Хан Кененің басы қайта ма?

Мансұр ХАМИТ (фото)

Өткенде Мемлекеттік хатшы зиялылар мен оның төңірегіндегілерді жинап алып, ұлт тарихы туралы бір ауқым әңгіме айтып еді. Мемлекет тарихына тың көзқарас жайы сөз етілген соң, кешегі тарихты бүгінгі үдеден шығатындай қайта қаузауға тың серпіліс беріліп, сең қозғалса дегенбіз. Баспасөзде де осы әңгімелер айтыла бастаған-ды. Парламент те үн қатты. Депутат Азамат Әбілдаев кеше Мәжіліс отырысында Үкіметбасы Серік Ахметовке сауал жолдап, Ресейден Хан Кененің басын қайтару туралы мәселені кезекті рет көтерді.
Мәжілісмен Азамат Әбілдаев Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің өткендегі «нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан бас­талады» деген мәлімдемесіне ерекше көңіл бөліпті. Сондықтан болар, Үкіметке арналған үшбу хаттың басын тарихқа көз жүгіртуден бастады. Депутат алдымен 1836 жылы қазақ даласы екі генерал-губернаторлыққа бөлін­генін, көшпелі қазақтар «арақашықтық» сақтап, «жаға­лаулық сызықтан» 15 шақырым аулақ жүріп, өзендерге жақындауға құқы болмағанын айтып тебіренді. Сосын депутат ол тұста орыс қорғаныстары әскери гарнизондарымен қазақ даласында арқандай керіліп жататынын тілге тиек етеді. Айтуынша, қазақ даласының қақ жүрегінде Ақмола бекінісі тұрыпты. Өз атамекенінде еркін жүріп үйренген қазақтар осы бөлінуге қарсы шыққаннан соң, Ресей бодандығына қарсы қазақтардың көтерілісін сұлтан Кенесары бастап, ондаған жылға ұласыпты. «Төре тұқымынан шыққан, 500 адал төлеңгіті жанында, патшадан пол­ковник шенін алған Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның ұлын «күндіз күлдірмеген», «түнде ұйық­татпаған» туған халқының тағдыры емес пе еді?! Кенесары ханның тарихтағы орны – қазақ даласының нағыз патриот-батырларын – үш жүздің өкілдерін Қазақ мемлекетіне Тәуелсіздік алып беру үшін маңайына топтастыра білгендігі», – дейді депутат Азамат Рахатұлы. Бұл ретте депутат әлемді билеген Напо­леонның бетін қайтарған қуатты Ресей им­периясына қарсы қайқы қылышын көтерген Кене­сарының қас батырлығына да қайран қалады. Сол замандағы орыс тарихшысы Николай Середаның «Кенесарының қолбасшылық дарынына кез келген еуропалық қолбасшы қызығатындай еді!» деген сөзін де келтіреді. «Ресей мен Қоқан хандығына бір кезде қарсы шапқан Хан Кенекем бүгінгі Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарына қарасты жер­лердегі қазақтарды Қоқан қорлығынан құт­қарған», – дейді ол.
Бұдан әрі Азамат Рахатұлы Ұлы даланың ар­дақтысы Кенесары хан өлтіріліп, оның мүбарак басы Батыс-Сібір генерал-губернаторы, граф Горчаковқа жолданғанын, кейіннен хан басы одан әрі Николай патшаға «дала бүлікшісі Кенесарының басы» ретінде көрсетілгенін айтады. Бұдан арғы мәселенің барлығы да көзі қарақты оқырманға мағлұм деп ойлаймыз. Хан бабаның басы жылдар бойы Петербордағы мұражайда әскери құндылық ретінде қойылып, кейіннен оның орнын сипап қалғанымызды да жұрт біледі. Дүркін-дүркін мәселе көтеріліп, аяғы сиыр­құйымшақтанып жатқаны да жадымызда. Ал депутат Азамат Әбілдаев өткен жылдар ішінде Қазақ­стан азаматтары, еліміздің мемлекеттік емес ұйым өкілдері Ресей басшыларына басты қайтару жөнінде талай рет ұсыныспен шыққанын, қаншама хат жазылып, сұрау салынғанын, алайда «Ресейде Кенесарының басы жоқ» дегеннен басқа жауап алынбағанын айтады. Сосын ол хат жазысумен шектелмеу керектігін мең­зейді. Бабамыздың басын қайтаруға менің ұсынысым бар: біздің Үкімет қаражатын қарастырып, тарихшы-жазушылардан бір кішкене топ құрылса.
Топқа Кенесары ханның басын қайтару идеясына терең берілген бір азаматты жетекшілікке бекітіп, Ресей Үкіметімен келіссөз жүргізуге құқық берілсе. Олар бұрынғы жол­мен жүріп қағазбасты болмай, істі бір­ден бастап, Кенесары ханның басын алып орал­са. Ең соңғы ханымыз – Тәуел­сіздік жо­лында жан қиған Кенесары хан­ның ба­сын қайтара алмасақ – елдігімізге сын! Сон­­дықтан ойланайық, ағайын!» – деп аяқ­­тады Үкіметке жолдаған үшбу ха­тын де­путат Азамат Әбілдаев. Несі бар, қолдайтын ұсыныс.
Мем­ле­кеттік тілге келгенде маужырай беретін Мәжіліс соңғы отырысын бастан-аяқ қазақша өткізбек
«Ақ жол» партиясындағы әріптесінің Ке­не ханның басын қайтаруға қатысты әдемі ұсынысын қоштаған депутат Розақұл Халмұрадов та және бір әдемі ұсынысты ортаға салды. Бесінші сайланған Пар­ламент Мәжілісінің 2-сессиясы да аяқта­лып келетінін, бір жұмадан соң Мәжілістің екін­ші сессиясы түңлігін түсіретінін айтқан Ро­зақұл Халмұрадов мырза ұсынысын бас­тамай жатып әріптестерінен қолдау сұ­рады. «Өздеріңіз жақсы білесіздер, елі­міздің Ата Заңы­на сәйкес, Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару қыз­­метін жүзеге асыратын ең жоғары өкіл­ді органы. Сондықтан Парламент қа­был­дап, қолданысқа енгізілген заңдарды орын­­дауда біз, депутаттар, әрқашанда бас­­қаларға үлгі болуымыз қажет. Есте­рі­ңізге салайын, 1997 жылғы шілдеде қол­да­­нысқа енген «Қазақстан Респу­бли­ка­сын­дағы тіл туралы» Заңының 4-ба­­бында бы­лай делінген: «Қазақстан Рес­пу­бли­ка­сының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мем­ле­кеттік тіл – мемлекеттің бүкіл ау­мағында қо­ғамдық қатынастардың бар­лық са­ла­сында қолданылатын мемлекеттік бас­қару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс­қа­ғаз­дарды жүргізу тілі. ...Мемлекеттік тілді мең­геру – Қазақстан Республикасының әр­бір азаматының парызы». Заңның осы нор­масын орындау мақсатында менің ұсы­нысым: алдағы, яғни 26 маусымда өте­тін Мәжілістің жалпы отырысын ашы­луынан бас­тап, баяндамаларды да, сұрақ-жа­уап­тар­ды да, қосымша баяндамалар мен сөй­лейтін сөздерімізді де, депутаттық са­уал­дарды жариялауды да, бір сөзбен айт­қанда, бастан-аяқ барлығын қазақ тілінде өткерсек», – деп қайырды депутат.
Сөйтіп, Розақұл Сатыбалдыұлы бастама жа­сап, оны қоштаған басқалар азаматтық па­рызға адал екендіктерін, мемлекеттік тіл­ге қатысты заң нормасын құрмет­тей­тін­дік­­терін соңғы отырыста көрсетуге ты­рыс­пақшы.
«Елбасымыз айтқандай, қазақ тілі жап­пай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне ла­йық орын алуын ертеңге қалдыра бермей, бүгіннен атсалысайық. Құрметті әріптестер, менің ұсынысымды қабылдағандарыңыз үшін үлкен рақмет айтамын. Егер Мә­жілістің осы жалпы отырысын Сенаттағы әріп­тестеріміз теледидардан немесе он­лайн режимде көріп отырған болса, олар­ды да қолдауға шақырамын», – деп сөзін аяқтады депутат Халмұрадов.
Ішкі істер позициясын бермеді
Ішкі істер министрлігі әзірлеген «Жол жүрісі туралы» жаңа заң жобасын кеше Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Біраздан бері айтыс-тартыстан арылмаған құжаттың жолы біршама ашылайын деген тәрізді. Айтыс-тартыс дегенде депутаттар, негізінен, екі мәселеге қарсы болып еді. Оның бірі – көліктердің техникалық бай­қауына, екіншісі көлікті сенімхатсыз бас­қару құқығына қатысты болған. Алайда Ішкі істер министрлігі өз позициясын бер­ме­ді. Екі мәселе де ұсынушылар ре­дак­циясында қалатын болды.
Заң жобасын қолға ұстаған сәтте-ақ жекелеген депутаттар көлікті сенімхатпен бас­қаруды, ондай сенімхатты Жол по­ли­ция­сы органдарына тіркетуді алып тастау мәселесін көтерген болатын. Сосын мұн­дай басы артық үдерістер тіпті де қарас­ты­рылмайтын әлемдік тәжірибелерді алға тартушылар бар еді. Мәселен, кейбір өр­кениетті елдерде көлік басқарып отырған аза­мат үшін транспорттың техникалық пас­п­орты, көлік жүргізу құқығын білдіретін куә­лік пен сақтандыру құжаты болса бол­ды. Қалғанына бас ауыртпайды. Ал мұн­дай озық тәжірибені жаңа жобаны әзір­леген Ішкі істер министрлігі еш жаратпады. Ми­нистр Қалмұханбет Қасымовтың ай­туынша, Қазақстанның дәл қазіргі жағ­да­йында мұндай практика енгізу ертерек. Оның үстіне, сенімхат бойынша авто­мат­тандырылған мәліметтер базасы арқылы құ­қық органдары қылмысты жедел ашады, ұрланған автокөлікті де, қашқын қыл­мыскерді де құрықтауға осы сенімхат көп септік тигізетін көрінеді.
Екінші даулы мәселе жеңіл авто­кө­ліктер үшін міндетті техникалық байқаудан өткізу нормасына қатысты. Депутат қауым­ның бірқатар бөлігі міндеттеудің түкке қажетсіздігін, керек болса, әр адам өзінің қауіпсіздігі үшін ерікті түрде де техникалық байқауды өз қалауымен істеуі тиістігін айтады. Шындығында, же­ке­меншік иелерінің тікелей мәселесіне мемлекеттің араласатын тұсы – осы. Десе де, Ішкі істер министрлігінің бұған көл­денең ұстар уәжі бар. Министрлік көліктің дұ­рыс жүріп-тұруы азаматтардың қауіп­сіздігі үшін жа­салатын әрекет екендігіне бі­рінші мән бе­рілуі керектігін көлденең ұстайды. Сосын ішкі істер жолдағы апат­тар­дың көлік ақауларынан болу көрсеткіші Қазақстанда тым төмен екенін нұсқап, бұған әлгіндей техникалық байқаудың міндеттілігі сеп болғанын алға тартады. Сөйтіп, мәжіліс­мен­дер біразырақ тар­ты­сып көріп, ақыры ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасы­мов­тың айтқанына көн­ген. Дегенмен құжат алда екінші оқылымда талқыланады. 

P.S.
Мәртебелі Мәжіліс мінберінде Кенесары ханның басы туралы әңгіме бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Мұны дәл осы төңіректе әңгіме айтушылар жақсы білер. Бұл жолы да сөз қозғалды. Енді қозғалған мәселенің қалай аяқталарын Құдай біледі. Біз әдеттегіше «Қайырын берсіннен» аспаймыз. Мемлекеттік тілге қатысты дүниеге де айтарымыз – осы. Дегенмен бақсақ, қайсыбір депутаттарға соңғы отырыстың жүгі ауыр болатын тәрізді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста