Жуырда Ашғабад қаласында өткен VII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде Қазақ елі үздіктер қатарынан көрінді . «Кітап – ынтымақтастық пен прогресс жолы» атты VII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде Қазақстан Түрікменстаннан кейінгі 2-орынға ие болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрмеге әлемнің 26-дан аса мемлекетінен кітап шығарушылар қатысқан. Қазақстан делегациясына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Борашев жетекшілік етті. Көрмеге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің қолдауымен 800-ден астам кітап аталымы мен қазақ қолөнерінің бұйымдары ұсынылды. Шараның негізгі мақсаты – әлемдік баспа индустриясының тәжірибесін үйрену және кітап шығарушылар, кітап таратушылар мен полиграфиялық материалдар мен жабдықтарды өндірушілер арасындағы байланысты нығайту. Көрме-жәрмеңке аясында алты номинация бойынша конкурс жарияланса, Қазақстан сондағы әртүрлі дәрежедегі алты дипломды жеңіп алды. Оның ішінде бесеуі номинациялар бойынша болса, біреуі үздік рәсімделген көрме үшін сыйлықтарын иемденді. Байқау келесідей номинациялар бойынша өткізілді: 1. «Жыл кітабы», 2. «Жыл оқу құралы», 3. «Балаларға арналған кітап», 4. «Көркем басылым», 5. «Полиграфиялық үздік орындалған кітап», 6. «Баспалық үздік рәсімделген кітап». Жалпы конкурстық комиссияға 12 отандық кітап өнімі ұсынылды. Біздің ел тарапынан ұсынылған экспонаттар – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған кітаптар. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы кітаптар, қазақ қоғамының рухани-танымдық және интеллектуалдық-мәдени әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақты патриотизм, ұлттық және жалпы адами құндылықтар идеалдары рухында тәрбиелеуге және Қазақ елінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-танымдық және мәдени өміріндегі жетістіктерді кеңінен танытуға бағытталған көркем, ғылыми, публицистикалық және басқа да өзекті шығармалар ұсынылған болатын.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар мен қонақтарды Қазақ елінің салт-дәстүрлерімен таныстыру мақсатында біздің делегация тарапынан концерттік бағдарлама және Түрікменстан Республикасының атақты қаламгерлері мен қайраткерлерімен шығармашылық кездесу мен қазақ қолөнері бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.