Соңғы кездері орыс тілінен қазақ тіліне аударылған бірқатар заңдардың мәтіндік сапасына сын айтыла бастады. Бұл, расында да, ел ішінде көптен бері қиын түйткілге айналып келе жатқан мәселе болатын. Енді, міне, Мәжілістегі халық қалаулылары да оған назар аударып, нақты ұсыныстарын білдіріп қалды. Таяуда ғана Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Қазақстандағы мемлекеттік қызмет: тілдердің даму мәселелері» атты дөңгелек үстел өткен болатын. Онда да осы заң қашан қазақ тілінде жазылады деген мәселе қозғалған.
Демек, өз тіліне үстірт қарайтын кейбір кісілердің айтып жүргеніндей, «ресми тілдің ауқымы кеңейіп, қазақ тілі аграрлық тіл» болып қалған жоқ, керісінше, ана тілімізге деген халықтың аңсары, қажеттілігі арта бастаған кезеңге жетіп отырмыз. Басқасы- басқа, қазір сот залына келгенде мектепті, жоғары оқу орнын орыс тілінде бітірген азаматтарымыздың өзі сот ісінің мемлекеттік тілде жүргізілуін талап ететіндігіне жиі куә болып жүрміз. Бұл Тәуелсіздік жылдарында ұлттық сана мен тілге деген құрметтің өскендігінің айқын белгісі болса керек.
Тарихи кезеңдерде ұлтымыздың басым көпшілігі қоныс теуіп қалған оңтүстік өлкеміздегі Ордабасы ауданы тұрғындарының дені қазақтар екендігі белгілі. Сондықтан да мұнда мемлекеттік тілімізге байланысты күрделі мәселе жоқ сияқты болып көрінеді. Расында да, ордабасылықтарға қазақ тілін үйретудің мүлде қажеті жоқ. Керісінше, тіл уызын осында келіп татып, рухани болмысыңызға нәр жүгіртіп қайтуыңызға болады. Бірақ елдегі бар күрделі мәселе мұнда жоқ деп айта алмайсыз. Солардың бірі – орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылатын заң мәтіндеріне қатысты жайт.
Қызмет бабында қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің түсініксіз болып көрінген тұстарын меңзеп, түсіндіріп беруімізді өтініп келіп жататын тұрғындар аса көп болмаса да, кездесіп қалады. Сондай кездерде ол заңның орыс тіліндегі мәтініне қарап, салыстырып жататын кездеріміз жиі ұшырасып тұрады.
Менің ойымша, бұл мәселеге байланысты аудармашыларды не болмаса тіл мамандарын кінәлай салу тым жеңіл әрі үстірт көзқарас болып табылатын сияқты. Себебі әрбір елдің заңы өз тілінде жазылуға тиісті. Сонда ғана өз халқына барынша түсінікті, анық, миға қонымды және жан дүниесіне тонның ішкі бауындай жақын болмақ. Сондықтан да мемлекеттік заңдарымыздың енді мемлекеттік тілде жазылуы қажет екендігін және ол мемлекетіміздің әлемдегі өзіндік ерекшелігін, ұлттық сипатын танытатын белгілердің бірі болып табылатындығын баршамыз бір кісідей түсінетін кезеңге жеткен сияқтымыз.
Әділ БАЛТАҚАРА, Ордабасы ауданы прокурорының көмекшісі, 3-сыныпты заңгер. Оңтүстік Қазақстан облысы
Халық сот ісінің қазақша өткенін қалайды
Последние статьи автора