Әр халықтың төл музыкалық өнері «халық музыкасы» деп аталатыны ежелден мәлім. Б.Ерзакович, А.Затаевич, А.Жұбановтардың зерттеулерін қарап шықсаңыз, көзіңіз жетеді. Соңғы уақытта қазақ халқының ұлттық музыкасын дәстүрлі музыка, нақтырақ айтсақ, дәстүрлі ән мен күй деп атап жүрміз. Халық музыкасының қазақтың музыкалық мұрасының сызат түспеген, мөлдір қайнар бұлағы, бастауы екеніне ешкім таласа алмайды. Дегенмен төл өнеріміздің деңгейі әлем сахнасынан орын алған, биік дәрежелі классика екенін білуіміз және мойындауымыз қажет. Онсыз да классикалық статусы кәсіби өнертанушылар тарапынан дәлелденген музыкамыздың қалай аталғаны жөн? Себебі қазақтың ұлт ретіндегі дүниежүзіндегі рөлін айқындайтын басты бейнесі – салт-дәстүрі, музыкасы және өнері.
ҮЛКЕН ХАЛЫҚТЫҢ ҮЛКЕН ӨНЕРІ
Қазақтың музыкасын зерттеуге елеулі үлес қосқан – Жұбановша айтар болсақ, «қазақтың жанашыры» Александр Затаевич. Ғалым өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағының кіріспесінде 6 млн жан қазақтың басынан небір қиындықты, ашаршылықты, зұлматты жылдарды өткере келе, көшпенділіктен отырықшылыққа ауысқанын, жастарының санасының оянғанын, оқуға ұмтылып, рухани байлығын іздеп, бағалай бастағандығын айтады. «Осындай жағдайда жаңа саяси және экономикалық өмірдің алаңына шыққан осы үлкен халықтың рухани бейнесін жақынырақ тануға құлшыныс туады. Сол арқылы қазақтың жалпы адамзаттың рухани жаулау қазынасы мен халықтардың мәдени жетістіктеріне қосқан үлесін қосудағы орнын бағалауға мүмкіндік туды», – дейді ғалым қазақтың музыкалық мұрасын зерттеуге енді кіріскен шақта. Затаевич бізді санымыз азғана болса да, «үлкен халық» деп танып отыр. Үлкен халықтан үлкен өнердің шықпауы мүмкін емес. Әлем мойындаған Абайдың ән-күйлерін қоспағанда, өлеңдері, Құрманғазының күйлері, Біржанның әндері, классикалық дәрежедегі авторы беймәлім халық әндері тек екі шекті домбыраның сүйемелдеуінде ғана орындалмай, «классикалыққа лайықты» деп есептейтін еуропалық музыкада да көрініс тауып жүр. Жәния Әубәкірова, Ақтоты Райымқұлова сынды төрткіл дүние мойындаған музыканттарымыз шетелді батысеуропалық музыкамен емес, тек ұлттық музыкамызбен ғана таңғалдырып жүргендігін айтады. Классиканың шыққан отаны өнерімізге таңдай қағып отырса, демек, біздің музыканың да классикалық болғаны ғой?!
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші, өнертанушы:
– Қазақтың қаншама ғасырдан бері тамыры үзілмей келе жатқан мұрасын бірыңғай «классикалық музыка» деп атау дұрыс емес. Басқа халықтардың таласпайтыны бұл – қазақтың дәстүрлі, төл музыкасы. Бірақ дәстүрлі музыка «классика емес» деп айтуға келмейді. Қазақта Абайға дейін де қаншама ақын болған. Бірақ Абай – классик ақын. Себебі оның өлеңдері, ойлау деңгейі, поэзиясы әлемдік өреде, қанша ғасыр өтсе де, саф алтындай құнын жоймайды. «Классика» ұғымы халықтың ішінен шықса да, қанша уақыт өтсе де, құнын жоймайтын, мазмұны терең, құрылымы кемел мұраға қатысты айтылады. Осы тараптан келгенде, Құрманғазының күйлерін қалайша классикаға жатқызбайсың? Егер классикалық деңгейде болмаса, ЮНЕСКО Құрманғазының «Сарыарқасын», бүкіл әлем Әмірені мойындай ма? Барлығы өнердің салмағына байланысты. Қазақ халқы үшін Абайдың мұрасы қандай асыл болса, Құрманғазының «Сарыарқасы», «Төремұраты», Тәттімбеттің «Саржайлауы» сондай асыл. Аталуы дәстүрлі болғанымен, деңгейі классикалық. Дәстүрлі музыка дегенді ысырып тастай алмаймыз. Тек классикалық деп атасақ, еуропалық форматта операға арналып жазылған ба, домбыраға жазылған ба, түсініксіз болып қалады.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, композитор, өнертанушы:
– «Классика» деп айту оңай,ол – жай сөз ғана. Біз, мысалы, консерваторияда қазақтың халық классикасы деп атаймыз. Классика «сленг» іспетті, классика деп Еуропада жазылған нәрсені атаймыз. Еуропалық уақыттан келе жатқан симфониялық оркестрдің классикалық құрамын еуропалық құрам деп атайды. Ал біз неге қазақтың дәстүрлі музыкасы деп атаймыз? Өйткені ол классика болмаған соң деп қарамаймыз. Ол да – классика. Бұл жерде әртүрлі түсінік бар. Мұны оғаш қарау деп түсінбеу керек. Музыкант ретінде мен үшін «дәстүр» деген сөз төмендету емес, «классика» дегеннен де биік естіледі. Біз өз дамуымызды тек Қазақстанда, қазақ халқы ретінде ғана қарамай, жалпы дамуда қарамауымыз керек. Классика – батыста дамыған еуропалық даму түрі, классикалық өнерді дамытатын қазіргі заман өнері. Ал біздегі дәстүрлі өнердің дамуы – дәстүрдің жалғасы. Бұл – біздің өнер. Тіпті заманауи кәсіби композиторлар, біздер де, классикалық өнер бола алмаймыз. Біз олардың жанрын, оркестрлік құрамын пайдалана отырып, өзіміздің идеяларымызды олар түсінетін тілде береміз.
ҚАЗАҚТЫҢ МУЗЫКАСЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ
Өнер жанашыры Ерлан Төлеутай 1971 жылы Мәскеуде дүниежүзінің музыка майталмандары жиналған Халықаралық музыка симпозиумын тілге тиек етті. Сол кезде әлемнің араб, жапон, қытай, үнді, басқа да ірі ұлт елдері арасында өз музыкаларын классикалық деп атау төңірегінде үлкен дау болыпты. Кей халық ұлттық ерекшелігін дәлелдеп, музыкасына классикалық статус алып алыпты. «Ал біздің музыкамызды классикалық деп атауымыз әуелі әлемдік өркениеттегі алар орнымыз, саясатымыз үшін қажет» деп санайды зерттеуші.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:
– Қазақтың әлемдік өркениетке қосқан бірден-бір үлесі – музыка. Қазақтың ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы музыкасы бүкіләлемдік классикалық музыка талаптарына жауап береді. Дүниежүзілік ғалымдар көшпелілер музыкасы үлкен ғаламдық деңгейге жетті деп баға берді. «Дәстүрлі музыка» атауы Тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болды. Оған дейін бірінші кәсіби музыкатанушы Ахмет Жұбанов, Ілияс Омаров, Жексенбек Еркімбеков Ерзакович, Затаевич қазақтың музыкасын классикалық музыка деп атады. Сол кезде әлемде қай халықтың музыкасы классизм талаптарына жауап береді?» деген әлемде үлкен даулар болды. Орта ғасырдан 1970 жылдарға дейін классикалық музыка атауы Еуропа музыкасына ғана тән болды. Басқа халықтар дәстүр, фольклорлық деңгейде қалған деген түсінік қалыптасқан. Қазақтың өз ішінде қалай атасақ та болады. Бірақ атауының классикалық деп аталуы елдің мәдени саясаты үшін керек. Сырткөз ретінде жарнама алдына жиналған қауымды қарасам, олар дәстүрлі музыка концертін фольклорлық, жай ғана «жар-жар» деңгейіндегі тұрмыс-салт өнері деп қабылдайды. «Қазақтың классикалық әні» десе, «Апырмай» деп ел қызықпай ма? Қазақ ешқашан мынау классикалық не дәстүрлі ән демеген. «Асқақ ән», «халық әні», мынау Арқаның әні, Жетісудың сарыны» деп қолқа салып сұрайтын. Қазақ халқы қандай музыка шығарғанын анықтап алуы керек. Қазақтың музыкасы – қазақтың жаны. Оны алып тастасақ, қазақта түк қалмайды. Біз қазір құндылықтың орны ауысқан заманда тұрмыз. Эстрада алға шығып, төл өнеріміз екінші кезекте қалды. Тобыр үшін «эстрада» деген – аты күшті, батыстың, өркениеттің сөзі. «Дәстүр» деген – «мырқымбайский, ауылбайский, қазақбайский, колхоз, мамбетский» дейді. «Эстрада» деген – Америка, Стинг, рок, Битлз, Мадонна. Арнайы мемлекеттік заң, идеология арқылы қолға алып, ұлттық музыканы қорлаған, тіл тигізген, кір келтіргендерді ҚР заңына сәйкес жауапқа тарту керек.
ӨЗ АСЫЛЫМЫЗДЫҢ БАҒАСЫН БІЛСЕК
Өнертанушылар Әсия Мұхамбетова мен Гүлнар Бегалинова көтерген мына мәселе бүгінгі мәселенің себебін ашып тұрғандай: «Қазақтың дәстүрлі және қазіргі заманғы (композиторлық және бұқаралық) музыкасы БАҚ-та тіпті оны тысқары айналып өтуге болмайтын кезде де естілмейді. Бізді ауыл, табиғат пен экология, әскери қызмет, халықтық дәстүрлер мен мерекелер, Қазақстанның тарихы мен өнеріне қатысты бағдарламалар ауылдық ақкөңілділікпен Батыс Еуропаның XVIIІ-XIX ғасырлар музыкасымен әрленуі керек деп үйретіп тастаған. «Бұл жерде орыстың, Латын Америкасының не үндінің музыкасы неге берілмеген?» деп сұрала қалса, еуропалық классиканың теңдесі жоқтығы туралы түсінік тұрады. Ол да – басқа классикалық музыка секілді өз заманы мен өз туған жерінің өнері. Оған әлемдік теңдесі жоқ өзіндік «музыкалық эсперанто» статусының берілуі, Ален Даниэл ескерткендей, оның өзінің бұзылу қаупін тудырады. Өркениетті БАҚ-та француз революциясы туралы хабарды Чайковскийдің, итальяндық көркемсурет хақындағы хабарды Сибелиустың музыкасымен, ағылшын шахтерлерінің өмірін швейцариялық йодльмен әрлеуге болмайды. «Ұлы суретшілер әлемі» («Мир великих художников») топтамасында музыкалық рет дәуір мен мәдениетке қарай тарихи-стильдік байланыс қалай қатаң сақталған десеңізші?! Бізде музыкалық редакторлар кәсіби деңгейде емес, не редакцияда ондай қызмет жоқ. Дәстүрлі классикалық музыканы түсінбеуін көпшілік қазіргі заман адамдары болғандықтан, әр заманның өзіне сай талғамы бар екенін айтып, өткен дәуір музыкасы оларды селт еткізе алмайтындығын айтады. Негізгі ақиқат дәстүрлі музыкалық тілді түсінбеуінде жатыр».
Бұдан артық пікір айта алмасымыз анық. Классикалық дәрежедегі өз асылымызды өзге елде ғана гауһардай жарқыратпай, өз елімізде де бағасын біліп, қадіріне жеткен уақытта ғана әр нәрсе өз орнына келеді. Басты мәселе – осында.