Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері "Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы" жоспарын іске асыру аясында арнайы жедел іс-шаралар кешенін іске асырып келеді. Осындай кезекті қызмет барысында полицейлер мал ұрлаумен айналыскан адамдар тобының жолын кесті. Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов мәлімдеді:
"Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының тәжірибелі қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, жыл басынан бері облыс аумағында үш ауданда ірі қара мал ұрлығымен айналысқан адамдар тобын ұстады.
Нақтырақ айтсам, жедел уәкілдерге Бәйдібек ауданында мал ұрлығымен айналысатын белгісіз біреулер туралы ақпарат келіп түсті. Тәртіп сақшылары тергеу әрекеттеріне тез арада кірісіп, ұрланған малдарды сатып алушыны анықтады. Осы арқылы біз, негізгі екі күдіктіні, бұрын сотталған Бәйдібек ауданының тұрғындарын ұстадық. Мал ұрылары қораларға жасырын еніп, төрт түлікті жымқырған болып шықты. Содан кейін малдарды "Газель" көлігіне тиеп, Сайрам ауданының тұрғынына сатқан. Күдіктілерден заттай дәлелдеме ретінде "Газель" көлігі мен 5 бас ұрланған мал тәркіленді.
Одан бөлек жайылымдардан мал ұрлаумен айналысқан тағы екі адамдар тобы Отырар және Арыс аудандарында ұсталды.
Олардың бірі, Арыс ауданының 3 тұрғынынан құралған, мал ұрлығының 12 дерегіне қатысы бар топ. Мұндағы күдіктілерден "Газель" көлігі, тіркелмеген мылтық пен оқ-дәрілер, сондай-ақ 3 ірі қара малдың терісі тәркіленді.
Ал Отырар ауданында ұсталған адамдар тобы 3 адамнан тұрады. Олардың мал ұрлығының 3 дерегіне қатыстылығы дәлелденген. Күдіктілерден жүк көлігі мен 1 сиыр тәркіленді. Олар ұрланған малды Арыс қаласында және Сайрам ауданында сатқан.
Қазіргі уақытта осы жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда. Тергеу күдіктілердің Түркістан облысы аумағында жасалған басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтайды" - деп атап өтті полиция полковнигі Қ. Сахов