Бөлемнің «р» дыбысына тілі келмеуші еді. Ол кезде жасы үш-төрттерде болуы керек, шамасы. Бір күні өзімше әлгінің тілін «р»-ға келтіріп көрейін деп, шақырып алып, «р» дыбысы бар сөздерді айтқыза бастадым. «Трәктір» дегіздім бе, «ракета», «радиатор» дегіздім бе, кішкентай тіл бәрібір ырыққа көнбеді. Айтқызған сөздерімнің бәрі «тләктіл», «лакета», «ладиатол» болып кетеді. Бұдан нәтиже шықпасына көзім жеткен соң, басқа тәсілге көштім. Енді атауында «р» дыбысы бар заттарды көрсетіп, атын сұрай бастадым. Қолыма түскені бөтелкенің «крышкасы» еді. «Мынау не?» деп сұрадым «крышканы» көрсетіп. Бала үндемейді. Сұрақты тағы да қайталадым. Сонда да үн жоқ. Шыдамым таусылып барады. Ол үндемеген соң, сұрағыма өзім жауап бердім. «Крышка ғой, крышка! Осыны да білмейсің бе?» – деп әдейі намысына тидім. Сөйтсем, әлгім «ақымақ, ол – қақпақ!» деп қаша жөнелмесі бар ма?!
Байқасаңыз, бүгінде елімізде тілінің мүкістігі бар балалар жиі кездесетін болды. Көптеген дыбысты дұрыс айтпай, бұзып айтатындар көп. Баяғыда «р» әрпін «ыл» немесе «ғы» деп оқитындарды ғана көруші едік, қазір «қ» мен «г» әрпін «т» қылып, «р»-ны «м»-ға ауыстырып, «л»-ны «у»-мен алмастырып, «с», «ш», «ж», «з» әріптерін «ч» қылып айтатындар баршылық. Яғни дыбысталу жағынан бір-бірімен бес қайнаса сорпасы қосылмайтын әріптермен алмастыру — үлкен проблема. Балабақшаға барсаңыз, дыбысты дұрыс айтатын баланы шам алып әрең табасың. Ата-аналардың алаңдайтыны да – сол. Былдырлап шыққан баланың тілі сол былдырлаған күйі қала берсе, қай ата-ана уайымдамасын?! «Баламыздың тілі дұрыс шықпай жатыр» деп, үйіне логопед мамандарды шақырып жүргендер де бүгінде көбейді. Оны айтасыз, тіпті балабақшаларда логопед деген мамандық тапшы болып барады.
Логопедке сұраныс неліктен өсіп келеді?
Баяғыда логопед дегенді қазақ көрмек түгіл, естімейтін де, оның не екенін де білмейтін. Ал бүгінде екінің бірі біледі. Тіпті логопедиялық балабақшалар да бар.
Оған да кезекке тұрғандар жетерлік. Осы жерде «бүгінде неге тіл мүкістігі бар балалар сонша көбейіп барады» деген сұрақ туады. Неге мұндай проблема қазақ балалары арасында белең алуда?
Бір ғана мысал. Мәселен, Астанадағы жекеменшік «Е.» (атын әдейі атамай отырмыз) балабақшасына қыркүйекте естияр тобына (3,5-4,5 жас аралығындағы балалар) 20 бала келеді. Соның 12-сі жасына сай дұрыс сөйлей алмайды. Ал ересек тобына келген 18 баланың 10-ға жуығының сөйлеу тілінде кемшіліктері бар.
Жалпы, тіл мүкістігі неден болады? Бұған мамандар бірнеше себеп айтады. Соның біріншісі – емізіктен. Емізікті көп емген баланың таңдайы тереңдеп, икемсізденіп, артикуляциялық қозғалысы нашарлайды. Яғни дыбыстың дұрыс шығу-шықпауына себептердің бірі – таңдай. Таңдайдан болған ақаудың әсерінен әріптер дұрыс дыбысталмай жатады. Ал бұрынғы қазақ балалары емізік дегенді білді дейсіз бе?! Бұрын мұндай проблеманың сирек болуы сондықтан да болар.
Екінші себеп – ата-ананың баласына дұрыс көңіл бөліп, әңгімелеспеуі. Мәселен, бала бір жаста 5-10 сөз айтуға тиіс екен. Екі жаста 200-300 сөз білетіндей қабілетке жетеді. Үш жаста күрделі сөйлемдерді айтып, дауысты дыбыстарды толық меңгереді екен. Осы жастан бастап баланың жалпы сөйлеу тілі дамиды және оған тікелей себепкер ата-анасы болады. Қазіргі күні көп ата-ана баласымен бір жасынан бастап сөйлесе бермейді. Сөйлесетіндері сирек. Оның өзінде баланы шектен тыс еркелетіп (гиперопека), кәдімгі түсінікті тілмен емес, баланың былдырлаған тілімен сөйлеседі (баламен бала болып). Бала уілдеп сөйлесе, анасы да баламен қоса уілдейді. Бұл дұрыс емес. Керісінше, бұл жағдайда ана баласын түсінбесе де, онымен дұрыс сөйлесіп, сөз үйретуі керек. Бұл қызметті отбасы институтында негізінен әжелер атқарған. Бір топ немересін айналасына жинап, буыны қатпағанын алдына алып, ертегі айтатын. Ал енді бесіктен белі шықпағанына келетін болсақ, онымен анасы айналысатын. Баланың санасын қалыптастырып, тілін қазақша шығаруда бесік жыры – нағыз тамаша әдіс. Яғни балаға әлди айту, баламен әңгімелесу деген сөз. Бұл бала тілін қазақша шығаруға сеп болады дейтін себебіміз, «Әлди-әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем. Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін, Көкқұтанның құйрығын жіпке тағып берейін» деген бесік жырында, байқасаңыз, дауысты-дауыссызы, жуан-жіңішкесі, қатаң-ұяңы бар дыбыстар түгелге жуық кездеседі. «Баланы бастан» дегенде атам қазақ осыны да меңзеген сияқты.
Үшінші себеп – баланың топырақта ойнамауы. Бүгінгі күннің балалары баяғыдай топырақта ойнаудан қалды. Турасын айтсақ, ата-ана балаларын топырақта ойнаудан шектеп жатады. Ал ғалымдар тілдің дамуына бала қолының ұсақ моторикалары, яғни қол бұлшықеттері мен саусақтарындағы нүктелер әсер етеді деп дәлелдеп берген екен. Ал қазақта мұның рөлін үйде отырып ойнайтын «Ханталапай», «Бес асық», түзде ойнайтын «Шеңбер», «Тигізбекіл», «Үш табан» секілді асық ойындары жақсы атқарған. Бұлардың барлығы осы ұсақ моториканы дамытуға жақсы әсер етеді. Тіпті баланың қолына сүйек ұстатып, мұжытып қою да тілдің дұрыс дамуына оң әсерін тигізбек. Біріншіден, алақанның бұлшықеттері шираса, екіншіден, сүйек мұжу арқылы бала артикуляциялық жаттығулар жасайды.
Артикуляциялық жаттығудың тағы бір тамаша қазақи тәсілі – ұртына құрт салып, сорып жүру. Қазір малта сорып жүрген қай қаланың баласын көрдіңіз? Өте сирек! Сондықтан да ауылдың балаларында ондай проблема жоқ. Тіпті тілінің мүкістігінен құтылу үшін грек философы Демосфен де екі ұртына тас салып жүрген. Көпшіліктің көзайымы, талайға танымал болған «Карнавал» фильмін көрсеңіз, онда да тілінің мүкістігі бар Нина Соломатина аузына жаңғақ салып алып, жаттықпаушы ма еді?!
Гүлзат ЕРМЕКБАЕВА, логопед:
– Тіл мүкістігіне әкеліп соғатын үлкен мәселелердің бірі – баламен отбасында орысша сөйлесу. Үйде орысша сөздерге құлағын «қыздырып» келген баланы балабақшада тәрбиешілер қазақша сөйлеуге мәжбүрлейді. Соның нәтижесінде бала еркін сөйлеу қабілетінен айырылады, бұдан тіл мүкістене бастайды. Яғни дыбысталуы ұқсас әріптерді ажырата алмай қалады. Мұндайда қазақ балаға жаңылтпаштар айтқызған. Мәселен, «Шеше, шеше, неше кесе сынды кеше?» деп айтқызу баланың тілін қалпына келтірген. Сондықтан да бала есейгенше онымен тек бір тілде ғана сөйлесіп, оған қазақша жаңылтпаштар айтқызу керек.
P.S.
Жасұлан деген логопед-дефектолог танысым «қазақ баласының ақыл-ойын, тілін дамытуда өзге елдердің әдістемесі жақсы нәтижелер бере бермейді, қазақ болып туған балалардың ой-өрісін, тілін дамытуға тек қана қазақи әдістеме қажет» деп жиі айтатын еді. Өзі де осы тақырыпта диплом қорғаған. Яғни қазақтың ұлттық ойындары, ұлттық дәстүрлері, ұлттық тәрбиесі ғана баланың санасына сіңімді. Ендеше, жоғарыда айтылған әңгімелер – қазіргі Батыстың әдістемесін қолданып жүрген логопедтерімізге құлаққағыс. Логопедтен бұрын ата-ана қаперге алса дейміз.