Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше Qazaqstan ұлттық арнасына бірген эксклюзивті сұхбатына қатысты сарапшы мамандар қолдау білдіріп жатыр. Солардың бірі саясаттанушы Расул Жұмалы. Өзгерістер әлбетте қажет, бірақ қантөгіс пен елдің шаңырағын шайқау арқылы емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға тартқаны да – осындай өркениетті жол, - дейді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық телеарнаға берген сұхбаты көңілден шықты. Ескіше сыланып-сипалған емес, журналистика саласының хас шебері Жайна Сламбектің елді толғандырған өткір сұрақтарына ашық жауап қайтарылды. Бұның өзі халықтың сөзіне құлақ асушы билік тұжырымының іс жүзіндегі көрінісі. Ендігіде осындай оң үрдісті премьерден бастап министрлер мен әкімдер жалғастырғаны абзал. Онсыз қоғамдық келісім мен бірлікке қол жеткізу мүмкін емес.
Орын алған қателіктерді түзетуге келгенде Мемлекет басшысы қызбалыққа салынбай, керісінше ақылға жүгініп әрекетттенуге басымдық беретінін айтты. Өз басым бұл ұстаныммен толық келісемін. Айналып келгенде гүлденген әрі әділ қоғам бұрынғыны қопара салумен орнаса, үш революциядан өткен, төрт президентінің үшеуі сотталған Қырғызстан қайда қалды? Иә соңғы жарты ғасырда он бес мемлекеттік төңкерістен көз ашпаған Сирияның күні не болды? Өзгерістер әлбетте қажет, бірақ қантөгіс пен елдің шаңырағын шайқау арқылы емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға тартқаны да – осындай өркениетті жол, - деді ол.
Оның айтуынша, тұтас елдің, миллиондаған азаматтың тағдыры сөз болғанда жауапкершілік пен қырағылық әркез бірінші орында болу керек.
Ал енді саяси реформалардың жалғасын сөз етсе, бүгін мемлекет басшысы 1 наурызда NurOtan партиясының кезектен тыс сьезін шақырту туралы шешім қабылдады. Оған бүкіл аймақтардың өкілдері қатысып, Жаңа Қазақстанды құру міндетіне сай партияны жаңарту және оның әлеуетін жұмылдыру мәселелері қаралады. Мұның өзі тиісті өзгерістердің үдемелі, алайда асығыстыққа иә асырасілтеушілікке жол бермей байсалды жүріп жатқанын тағы да байқатады.
Қалай болғанда да қоғамдық-саяси сахнада басқа күштер әлі қалыптасып үлгермей отырғанда, ағымдағы түйткілдер мен міндеттер жедел шешімді талап еткенде басқаша әрекеттену зор қателік болар еді. Сайып келгенде кез-келген реформа атаулы әлдебір эксперимент емес, бүгін сәтсіз шықса ертең қайта байқап көретін. Тұтас елдің, миллиондаған азаматтың тағдыры сөз болғанда жауапкершілік пен қырағылық әркез бірінші орында болу керек, - деді саясаттанушы.