Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент өз құттықтауында бұл күннің тек әскери қызметшілер үшін ғана емес, баршаға ортақ қастерлі мереке екенін айтады.
“Елін қорғау – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі. Қазақстан армиясы кез келген жағдайда мемлекетімізді қорғауға дайын болуы керек. Қарулы Күштеріміз еліміздің егемендігі мен тұтастығының және халқымыздың мызғымас бірлігі мен жарқын болашағының кепілі болып қала береді”, – дейді Тоқаев.
Айтуынша, бүгінде жауынгерлер батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, ел тыныштығын қырағылықпен күзетіп тұр. Олардың қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қалтқысыз қызметі – өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.
“Өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, антына адалдық танытып жүрген барлық сарбаздарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Армиямыздың айбыны асқақтай берсін! Еліміздің іргесі әрдайым берік болсын!
Әскери қызметшілерге, ардагерлерге және барша отандастарымызға зор денсаулық, қажымас қайрат пен бақ-береке тілеймін!”, – деп қосты президент.