Алматы қалалық «Боевое братство» қоғамдық қоры тағы бір жобаны қолға алып жатыр. Шілде айының басында Ресейдің Псковск облысына 30 шақты адамнан тұратын экспедиция сапарға шығады. Оның құрамында Қазақстанның әр аймағынан жиналған тарихшылар, археологтер, мұғалімдер және оқушылар бар.
Экспедицияның мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік неміс әскеріне қарсы шайқастарда қаһармандық көрсеткен қазақстандық жауынгерлер және Әлия Молдағұлова жайында ақпарат жинау. Жауынгерлерге көмілген зираттардағы қазақстандықтардың есімдерін анықтайтын деректерді, құжаттарды ақтару. Сонымен қатар оларды қайта жерлеу рәсімін ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылмақ. «Боевое братство» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Фадюшиннің айтуынша, осы жолғы экспедицияның тағы бір көздегені – арнайы капсуламен ортақ зираттан топырақ әкелу.
Экспедиция мүшелері ресейлік «Вахта Памяти 2013» жобасымен бірлесіп жұмыс жасамақ. Жұмыс барысы екі бағытта жүреді: оның алғашқысы құжаттарды ақтару ісі болса, екінші бағыты – қазба жұмыстарына қатысты. Экспедиция ұйымдастырушы «Боевое братство» қоғамдық ұйымы қазір қаржылай демеушілер іздеумен айналысыпжатыр.
Псковск ауданында 2-нші Балтық бойы майданының 22-армиясы, 54-інші жеке атқыштар бригадасы шайқас жүргізген. Олардың қатарында ерлік көрсеткен қазақстандықтар аз болған жоқ. Зираты анықталмаған жауынгерлердің қатарында Әлия Молдағұлова да бар. Осы уақытқа дейін Әлияның бейіті деп есептеліп келген зират басқа біреудікі болып шыққаны соңғы кездері баспасөздерде жиі айтылып жүр. Бұл ақпарат ресейлік «След пантеры» іздестіру тобының ескі әскери құжаттарды ақтаруы барысында анықталған екен. Соғыс жылдарында Әлияның бейіті болжам бойынша ғана көрсетіліп, ол жерге арнайы құлпытас орнатылған. Алайда 60-жылдардағы құжаттарда да бұл бейітте Әлияның жоқ екені айтылған. Нақты іздестіру шаралары енді жүзеге асырылып, оның қай жерде жатқаны анықталған көрінеді. Соғыс кезінен жеткен әскери мұрағат бойынша Әлияның сүйегі 500-ден астам қазақстандық жауынгермен бірге Псков облысындағы Пичевка деген жерде жатыр. Енді «Боевое братство» қоғамдық қорының ұйымдастыруындағы экспедиция бұл мәліметті барынша анықтап, Әлияны қайта жерлеу мәселесін ұйымдастырмақ.
Сонымен қатар Псковск маңындағы шайқаста қаза болған барлық қазақстандық жауынгерлердің есімдері қайта қаралып, олардың жатқан жерлерін анықтау шаралары жүзеге асырылмақ. Мәселен, есімі қазақ арасында көп айтылмайтын тағы бір батырымыз осында жатыр. Соғыс барысында 397 фашисті жер жастандырған Төлеуғали Әбдібеков есімді снайпер де ортақ зиратқа көмілген.
Аталған шара жөнінде толығырақ мәліметті төмендегі сілтемелер бойынша таба аласыздар:
https://www.facebook.com/bbalmaty2013
https://vk.com/public52938316
www.boevoe-bratstvo.kz