Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы коррупцияға қарсы қатаң және аяусыз күресті күшейтуді тапсырды. Жуырда орын алған оқиғалар бұл індетті жою үшін нақты әрі жүйелі шаралар қажет екенін көрсетті. Осыған орай, Мемлекет басшысы 2 ақпанда Жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа концепциясын бекітті. Құжат коррупцияның себептерін жоюға, жемқорлыққа деген парадигманы өзгертуге, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгін қаралатын заң жобасының негізгі ережелері осы Концепциядан бастау алады», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша, заң жобасымен 11 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 Кодекске және 8 заңға түзету көзделген. Агенттік басшысы азаматтардың шығындары заңды табысынан негізсіз асып кеткенде қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді.
«Біріншісі – заңсыз баюға жауаптылық қарастыру. Ұсынылып отырған норма – жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінің негізгі іргетасы деп атауға болады. Өйткені, жасыратыны жоқ, коррупцияның арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріне мәлім. Ал, осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сондықтан, азаматтардың шығындары заңды табысынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылдау қажет», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.
Осыған байланысты, қолданыстағы заңнамада көзделген 10 пайыздық жеке табыс салығынан басқа, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Атап айтқанда, шенеуніктердің шығыстары мен табыстарының айырмашылығы 1000 айлық көрсеткіштен асып түссе фискалдық санкция қаралады. Яғни айырмашылық сомасының 90 пайызы әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді. Дегенмен әрбір жағдайда шығындардың заңдылығын түсіндіруге бәріне мүмкіндік беріледі. Ал егер сол айырмашылық жылдық табыстан асып жатса және оның қайдан шыққанын түсіндіре алмаса, мансаптық жаза қаралады. Ол дегеніміз - мемлекеттік қызметтен үш жылға теріс себептермен босатылады.
«Жалпы, негізсіз баюға жауапкершілік енгізу – декларацияның қисынды жалғасы. Өздеріңіз білесіз, декларация тапсыру мерзімі кезеңдерге бөлінген.
Бірінші кезеңде – мемлекеттік қызметшілер. Олар былтыр кірістерін көрсетті. Енді табыстары мен шығыстарын салыстыру басталады.
Екінші кезеңде – 2023-2024 жылдар: мемлекеттік мекемелер мен квазисектордың қызметкерлері.
Үшінші кезеңде – 2024-2025 жылдар: заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары. Соңғы кезең – 2025-2026 жылдары декларацияны қалған азаматттардың барлығы тапсырады. Содан кейін ғана барша халықтың активтері мен мүлкі туралы белгілі болады. Жауаптылық туралы норма қолданысқа енеді», - деді М. Ахметжанов.