Хан Кененің басы қайта ма?
Өткенде Мемлекеттік хатшы зиялылар мен оның төңірегіндегілерді жинап алып, ұлт тарихы туралы бір ауқым әңгіме айтып еді. Мемлекет тарихына тың көзқарас жайы сөз етілген соң, кешегі тарихты бүгінгі үдеден шығатындай қайта қаузауға тың серпіліс беріліп, сең қозғалса дегенбіз. Баспасөзде де осы әңгімелер айтыла бастаған-ды. Парламент те үн қатты. Депутат Азамат Әбілдаев кеше Мәжіліс отырысында Үкіметбасы Серік Ахметовке сауал жолдап, Ресейден Хан Кененің басын қайтару туралы мәселені кезекті рет көтерді.
Мәжілісмен Азамат Әбілдаев Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің өткендегі «нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады» деген мәлімдемесіне ерекше көңіл бөліпті. Сондықтан болар, Үкіметке арналған үшбу хаттың басын тарихқа көз жүгіртуден бастады. Депутат алдымен 1836 жылы қазақ даласы екі генерал-губернаторлыққа бөлінгенін, көшпелі қазақтар «арақашықтық» сақтап, «жағалаулық сызықтан» 15 шақырым аулақ жүріп, өзендерге жақындауға құқы болмағанын айтып тебіренді. Сосын депутат ол тұста орыс қорғаныстары әскери гарнизондарымен қазақ даласында арқандай керіліп жататынын тілге тиек етеді. Айтуынша, қазақ даласының қақ жүрегінде Ақмола бекінісі тұрыпты. Өз атамекенінде еркін жүріп үйренген қазақтар осы бөлінуге қарсы шыққаннан соң, Ресей бодандығына қарсы қазақтардың көтерілісін сұлтан Кенесары бастап, ондаған жылға ұласыпты. «Төре тұқымынан шыққан, 500 адал төлеңгіті жанында, патшадан полковник шенін алған Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның ұлын «күндіз күлдірмеген», «түнде ұйықтатпаған» туған халқының тағдыры емес пе еді?! Кенесары ханның тарихтағы орны – қазақ даласының нағыз патриот-батырларын – үш жүздің өкілдерін Қазақ мемлекетіне Тәуелсіздік алып беру үшін маңайына топтастыра білгендігі», – дейді депутат Азамат Рахатұлы. Бұл ретте депутат әлемді билеген Наполеонның бетін қайтарған қуатты Ресей империясына қарсы қайқы қылышын көтерген Кенесарының қас батырлығына да қайран қалады. Сол замандағы орыс тарихшысы Николай Середаның «Кенесарының қолбасшылық дарынына кез келген еуропалық қолбасшы қызығатындай еді!» деген сөзін де келтіреді. «Ресей мен Қоқан хандығына бір кезде қарсы шапқан Хан Кенекем бүгінгі Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарына қарасты жерлердегі қазақтарды Қоқан қорлығынан құтқарған», – дейді ол.
Бұдан әрі Азамат Рахатұлы Ұлы даланың ардақтысы Кенесары хан өлтіріліп, оның мүбарак басы Батыс-Сібір генерал-губернаторы, граф Горчаковқа жолданғанын, кейіннен хан басы одан әрі Николай патшаға «дала бүлікшісі Кенесарының басы» ретінде көрсетілгенін айтады. Бұдан арғы мәселенің барлығы да көзі қарақты оқырманға мағлұм деп ойлаймыз. Хан бабаның басы жылдар бойы Петербордағы мұражайда әскери құндылық ретінде қойылып, кейіннен оның орнын сипап қалғанымызды да жұрт біледі. Дүркін-дүркін мәселе көтеріліп, аяғы сиырқұйымшақтанып жатқаны да жадымызда. Ал депутат Азамат Әбілдаев өткен жылдар ішінде Қазақстан азаматтары, еліміздің мемлекеттік емес ұйым өкілдері Ресей басшыларына басты қайтару жөнінде талай рет ұсыныспен шыққанын, қаншама хат жазылып, сұрау салынғанын, алайда «Ресейде Кенесарының басы жоқ» дегеннен басқа жауап алынбағанын айтады. Сосын ол хат жазысумен шектелмеу керектігін меңзейді. Бабамыздың басын қайтаруға менің ұсынысым бар: біздің Үкімет қаражатын қарастырып, тарихшы-жазушылардан бір кішкене топ құрылса.
Топқа Кенесары ханның басын қайтару идеясына терең берілген бір азаматты жетекшілікке бекітіп, Ресей Үкіметімен келіссөз жүргізуге құқық берілсе. Олар бұрынғы жолмен жүріп қағазбасты болмай, істі бірден бастап, Кенесары ханның басын алып оралса. Ең соңғы ханымыз – Тәуелсіздік жолында жан қиған Кенесары ханның басын қайтара алмасақ – елдігімізге сын! Сондықтан ойланайық, ағайын!» – деп аяқтады Үкіметке жолдаған үшбу хатын депутат Азамат Әбілдаев. Несі бар, қолдайтын ұсыныс.
Мемлекеттік тілге келгенде маужырай беретін Мәжіліс соңғы отырысын бастан-аяқ қазақша өткізбек
«Ақ жол» партиясындағы әріптесінің Кене ханның басын қайтаруға қатысты әдемі ұсынысын қоштаған депутат Розақұл Халмұрадов та және бір әдемі ұсынысты ортаға салды. Бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің 2-сессиясы да аяқталып келетінін, бір жұмадан соң Мәжілістің екінші сессиясы түңлігін түсіретінін айтқан Розақұл Халмұрадов мырза ұсынысын бастамай жатып әріптестерінен қолдау сұрады. «Өздеріңіз жақсы білесіздер, еліміздің Ата Заңына сәйкес, Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы. Сондықтан Парламент қабылдап, қолданысқа енгізілген заңдарды орындауда біз, депутаттар, әрқашанда басқаларға үлгі болуымыз қажет. Естеріңізге салайын, 1997 жылғы шілдеде қолданысқа енген «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабында былай делінген: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарды жүргізу тілі. ...Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы». Заңның осы нормасын орындау мақсатында менің ұсынысым: алдағы, яғни 26 маусымда өтетін Мәжілістің жалпы отырысын ашылуынан бастап, баяндамаларды да, сұрақ-жауаптарды да, қосымша баяндамалар мен сөйлейтін сөздерімізді де, депутаттық сауалдарды жариялауды да, бір сөзбен айтқанда, бастан-аяқ барлығын қазақ тілінде өткерсек», – деп қайырды депутат.
Сөйтіп, Розақұл Сатыбалдыұлы бастама жасап, оны қоштаған басқалар азаматтық парызға адал екендіктерін, мемлекеттік тілге қатысты заң нормасын құрметтейтіндіктерін соңғы отырыста көрсетуге тырыспақшы.
«Елбасымыз айтқандай, қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық орын алуын ертеңге қалдыра бермей, бүгіннен атсалысайық. Құрметті әріптестер, менің ұсынысымды қабылдағандарыңыз үшін үлкен рақмет айтамын. Егер Мәжілістің осы жалпы отырысын Сенаттағы әріптестеріміз теледидардан немесе онлайн режимде көріп отырған болса, оларды да қолдауға шақырамын», – деп сөзін аяқтады депутат Халмұрадов.
Ішкі істер позициясын бермеді
Ішкі істер министрлігі әзірлеген «Жол жүрісі туралы» жаңа заң жобасын кеше Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Біраздан бері айтыс-тартыстан арылмаған құжаттың жолы біршама ашылайын деген тәрізді. Айтыс-тартыс дегенде депутаттар, негізінен, екі мәселеге қарсы болып еді. Оның бірі – көліктердің техникалық байқауына, екіншісі көлікті сенімхатсыз басқару құқығына қатысты болған. Алайда Ішкі істер министрлігі өз позициясын бермеді. Екі мәселе де ұсынушылар редакциясында қалатын болды.
Заң жобасын қолға ұстаған сәтте-ақ жекелеген депутаттар көлікті сенімхатпен басқаруды, ондай сенімхатты Жол полициясы органдарына тіркетуді алып тастау мәселесін көтерген болатын. Сосын мұндай басы артық үдерістер тіпті де қарастырылмайтын әлемдік тәжірибелерді алға тартушылар бар еді. Мәселен, кейбір өркениетті елдерде көлік басқарып отырған азамат үшін транспорттың техникалық паспорты, көлік жүргізу құқығын білдіретін куәлік пен сақтандыру құжаты болса болды. Қалғанына бас ауыртпайды. Ал мұндай озық тәжірибені жаңа жобаны әзірлеген Ішкі істер министрлігі еш жаратпады. Министр Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, Қазақстанның дәл қазіргі жағдайында мұндай практика енгізу ертерек. Оның үстіне, сенімхат бойынша автоматтандырылған мәліметтер базасы арқылы құқық органдары қылмысты жедел ашады, ұрланған автокөлікті де, қашқын қылмыскерді де құрықтауға осы сенімхат көп септік тигізетін көрінеді.
Екінші даулы мәселе жеңіл автокөліктер үшін міндетті техникалық байқаудан өткізу нормасына қатысты. Депутат қауымның бірқатар бөлігі міндеттеудің түкке қажетсіздігін, керек болса, әр адам өзінің қауіпсіздігі үшін ерікті түрде де техникалық байқауды өз қалауымен істеуі тиістігін айтады. Шындығында, жекеменшік иелерінің тікелей мәселесіне мемлекеттің араласатын тұсы – осы. Десе де, Ішкі істер министрлігінің бұған көлденең ұстар уәжі бар. Министрлік көліктің дұрыс жүріп-тұруы азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалатын әрекет екендігіне бірінші мән берілуі керектігін көлденең ұстайды. Сосын ішкі істер жолдағы апаттардың көлік ақауларынан болу көрсеткіші Қазақстанда тым төмен екенін нұсқап, бұған әлгіндей техникалық байқаудың міндеттілігі сеп болғанын алға тартады. Сөйтіп, мәжілісмендер біразырақ тартысып көріп, ақыры ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтқанына көнген. Дегенмен құжат алда екінші оқылымда талқыланады.
P.S.
Мәртебелі Мәжіліс мінберінде Кенесары ханның басы туралы әңгіме бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Мұны дәл осы төңіректе әңгіме айтушылар жақсы білер. Бұл жолы да сөз қозғалды. Енді қозғалған мәселенің қалай аяқталарын Құдай біледі. Біз әдеттегіше «Қайырын берсіннен» аспаймыз. Мемлекеттік тілге қатысты дүниеге де айтарымыз – осы. Дегенмен бақсақ, қайсыбір депутаттарға соңғы отырыстың жүгі ауыр болатын тәрізді.