XXI ғасырда жұтқа ұшырағанымыз қалай?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Әуелі «мал-жан аман ба?» деп амандасатын ауыл жұрты шаруасының басына қара бұлт үйріліп тұр. Қылышын сүйретіп жеткен қыстың алғашқы күндері-ақ ел ішінде малдың топырлап қырыла бастағаны белгілі болды. Ауылдағылардың жалғыз тіршілік көзі – ірі қара, ұсақ малы десек, барынан айырылған олар қайтіп жан бақпақ? Желтоқсан айынан бері қарай 40 күн бойы қысып тұрып алған аяз бен қалың қар «ә дегеннен-ақ» шаруаларды есеңгіретіп жіберді. Жаздағы қуаңшылықтың үстіне қыстың қатал болуы, соған орай жем-шөптің шектен тыс қымбаттауы – «жығылған үстіне – жұдырық».

Жем алушылар алыпсатарларға жем болып отыр.
Өзі бас болып жем-шөп сатылатын орындарды, қынадай қырылып жатқан малды ауылды аралатуға белді бекем буған «Дәулет» шаруа қожалығының директоры Өтеміс Маханов әуелі бізді «Алтын Орда» базарындағы жем сататын жерге алып барды. Онда арпа мен бидайдың бір келісі 65 теңгеден болса, кебектің бір келісі 52 теңгеге көтеріліпті. Ал қара пісте қалдығы – жы­мық­тың өзінің бір келісі 45 теңгеге бір-ақ артқан. Ұйғыр сатушысы жем бағасының қымбаттауын «өзімізге жоғары бағамен келеді» деп түсіндірді. Рас-өтірігін кім білсін, әйтеуір. Жазда арпа мен бидайдың бір келісі 30-35 теңге болса, қазір алыпсатарлар жемді екі есе қымбат бағаға сатып жатқандығын көз көріп қайтты. «Бір сиырды қыстан шығару үшін күніне 2500 теңге қаражат керек», – дейді Өтеміс Маханов.
Шөп бағасын шөгеруге неге дәрменсізбіз?
Одан кейін қаланың шыға берісіндегі шөп сататын жерге ат басын бұрдық. Ол жерде де «ай­ды аспанға бір-ақ шығарған» бағаға тап болдық. Шөп аралас жоңышқаның бір түгі 1000 теңге болса, бір түк сабанның өзі 800 теңгеден сатылып жатыр. Мұндағылар жоңышқаны 800-ден сатып алып, бидай сабаны аралас қамысты 650 теңгеден сатып әкеліп, әр түктің үстінен 200 теңге қосып өткі­зетіндіктерін жасырмады. Бір трактор прицепі­не 300 түк шөп сыяды екен. Есептеп көрсеңіз, 300 түк­тің құны – 300 мың теңге.


Бір прицеп шөпті екі-үш жыл бұрын 25-30 мың теңгеге сатып алушы едік. Қазір он есе қымбаттап кеткенге ұқсайды. «Алматы қаласына жақын ауылдарда Алексеевка, Байсеркеде 1200 теңгеден сатылуда. Шабындығы бар шаруалар қыста шөптің қымбаттағанын күтіп, жаз сатпай, қысқа сақтайды. Жаңа шабылған жоңышқаны 400 теңгеден сатып алып, күзге қарай 500-600 теңгеден өткізген кезіміз болды. Қазір бір рулон қамыс шөптің өзі – 10 мың теңге. Нағыз қымбатшылық әлі алда. Келер жылы бұдан да қымбат болады. Шөпті Шелектен тасимыз. Талап алып кетеді. Қаскелең, Ұзынағаш аудандарында қуаңшылық болып, шөп шықпай қалды. Бұл жақтың халқы жемге арпа егеді. Егуін еккенмен, одан түсім ала алмай қалды. Іле ауданын­дағы Қараойда мал қырылып жатыр дейді. Күртінің Ақшиінде де жағдай солай көрінеді. Шабындығы барлар қуаңшылық­ты пайдаланып, үлкен табысқа батты», – дейді Асқар Сәметұлы есімді алыпсатар. Бұдан соң жақын маңдағы мал мен жем-шөп сатылатын «Алтын сақа» базарына қарай тартып отырдық. Бұл базарда жоңышқаның бір түгінің бағасы 1200 болса, сабан аралас қамыс шөптің бір түгі мың теңгеге жетіпті. Базардың реттеусіз баға­сы күннен-күнге аспандап бара жатқан­ға ұқсайды. Бағаны ретке келтіріп, төрт түлікті аузын арандай ашқан аждаһа ажалдан кім арашалайды деп еріксіз ойға қаласың.
Оңтүстік өңірлердің аужайы алаңдатарлық
Өңірлердегі жағдай да мәз емес. Қысқа жеткілікті дәрежеде қам-қарекет жасамай­тын Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы жем-шөптің жағдайы бірдей. Бұл жақтарда да атаулы мәселе күн өткен сайын күрделеніп бара­ды. Аталған аймақтарда 1 кг арпа 65 теңге болса, 1 кг бидай мен кебек 52 теңге көле­мінде көте­рілген. Ал бір түк жоңышқа 800-900 теңгені құраса, қамыс шөптің бір ру­лон құны 7-8 мың теңгедей  болып өскен. Күннің суығына әбден шыңдалып, қысқа дайындықты ерте бас­тай­тын елдің солтүстік, батыс аймақтары шөптен таршы­лықты әзірге сезініп отырмаған тәрізді.      
Қынадай қырылған малдың обалы кімге?
Алматы облысы Іле ауданы Ақши ауы­лына қарасты шаруалардың қыстауларын­да әрбір отбасының кемінде екі-үш бас малынан айырылып отырғандығын естіп, жексенбі күні ертеңгілік солай қарай жол тарттық. Таксиге жолай бізбен бірге отырған «Дос­жан» шаруа қожалығының иесі Мұхтар Абылаев өзінің 10 сиырдан айырылып отырғандығын айтты. «Асқазаны тамақ қорытпай, сиырлар бірінен кейін бірі ашы­ғып өліп жатыр. Ветеринарлық дәрі­гер­лер жұмыс істемейді, олардың ешқандай білі­мі жоқ. Бізге ақыл-кеңес айтуға шамалары жетпейді», – деп күйінеді Абылай. Ақши ауылында бізді өз көлігімен күтіп алған Өтеміс Маханов шаруалардың жай-күйімен таныстыра келіп, былай деді: «Бір сиырды қыстан шығару үшін 250 мың теңге ақша кетеді. Ірі қараның әрқай­сысына күндіз бір түк, түнде бір түк шөп салынады, оған беретін жеміңіз тағы бар. Бәрін қосқанда 250 мың теңге шығады екен. Ондай ақша шаруаларда қайдан болсын?!» Ол кісі «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тек сиыр сатып алуға, оның үстіне шетелдік асыл тұқымдысын әкелуге несие берілетіндігіне наразы екендігін білдірді. «Сиыр – өте осал мал. Үлкен күтімді қажет етеді. Шеттен келген мал біздің жерге бейімделе алмайды. Қыстыгүні жердің бетін қар басқанда шөпті өз бетімен аршып ала алмайды. Неғұрлым аяз қысқан сайын соғұрлым суды көп ішеді. Суды жылытып бермесе, жаурап қалады. Кез келген малға күтім керек. Сиыр тіпті жаурауық болады. Негізінен, суық сиырдың астынан өтеді. Суық желден, аяздан желіндері үсіп қалуы да ықтимал. Жазда бойларына қажетті қорегін жинай алмаған мал қыста көтеремге айналып, құлай бастайды. Көтерем малдың шөп-жемді қорытуға асқазанының шамасы да жетпейді. Оның үстіне сиыр етін кезінде қазақ жемеген. Сиыр етінің желі басым болады. Қазақтың негізгі қорегі – қой мен жылқы еті», – дейді Өтеміс аға.
Өлекселер еті қайда кетеді?
«Шмидт» шаруа қожалығының өлген малдары Ақши ауылына жеткізіліп жатқандығын естіп, тізгінді солай қарай тарттық. Өзін «меңгерушімін» деп таныс­тырған Әбікеш Қоянбаевтың үйінің ауласына бас сұқтық. Әр жерде  теңкиіп жатқан сиырлар мен қойлардың өлексесі тұла бойды түршіктіреді. Күн шамалы жылығанға қабырғалары ырсиып сұлап жатқан сиырлардың жағымсыз иісі де сезіле бастағандай ма, қалай? Есік алдын­дағы ит күркесінің қасында да, аулада да, үйдің артында да өлекселер үйіліп жатыр. Қора іші де бөлшек-бөлшек етке толып тұр. Әбікеш Қоянбаев машина­сының артқы жүк салғышын ашып еді, ол жерге де аузы-мұрнына дейін толтырып шандыр ет салып қойыпты. «Қожалықтың қанша малы бар еді, жұттан қазір қаншасы қырылды» деген сауалымызға: «1000-нан астам қой, 80-дей сиырымыз бар еді. Осыдан екі-үш күн бұрын 40-тай қойымыз, 27 бас сиырымыз өлген болатын. Қазіргі қалыптасқан жағдайдан хабарсызбын. Мал басына бастықтың өзі қатынап жүр», – деп жауап берді ол. Сосын «Өлген малдың етін қайтесіздер?»  – деп сұрадық. «Бұл етті итке береміз. Зообаққа апарып өткізсек деген ойымыз бар. Ондағы аң-құсқа да азық керек қой», – дейді Әбекең.
Ит-құсқа жем болған...
Ақши ауылынан солтүстік-батысқа қарай ақырын жылжып, құмдағы қыстау­ларға бет түзедік. Жол бойында әр жерден өліп жатқан жануарларға тап болып келеміз. Ит-құстарды үркітіп жіберіп, суретке түсіріп алып жүргеніміз болмаса, қолдан келер шара не?! «Жұт болса, иттер мен құстар құтырады» деген осы болса керек. Әлдебір қора-жайға жетпей жай­дақ­тау сайдың ішінде тау болып үйілген қой мен қозылардың өлекселеріне ұшы­рас­тық. Қора Жәнібек есімді шаруанікі көрінеді. Арғы жағында бір топ сиыр мен бұзау қаңтарылып тұр. Ашық қора ішінің ана жағында бір, мына жағында бір құлап жатқан көтерем сиырлар мен өлек­селер жағдайдың мүшкілдігінен хабар береді. Тақыр жерде «газет оқып тұрған» 30-40 шақты ірі қараның бәрі бізге қарай бұрылып, мөңірей бастады. Көздері мөлт-мөлт еткен Зеңгі баба төлдері сүйкімді-ақ. Ақ адал малдың обалы кімге дерсіз... 200 метрдей жерде мал иесінің үйі, жиналған шөбі тұр. Үй маңына барып, айқайлап, әрең дегенде бір жас жігітті тысқа шақырып алдық. Ұйпаланған шашына, сығырайған көзіне қарап, ұйқыдан жаңа тұрған-ау деп топшы­ладық іштей. «Шама­лы шөптерің бар екен, мал­дарыңа бер­мей­сіңдер ме» десек, «Жәні­бек жоқ, машина да жоқ, машина келген соң шөпті сонымен тасып береміз» дейді. Зіңгіттей жігіттің жанаярлығы жанға батып кетті. Бір айыр шөпті жеткізуге ерініп, ұйықтап жату­ды жанаярлық дейміз бе, әлде «жаны ашымастың балтыры сыздамас» дейміз бе?..              
Қар мен құмның құрсауындағы қыстаулар
Малшылар әдетте қыс түсе құм ішіне көшіп, көктемге дейін қыстап шығады екен. Біз де қар жамылған құм далаға іліктік, әйтеуір. Күні кеше соққан дауылдың кесірінен сүрлеу қармен жабылып, жүрісті қиындата түсті. Қалың қар жамылған құм төбелерге көтерілу жүргізу­шінің тәжірибесі мен көліктің күшінің арқа­сында ғана мүмкін болды. Бұл малшылар­дың ауылмен, тіпті өзара қатынасының үзілгендігін білдіреді. Биік төбелері бар құм қыста жылы болады. Шөбі де қалың шығады екен. Осыған сенген шаруалар қыстың жылдағыдан қаһарлы боларын есепке алмаса керек. Сонымен, біз Бура­бай қыстауынан асып, Кіндікке апаратын жолмен 50 шақырымдай жүріп отырып, Самат есімді шаруаның қыстауына жеттік. Күн көзі жылт еткенге арсылдаған аюдай төбеті мен бір қызметшісінен басқасы бар малды жаюға қыр асырып айдап кетіпті. Өлі малдың тұлыптары мұнда да бар болып шықты. Өңірдегі ең көп малы қы­рыл­ған қожалық – «Шмидт» шаруа қожа­лығына да келдік. Жапырайған қоржын там болмаса, ағаш қадалармен қоршалған ашық қораларда азын-аулақ мал қамаулы тұр. Қоржын тамның есігінде өлген малдардың еттері ілінген. Анадай жердегі ағаш шарбақтың ішіндегі малға шөп салып жүрген әлде әйел, әлде еркек екені белгісіз, бет-аузы домбығып ісінген жастау адам мен оған қолғабыс жасап талпынып, томпаңдап жүрген төрт-бес жасар ойын баласын көзіміз шалды. Құлағалы тұрған қоржын тамнан «сендерге не керек» деп бір әйел шықты. Қазақша судай әлгі орыс әйелі 67 бас сиырдан 15 басы ғана аман қалға­нынан хабардар етті. Байқауымызша, бұл – қаңғып жүрген ішкіштердің отбасы. Мұнда келгендеріне де көп болмаған екен. Әлбетте, олар малдың қыр-сырынан мүл­де хабарсыз. Әр жерде бір теңкиіп-теңкиіп жатқан өлекселерде есеп жоқ. Санитар­лық-эпидемиологиялық талап­тар бойын­ша өлекселердің көзі дереу жойылуы тиіс екенін ескеріп жатқан да еш­кім жоқ. Оның әртүрлі жұқпалы аурулардың таратушысы екенін қаперге алған бірде-бір адамды таппайсыз.

Түйін
«Түгеншенің фазендасы бар екен» деген атақ үшін де ауқаттылар малды көптеп сатып алатынды шығарыпты. Ешқандай қора-жайын қамдамастан, малшылар мен малға ешқандай жағдай жасамастан, тектен-текке төрт түліктің обалына қалуда. Жергілікті жұрттың есебінше, қазірдің өзінде Ақши ауылы маңында 150-ден астам ірі қара, 300-ден астам қой қырылған. Қыс енді ғана басталды десек, құқайдың көкесі әлі алда дей беріңіз. Қолында билігі бар шенеуніктер күрделі жағдай одан сайын ушықпай тұрғанда қатерлі қауіптің алдын алуы тиіс-ақ.

Дінислам ШЫНЫБАЕВ, ҚазҰАУ-дың ауыл шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:                  
– Мал қырылып жатқан жерге кәсіби зоотехник, ветеринар баруы керек. Біздің мал дәрігерлері сараптама жасауы керек. Малдың түрлеріне қарау керек. Асыл тұқымды белгісі бар ма, жоқ па? Асыл тұқымды малды сақтауға Үкімет көмектеседі. Қожалықтар кінәлі болса, яғни жеткілікті жем-шөп жинамай, қора салмаса, ондай қожалыққа ешқандай көмек көрсетілмейді. Әртүрлі жұқпалы аурулар салдарынан мал қырылса, оны мемлекет өтеп беруі тиіс.

Аурулар тараса, оған мал дәрігерлері де кінәлі болуы ықтимал. Халықтың немқұрайдылығы тағы бар. Біз сырға салуға, дәрі егуге барсақ, малды ұстап беруге ерінетіндер кездеседі. Қорасына жолатпайтындар да ұшырасады.
Марат САДУОВ, биология ғылымының кандидаты, ҚазҰАУ-дың құрметті профессоры:
– Көтерем малға кебек әлсіз болады, ұннан быламық жасап беру керек. Егер малдың өзі жұтуға қабілетсіз болса, шлангы арқылы асқазанға жіберген жөн. Жем-шөпті жақсылап бермесе, болмайды. Қандарына глюкоза құю қажет. Қазақта «жілік майы таусылған» деген түсінік бар. Жілік майы таусылған малдың еті қып-қызыл болып тұрады. Сиырды кішкене көтеруге болады, қойды қалыпқа келтіру тіпті қиын. Аязда автобустардың бактары қатып қалатыны сияқты суықта малдың қаны суып, іш майы тоңып кетуі мүмкін. Ешкі малы да, одан кейін қаракөл, сосын қазақы қойлар суыққа төзімсіз. Жылқы бірдеңе қылып қыстан шығады. Өлекселер күн ысыған кезде инфекциялардың қоректік ортасына айналады. Бұларды бір жерге жинап, ел кірмейтіндей қоршалуы тиіс. Құстарға жем әзірлейтін утилизаторларға өткізуге болады. Оның реті келмесе, өртеу қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста