Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында 30 үй мен 50 шақты қора-жайды су басып қалды. Жүздеген адам туысқандарының үйін паналауға мәжбүр болып отыр.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының хабарлауынша, Шолаққорған елді мекенінде 30 үй, 50 шаруашылық нысаны топан су ортасында қалған. Бұл үйлерде тұратын 1100 адам Созақ елді мекеніндегі туысқандарына көшірілді. Қазір тасқыннан зардап шеккен елді мекеннің іргесіндегі бөгет екі метрге ұзартылып, үш метрге биіктетіліп жатыр. Оңтүстіктің басқа да аудандарында тұрғындар тасқынмен әбігер. Шымкентте, Түркістанның Бабайқорған, Абай, Үлгілі елді мекендерінде су басқан үйлер көп. Жергілікті халық еріген қар суын сыртқа айдап, әлек болып жатыр. Алғабас ауылдық округі мен Бәйдібек ауданындағы Шақпақ ауылында арықтар тазартылуда. Ордабасы ауданында №28237 әскери бөлімінің сарбаздары Найманарық каналын тазартып, тасқынды бақылау үшін күзет ұйымдастырған. Төле би ауданында 2,8 шақырымдық арық салынып жатыр. Ауданның Төңкеріс, Балдыберек, Майбұлақ ауылдарында үй аулаларын қардан тазарту қолға алынды. Осы өңірдегі Бадам өзенінің жағасына қиыршық тас төселіп, бөгет жасалуда. Халық жауын-шашынның толастамауына қарап, тасқыннан қауіптеніп отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі аталған аудандарда апат салдарын жоюға 1147 жұмысшы мен 200-ден астам техниканы жұмылдырған.
Тасқын басқан үйлердің қатары көбейіп жатыр
Последние статьи автора