Ақтөбе облысында сыныптасын соққыға жыққан оқушы қыздардың видеосы желіде тарап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Видеода екі қыздың ұстасып тұрғанын көруге болады. Одан кейін монтаждалған нұсқасы жалғасады. Ол жерде бір қыз екіншісін шашынан сүйреп, ұрып жүр. Ал екінші видеода капюшон киген тағы бір қыз жерде жатқан қызды тізесімен басып отыр.
"Сонда қыздардың проблемасын ағаң шешіп бере ме? Ағасы қатты екен", – дейді сары капюшон киген қыз. Арғы жағында "түсіріп ал, түсіріп ал" деп жылаған адамның дауысы естіледі.
Бұл оқиға Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Шұбарши кентінде болған. Аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың өз сыныптасын ұрып-соғу фактісі бойынша тексеріс жүргізуде.
"Алдын ала мәліметтер бойынша 9-сыныптың үш оқушысы әдепсіз қарым-қатынасқа байланысты сыныптасын ұрып соққан. Сөйтіп, болған оқиғаның бәрін ұялы телефонның камерасына түсірген", – дейді полицейлер.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, қазіргі кезде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар ауданның оқу орындарында профилактикалық әңгіме өткізіп жатыр.