Павлодарда қазақтың аңға салатын тазы десе ішер асын жерге қоятын әуесқой және кәсіби кинологтердің жиыны өтті. Кереку жерінде алғаш рет өткен халықаралық шара Қазақстан мен Ресей кинологтерінің басын қосты. Құмай тазы өсірудің қыр-сырымен бөліскен 150-ге жуық саятшы мен сарапшы маман бұл кәсіпті халықаралық деңгейде дамытып, барынша дамыту қажеттілігін алға тартты.
Жеті қазынаның бірі – тазы өсіру шаруашылығының болашағына алаңдаушылық білдіріп, тіпті парасатты жануарды халықаралық ұйымдарға тіркеп қоюды ұсынып жатты. Мамандардың айтуынша, тазы тұқымдасын өсіруді бір ізге түсіру мақсатында әзірленген арнайы құжат бар. Олар «тазы туралы арнайы заң қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді.
– Таза қанды қазақ тазыны өзге ит тұқымдастарынан бөліп алу қажет. Себебі тазы асыраушылардың саны жетіп-артылады. Өсіру тәсілдері сан алуан. Сонымен қатар жануарды халықаралық ұйымдарға тіркеу қажет. Осы орайда мұндай жиындардың берері мол, – дейді сарапшы маман Алексей Лепегов.
Бекболат ЫСҚАҚОВ, тазы өсіруші, Ақсу қаласы:
– Қазіргі таңда тазы өсіру шаруашылығы таңсық дүниеге айналып бара жатқандай. Киелі жануарларды мерекелерде ғана көретін болдық. Бұл – ұлтымыздың тарихымен бірге жасасып келе жатқан көшпенді өмірдің құнды жәдігері. Кәсіпті дамытпасақ – бізге сын. Тазы иесінің қоғамдағы әлеуметтік орны жұртшылық тарапынан әйгіленіп тұратыны тарихтан белгілі. Кезінде тазы саятшылық құралы ғана емес, қазақ ауылдарының асыраушысы да болған. Жыртқыштарға қаймықпай қарсы барып, қайсарлық, батылдық қасиеттерге ие. Ата кәсіпті дамытушылардың бірі атанғаныма дән ризамын.
Татьяна ШАХМАТОВА, тазы өсіруші, Новосібір қаласы:
– Қазақ халқы тазыны «ит», «төбет» деп атамағанын білемін. Шынында да, ол – қасиетті жануар. Тумысынан ақылдылығы мен адамға жақындығы ерекше баурады. Жиынға Айлакер және Норби есімді тазыларымды алып келдім.
Тазы – ұлттық құндылық
Последние статьи автора