Ұзынағашта Қастандықпен өлтірілген үш азаматтың (Жарқынбек Долданұлы, Мұхият Зарлыханұлы, Қадылбек Әлемқанұлы) бірі Қадылбектің қызы Перизаттың қылмыскерлер қолынан өмірден мезгілсіз озған әкесіне арнап жазған сағыныш жырын ұсынғанды жөн көрдік.
Жып жылы жүзің жадымда менің,
Жұлдыздай сөндің жалындап едің.
Әкешім саған ән жаздым бүгін,
Себебі қатты сағынған едім...
Сағынып қалдым өктем үніңді,
Сағыныш моншақ өкпеме ілінді.
Қол бұлғап маған қоштасып кеттің,
Қалаған едім кетпегеніңді.
Өзің кигізіп едің тар шұлығымды,
Қарағаныңда бар сыр ұғылды.
Өзің өсірген кімге қалдырдың,
Бүршігін атқан тал шыбығыңды.
Алыста болсам асығатынмын,
Еркелеп келіп асылатынмын.
Жаман түс көріп жағдайым қашса,
Сені құшақтап басылатынмын.
Жалғыз қалдырып гүлдей өркенді,
Мұң бердің маған білмей көлемді.
Қоштасып тұрып келмеске кеттің,
Қалай көнемін білмеймін енді.
Сағындым әке бейнеңді сенің,
Жоғалад менен кейде енді сенім.
Тылсым түстерге қорған болатын,
Құшақтап жатам жейдеңді сенің.
Қайғы-мұң мені жаншылап жатыр,
Өкпелі кеудем ән сұрап жатыр.
Қарашы міне көгершініңнің,
Қанаты сынып қансырап жатыр.
Деп жүрген едім бақыт табамын,
Тағдыр ұқтырды уақыт талабын.
Қос қанатымның бірі қиылып,
Теңізге құлап батып барамын.
Жалыны сөнді жанымның,
Асқары құлап бағымның.
Естимісің сен мені?!
Сағындым әке САҒЫНДЫМ!