Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында жаңадан диализдік зал ашылып, бүйрегі ауыратын науқастарға арналған жаңа 10 аппарат сатып алынған болатын.
Шведтік Gambro аппаратының ерекшелігі аз емес. Онда барлық аппарат бір ақпараттық жүйе арқылы біріктіріледі. Сонымен бірге дәрігердің кез келген аппаратқа нұсқаулықты компьютер арқылы қоюға мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ бұл аппараттың диализ кезінде қан қысымын, жүрек соғысының жиілігін, гемоглобиннің деңгейін және өзге де науқасқа қажетті өмірлік маңызы бар көрсеткіштерді өлшеп отыратын модульдері бар. Егер де емделушінің ағзасында қандай да бір өзгеріс болса, аппарат дереу тіркеп, компьютерге жіберіп отырады. Аппараттың тағы бір артықшылығы – емделушінің жеке картасын құрастыруға мүмкіндік беретіндігінде. Оны дәрігерлер чип деп атайды. Бұл кәдімгі пластик карта секілді. Сонда науқас туралы барлық мәлімет енгізіледі.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл өте ыңғайлы. Кез келген басқа қалада болған жағдайда науқас сол картасын ұсынып, гемодиализ өте алады. Гемодиализ құрылғысы бес жыл сайын жаңарып отырады. Биыл бұл аппаратты аурухана 50 млн теңгеге сатып алған.
Салтанат САРИЕВА, облыстық клиникалық аурухананың дәрігер-нефрологы:
– Бізде 15 жылдан астам уақыт жасанды бүйрекпен өмір сүріп келе жатқан науқастар да бар. Қандай да бір ауруға қарсы тұруда олардың бүйректерінің шамасы келмейді де, бүйректің созылмалы жетіспеушілігі пайда болады. Сондықтан олар үнемі гемодиализден өтіп отыруы тиіс. Бүгінгі таңда облыста мұндай науқастар саны – 231.
Жаңа аппараттың жаңалығы көп
Последние статьи автора