Танымал академик Асқар Жұмаділдаев математиктерді «есеп шығара алатын» және «шығара алмайтын» деп екі топқа бөледі екен. Ғалым: «Министрліктегілердің «мамандарға мұқтажбыз» деп отырғаны, менің ойымша, бізде есеп шығара алатын математиктер жоқ» дегенді білдіреді», – дейді. Рас, елге жетіспейтіні де – техника маманы. Қазақтың байлығы техниканың тілін білетін, яғни математика, физика, химия, биологияға жүйрік адамдардың аздығынан игерілмей жатыр. Әлемдегі дамыған елдердің даму тетігіне көз салсақ, олар техника мен инновацияға баса назар аударады. Біз ше?
«ФИЗИКА, ХИМИЯ – КІРМЕЙДІ МЕНІҢ МИЫМА...»
«Физика, химия – кірмейді менің миыма» деген қасаң қағида кеңес тұсында мектеп оқушыларының санасын улағаны рас. Алгебра, геометрия, физика сынды есеп пәндеріне оқушының мән бермейтіні де сондықтан. Тіпті сол пәннен сабақ беретін мұғалімнің өзі жоғарыдағы жауыр болған сөзді айтып, оқушының нақты пәндерге деген тәбетін ашудың орнына, жауып тастайтын. «Тәрбие – тал бесіктен» деген қазақтың отбасында есеп-қисапқа қатысы бар адам болса, баласы да нақты ғылым пәндеріне ден қоюды бастайды. Ал әдебиет пен мәдениет, кілең сөзшең ділмарлар жиналған шаңырақтан техниктің шықпайтыны анық. Сонда не істемек керек? Әуелі бұл ғылымдардың елдің дамуындағы маңыздылығын ата-ана сезінгенде ғана баланы қай пәнді оқуға бағыттайтынын мықтап шегелемек. Мектептегі ұстаздың сабақты қызықты өткізіп, оқушыны өзіне баурап алуы – өз алдына сын.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымының докторы:
– Елдің дамуы, ұлттың дамуы адами капиталмен байланысты. Адами капитал дегеніміз – адамдардың интеллектуалдық, кәсіптік деңгейі. Әр адамның, ұлттың жиынтығы мемлекеттің деңгейін көтереді. Әсіресе, жастарға дұрыс бағыт, түзу тәрбие беріп, ертеңгі күні сол арқылы болашақ жасалатынын ойда ұстауымыз керек. Білімге негізделген инновациялық экономиканы дамытатын жаңа технологиялар – ғылым мен білім нәтижесінде жасалған үлкен жобалар. Олар негізінен жаратылыстану саласынан жасалады. Біз осындай болу керек деп айтамыз, ал математиканың жақсы қасиеті – формула түрінде үлгісін жасап береді. Математика арқылы өндірістің нақты бір жобасын жасамай, сол арқылы модельдеп үлгісін жасап, тексеріп алуға болады. Жаратылыстану – ғылым мен білімнің негізін жақсы жасайтын ғылымдар. Гуманитарлық бағыттағы мамандар ренжімесін, адамзаттың, елдің, ұлттың дамуында оның да өзіндік орны бар. Гуманитарлық сала – жігер беретін, ұлттық сананы көтеретін рухани платформа. Ол болмаса, ертең ұлтқа, мемлекетке қалай қызмет етеміз? Сондықтан жан-жақты дамыған жақсы маман дайындасақ, ең жақсы идеал болатын еді.
Мемлекет дамуының қозғаушы күші ғылым, әсіресе жаратылыстану ғылымдары екенін ел түсінді. Ілгерілеу де бар. Бүгінде лауазымды қызметтерден ойып орын алып отырғандардың көпшілігін білім нәрімен сусындатқан атақты О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының Халықаралық Жәутіков олимпиадасын өткізіп келе жатқанына жеті жыл болды. Бұдан тыс өткізіліп жатқан халықаралық, республикалық білім додалары қаншама. Әлемнің озық техникалық оқуларына сүрінбей түсетіндер де – нақты ғылымды игергендер.
ОТАНДЫҚ ТЕХНИКТЕН ШЕТЕЛДІК МАМАН НЕГЕ АРТЫҚ?
Республикамыз елге қажетті мамандықтар тізімін де айқындап алды. Негізінен, педагогтер мен техника, медицина саласы мамандарына баса назар аударылуда. Биылғы жылы 35 046 мемлекеттік грант бөлінген. Оның ішінде ең көп бөлінгені: 1000 грант педагогтер үшін сырттай оқуға, техника ғылымдарына – 11 827, жаратылыстану ғылымы және бизнес – 1350, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыруға 3600 грант бар. Сандар сайрап тұрғанымен, білім сапасы әлі күнге дейін көңіл көншітер емес. Әсіресе елдің аса зәру мамандық иелерін дайындау саласында.
Әужан САҚАБЕКОВ, ҚБТУ жоғарғы математика және кибернетика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы:
– Жастарда техника саласына деген қызығушылық бар, бірақ әлемдік стандартқа сай жеткілікті дәрежеде білім беріліп жатқан жоқ. Оқу стандарттарын жақсылап жөндеу қажет. Қазақ-Британ техникалық университетінде дайындық жаман емес, әлдеқайда дұрыс. Жұмысқа да орналаса алады бітіргендер. Ал басқа техникалық университеттерде бұл мәселе қалай? Балалардың жұмысқа орналаса алмау себебі – ЖОО-дағы білімнің жетіспеуінен. Техника мамандарын дайындайтын мұғалімдер де жеткіліксіз. Кеңес өкіметіндегі мен қазіргі технология бөлек. Батыстың технологиясын алып кететіндей ұстаздар жоқ. Мұғалім білмеген соң, одан білім алған студент те жеткілікті білім алмай шығады.
Кәсіпорын, фабрикалардағы қондырғылар да заманауиланып жатқанда, білім жүйесіне де реформа қажет екендігі байқалады. Жаратылыстану ғылымын тереңдетіп оқытатын мектептер бар, техникалық университеттер де жетерлік. Ал барлығына бірдей сұраныс жоқ. Жұмыс таба алмай жүрген инженер қаншама. Жұмыс болған күннің өзінде олардың маңдай тері шетелдік инженерден кем бағаланып жатады. Шындығында, біздің маманның барлығы бірдей өз ісінің қас шебері дей бермей, кінәні өз білімімізден іздеген жөн шығар. Шетелдік маманды өз елімізде тайраңдатып, ақымызды жегізбеу үшін, білімімізді көтеріп алу ләзім болып тұр.
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ-МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНДА
Ел Тәуелсіздігіне 10 жыл толғанда, Қазақ-Британ техникалық университеті құрылса, былтыр Астанадан Назарбаев университеті бой көтерді. Әлемдік стандарт, күллі дүниені мойындатқан батыстық білім жүйесі бойынша оқытатын аталған оқу орындары уақыт өте келе үңірейіп тұрған техника саласын бір биікке көтерері хақ. ҚБТУ мұнай-газ, информациялық технология, қаржы-экономика факультеттері бойынша білім берсе, Назарбаев университетінде негізгі бағыт инженерия және медицина мектебі, жаратылыстану ғылымына бұрылып отыр. Қазақ топырағынан Нобель сыйлығының иегерлерін шығару мақсатында құрылған оқу орны діттеген мақсаттан шығары сөзсіз. Себебі оған тілек білдіретіндер де іріктеліп келеді.
Елбасының бастамасымен былтырғы жылдан бері инновациялық мектептер де ашылып жатыр. Астана, Семей, Көкшетау, Талдықорған қалаларында физика-математика, Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жұмыс істеп тұр. Жаңа оқу жылы басталғанда Н.Назарбаев мұндай мектептің саны алдағы уақытта 20-ға жететіндігін айтты. Елдегі дарынды балаларға арналған мектептер, 30 қазақ-түрік лицейі жылдағы мемлекеттік гранттан үздік көрсеткіш көрсетіп жүргенін білеміз. Ал зияткерлік мектеп оқушылары болашақта Назарбаев университетіне қиналмай түсе алады. Ел дамуының басым бағыттарын айқындап алдық. Енді бізге керегі – сөзден іске көшіп, терең де қажетті білім алу ғана.
«... 2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс. Білім беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – «Жаңа халықаралық университет», «Арнаулы қор» және қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан «Интеллектуалдық мектептер» секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ. Мен олардың менің есімімді алуына келісімімді бердім. Олардың отандық білім беру жүйесінің флагманы болып, осы заманғы оқу бағдарламаларын кейіннен оларды бүкіл республика бойынша енгізетіндей етіп әзірлеу мен байқап көру жөніндегі басты алаңға айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет».
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың халқына Жолдауынан (Астана қ. 29 қаңтар, 2010 жыл)
ТҮЙІН
«Қазақстан» ұлттық арнасынан инновациялық ғылыми жаңалық ойлап табушыларға байқау жарияланатындығы туралы күнде аңдатпа берілуде. Сыйақы да қомақты – 7 500 000 теңге. Бұл қаржы өнертабысыңызды өндіріске енгізуге артығымен жетеді. Ал өнер саласы байқауларының сыйы әрі кетсе 500 мыңнан аспайды. Миымызды жұмыс істетіп, жаңалық ойлап табуға талпынбауымыз өрге емес, көрге сүйрейтінін сезінетін уақыт жетті.
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын...» демей ме хакім Абай. «Дипломмен де жұмыс жоқ» деп құр зарламай, балаға жастайынан мемлекеттің тетігін жамауға пайдасын тигізерліктей, техника, нақты ғылым саласы мамандықтарын таңдауды санасына сіңіру қажет. Ендеше, шашыраған, нақты шешімге келмеген ойымызды, Ломоносов айтқандай, «математика арқылы тиянақтауға» кім кедергі?