17 адамның өлімі 4 сарбаздың мойнына артылуы мүмкін. Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысқа бірнеше жауынгер айыпталып жатыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамауға алған, деп хабарлайды Stan.kz арнасы.
Ал күдіктілердің жақындары жоғары лауазымды әскерилер өздерін ақтап алу үшін бар кінәні жауынгерлерге жаба салды деп санайды.
Шымкенттің тумасы Әсет Әшірбай Құландағы 42062 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Сол жерден жалпы саны 40 сарбаз Байзақтағы әскери бөлімге жеткізіліп, оларға қару-жарақ қоймасын тазарту жұмыстары жүктеліпті. 26 қазан күні 4 жауынгер сол тапсырманы орындауға қалған. Олар кетіп қалғасын бір сағаттан соң жойқын жарылыс болған. Енді осы жағдайға қоймадан соңғы шыққан төртеуі айыпталуда.
“19-қазанда балаларымыз қайтуы керек еді. Біз ата-аналары күтіп отырғанбыз. Олар келмеді. Тағы 10 күнге қамауда қалдырды. Осы жарылыстың кесірінен оларды тергеуге алған”, – дейді Ә.Әшірбайдың анасы Алмагүл Асанова.
Бұлар өткен жылдың қазан айында әскери борышын өтеп болып, артынша келісімшарт негізінде қызмет етуге қалады. Кейін біртіндеп тергеуге шақырыла бастайды. Ал бірнеше күн бұрын төрт әскериді қамауға алыпты. Оларға екі бап бойынша айып тағылған.
“Неге бұның старшинасы, неге взвод командирі жауап бермейді. Неге әскер жауап беруі керек? Ол қайда жіберсе сонда барады. Ол офицердің айтқанын істеймін деп присяга қабылдаған. Неге офицер бастықтары соған жауап бере алмай жатыр? Неге баланы ұстап психикалық қысым жасап отыр”, – дейді Е.Тұрановтың әкесі Ералы Мұратов.
Балаларын қорғаған ата-аналар жоғары лауазымды әскерилер өздерін ақтау үшін бар кінәні жазықсыз жауынгерлерге жауып жатыр дейді. Кейбір ата-анаға әскери шенділер күдікті ұсыныс жасаған.
“Маған мына жердегі бастық Мамырбаевтың айтқан сөзі: "Балаңызды көндіріңіз, басқа біреуге аударамыз" дейді маған. "Не үшін? Мен баламмен сөлесемін" дедім. Балам “біз еш нәрсе істеген жоқпыз" дейді”, – дейді .Әшірбайдың анасы Алмагүл Асанова.
Ал әскери тергеу басқармасы бұл іске қатысты жауап бермеді. Былтыр тамыз айында Байзақ ауданындағы әскери бөлімінде жойқын жарылыс болып, 17 адам ажал құшқан. Бір жауынгерден әлі күнге хабар жоқ. Оқыс жағдайдың себебі де сол күйі айтылмады.