Қыркүйек айында еліміздің аумағында «Қазақстан аңыздары» атты тұңғыш автоэкспедиция басталады. Жобаның басты мақсаты – Отанымыздың табиғи және тарихи құндылықтарын дәріптеу.
Автоэкспедицияны Қазақ географиялық қоғамы, Volkswagen сауда белгісі және Kino Park кинотеатрлар желісі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Қазір экспедицияның жүру бағыттары анықталып жатыр. Тұңғыш автосаяхатты Terain Tech пакеті бар Volkswagen Touareg 3.0 TDI және Off Road пакеті бар Volkswagen Amarok 2.0 TDI жол талғамайтын көліктері жасайды. Көліктер еліміздің ең көркем, бірегей, ең шалғай аймақтарын жүріп өтпек. Барлығы 10 мың шақырымды құрайтын танымдық-спорттық сапарға 60 адам шығады. Олар Қазақстанның жеті облысының аумағын, оның ішінде бес ұлттық саябақты, 10 таулы өңірді аралайды. Атап айтқанда, экспедиция Жоңғар Алатауынан басталып, Шыңғыстау, Алакөл, Марқакөл, Наурызым қорығына, одан әрі Мұғалжарға ұласады. Бұдан соң Каспий жағалауындағы бірегей табиғи аймақтармен өтіп, Сарайшық тарихи кешеніне, Маңғыстау түбегіндегі киелі жерлерге, Бетпақдала мен Ақсу-Жабағылыға бет түзейді. Сөйтіп, саяхатшылар автоэкспедицияны Алматыда қорытындыламақ. Экспедиция ұйымдастырушылары сапар бойы көрген-түйгендерін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлап отырады. Олар түсірген суреттер арнайы жинаққа топтастырылып, жарыққа шығады.
Тұңғыш автосаяхат табиғи-тарихи құндылықтарды паш етпек
Последние статьи автора