жегіш құрттардың ұсқыны тіптен бөлек. Одан бір ғана дәрі шашумен құтыла алмаймыз. Ол үшін бүкіл қаладағы ағаш біткеннің бәрін дәрілеп шығу керек.
Жапырақ жегіштер жайпап барады
Последние статьи автора