Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы күш біріктіріп жатыр
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Мәскеуде болып, аймақтық деңгейдегі бірқатар шараларға, атап айтқанда ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің және Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің (ЖЕЭК) отырыстарына қатысты. Аталған іс-шаралар мемлекет басшыларының қатысуымен Мәскеудегі Үлкен Кремль сарайында өткен болатын.
ҰҚШҰ ҰҚК-нің сессиясына Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Президенттері қатысты. Жиында заманауи халықаралық ахуал мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелер талқыланды. ҰҚШҰ ҰҚК сессиясы аясында кеңейтілген құрамда халықаралық жағдай үрдістері мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру шаралары, 2020 жылға дейінгі ҰҚШҰ әскери бөлігін дамыту, төтенше жағдайларға ұжымдық жауап қайтару жүйесін дамытудың негізгі бағыттары, 2015 жылға дейінгі орташа мерзімдік перспективаға Ауғанстандағы жағдайдың дамуына болжам мәселелері талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиядағы тұрақсыз жағдай ҰҚШҰ елдері үшін әуе шабуылына қарсы ортақ қорғаныс жүйесін құруды қажет ететінін атап өтті. «Орталық Азиядағы жағдай ұйымның ерекше назарында. Ол үнемі өзгеріп отыр, өкінішке қарай, тынышталмай отыр. Дәл сол себепті орталықазиялық бағытта біздің есірткі трафигімен күрес, ҰҚШҰ жедел әрекет етуші ұжымдық күштерді (ЖӘҰК) нығайту мен жетілдіру, ортақ ӘҚЖ құру бойынша бірлескен жоспарларымыз жүзеге асырылуда», – деді Н.Назарбаев сәрсенбі күні Мәскеуде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысында. «Біздің алдымызда жақын келешекте шешуіміз қажет көптеген міндеттер тұр және бірінші кезекте біз уағдаласқандар: жағдай ушықса, нағыз әскери күштер құру үшін ЖӘҰК әскери құрамдасын нығайту, сәйкес көлікпен қамтамасыз ету, әскери-техникалық қамсыздандыру», – деді ол. «Бізді бейбітшілік туралы ортақ көзқарас, мемлекеттер арасындағы қатынастар құрылатын қағидалар және біздің шекараларымыздың маңындағы халықаралық қатынастарда қалыптасатын үрдістер біріктіреді.
Біз кез келген даулы мәселелерді шешу кезінде халықаралық құқықтың басымдығын, егемендікті сөзсіз құрметтеуді, ұйымның барлық мүшелерінің мүдделерін ескеруді қолдаймыз», – деп мәлім етті ҚР Президенті. «ҰҚШҰ базасында төтенше жағдайларға ұжымдық реттеу жүйесін дамыту маңызды деп есептеймін. Біздің елдеріміздің тәжірибесі және әлемдік практика көрсеткендей, ТЖМ қызметкерлерінің дүлей апат кезінде құтқару операцияларын орындауы жиі кездеседі. Осындай жағдайда бір-бірімізге көмектесуіміз үшін арнайы топ құрып, оларды дайындап және арнайы техникамен қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бұл бағыт біздің еліміздің төрағалығының басты бағыттарының бірі болғанын атап өтті. Қазақстан бірлескен іс-қимылдар өткізу үшін ТЖМ «Шыңды қала Астана» оқу-жаттығу полигонын ұсынды.
Н.Ә.Назарбаевтың айтуынша, ұйымның жауапкершілік аймағында ШЫҰ, НАТО, ЕҚЫҰ, АӨСШК сияқты басқа да көпжақты қауіпсіздік институттары жұмыс істейді. «ҰҚШҰ құрылымдық ықпалдастықты көздейді», – деді ҚР Президенті. Сондай-ақ ол Біріккен Ұлттар Ұйымындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы жұмысты үйлестіруді жалғастыруды, халықаралық қатынастардың принципиалды мәселелері бойынша ортақ позицияны келісуді қолдайтынын жеткізді. Н.Назарбаев отырыстың қорытындысы бойынша, бұл салада ұйым шеңберіндегі қызметке тың серпін беріліп қана қоймай, әділ баға да берілетініне сенім білдірді.
Қазақстан Президенті ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етуіне қолдау мен көмек көрсеткендері үшін алғыс білдірді. Ұйым қабылдаған тәртіпке сәйкес, кезекті сессияаралық кезеңдегі төрағалық өз басымдығының тұсаукесерін жасаған Қырғыз Республикасына ауысты.
Бұған дейін хабарланғандай, ҰҚШҰ әскерлерінің құрылымы жетілдіріледі, келешекте ӘҚЖ-ЗҚҚ біріктірілген жүйесі құрылады. 2012 жылдың соңында ҰҚШҰ әскери комитеті құрылады. «Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне мүше мемлекеттердің шешімімен ҰҚШҰ аясында ҰҚШҰ әскерлері, ұжымдық күштер құрылғанын хабарлағым келеді. Бұл әскерлерге бұрын болған құрылымдардың бәрі – жедел әрекет етуші күштер, бітімгерлік контингенттер, екіжақты топтар, Орта Азия аймағының жедел жою күштері біріктірілді. Бұл әскерлерге арнайы операциялар және т.б. жүргізу үшін күш беріледі», – деп мәлім етті ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа.
Күннің екінші жартысында ЕурАзЭҚ мүше бес мемлекеттің, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттері ЕурАзЭҚ-тың жоғарғы органы – Мемлекетаралық кеңестің отырысын өткізді. Қауымдастықты одан әрі қайта құрылымдау және оның құрылымын оңтайландыру ЕурАзЭҚ-тың бұл саммитінің күн тәртібіндегі негізгі мәселе болды. ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттердің басшылары ұйым қызметінің қаржылық мәселелерін қарастырды. ЕурАзЭҚ-тың 2011-2013 жылдарға арналған Халықаралық қызметінің тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарының орындалуына, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-тың «Инновациялық биотехнологиялар» және «Уран өндіру өнеркәсіптерінің ықпалына шалдыққан ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер территорияларының топырағын қалпына келтіру» мақсатты бағдарламаларына баға беріліп, 15 шақты құжатқа қол қойылды. Отырыста сөз сөйлеген РФ Президенті Владимир Путин қоғамдастықтың өз алдына қойған мақсаттарын орындағанын атап өтті: Кедендік одақ өз жұмысын бастады, Бірыңғай экономикалық кеңістік іске қосылды, Ортақ реттеу органы – Еуразиялық экономикалық комиссия құрылды. РФ Президенті отырыстың міндеті – Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін ЕурАзЭҚ-тың 2015 жылға дейінгі қызметінің ауқымы мен өлшемдерін қалыптастыру екенін атап өтті. «Енді көпжылдық жұмысының соңында ЕураАзЭҚ БЭК-ке ықпалдастықты одан әрі тереңдету бойынша функцияларды тапсыруда. ЕурАзЭҚ қызметі саласының өкілеттігі айтарлықтай қысқарады, бұл бірлестікті қайта құру қажеттігін білдіреді», – деді ол. ЕурАзЭҚ бас хатшысы Таир Мансұровтың айтуынша, аталған мекеме алдағы уақытта, негізінен, мемлекетаралық әлеуметтік-гуманитарлық істермен шұғылдана алады.