Сумен бірге «аққан» миллиардтар: тасқын суды неліктен тоқтата алмай келеміз?

Биыл Солтүстік Қазақстан, Шығыс, Ақмола және Қарағанды облыстары су тақыны қаупі жоғары аймақтарға жатқызылып, бақылауға алынды. Болжам тағы да мүлт кетті. Қызыл су күтпеген жерден Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар облыстарын қыспаққа алды. Аталған төрт өңір мен Қарағандыны қоса алғанда 185 тұрғын үй мен 78 саяжай және 2 әлеуметтік нысанды еріген қар суы басты. Тұрғындар қауіпті аймақтан эвакуацияланып, уақытша панамен қамтамасыз етілді. 200-ге жуық ірі-қара шығыны тіркелді.

 
Елімізде жыл сайын апатың алдын алып, салдарын жоюға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Мәселен 2021-2023 жылдарға арналған «Су тасқынының алдын алу жол картасы» аясында 167 млрд теңге қаражат бөлу көзделген. Бірақ тиісті органдар табиғи апатты тежей алмай келеді. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша ел аумағының 30%-ға жуық жерінде қар жатыр. Ақ ұлпа қорының басым бөлігі елдің орталық және солтүстік өңірлерінде байқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЖҮЗДЕГЕН АДАМ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛДЫ

Қазақстанда су тасқыны жыл сайын қайталанатын құбылысқа айналды. Биыл да табиғи апат мыңдаған адамды әбігерге салды. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстарында барлығы 1 165 адам эвакуацияланды, оның 676-сы уақытша эвакуациялау пункттерінде, 480-і туыстарының үйлеріне орналастырылды, 9-ы өз үйіне оралды.

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты үш ауданда төтенше жағдай жарияланды. Жәнібек, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында 140 үй мен екі әлеуметтік нысан суға кетті. Шалғын елді мекенінде тасқын судан мектептің қабырғасы құлап, кейін төбесі опырылып түсті. Еріген қар суы бір күнде бәрін басып қалды. Үй мен мал-мүлкі суға кеткен Дастан Құлбатыров табиғи апатпен арпалысып, түнімен көз ілмегенін айтады.

«Мына апаттың зардабын өз күшімізбен жоя алмаймыз. Үкімет тарапынан көмек керек. Жылдап жиған-тергеннің барлығы бір күнде суға кетті. Жөндеуге келмейді. Іргетас бүлінді», - дейді Шалғын ауылының тұрғыны Дастан Құлбатыров.

Тасқын судан жапа шегіп, жанын шүберекке түйіп отырғандардың бірі – Мереке Шадияр. Біраз малынан айрылған ауыл тұрғынының бар уайымы – балаларының жағдайы.

«Қазір бойымызды үрей мен уайым билеп отыр. Мезгілсіз уақытта баспанасыз қалдық. Енді үйдің жағдайы не болады?! Балаларды қайда апаратынымды білмеймін. 11 қозы мен 10 лақ суға кетті. Біз үшін бұл айтарлықтай шығын. 4-5 айда олар өсіп, сойысқа жарар мал болар еді», - дейді Мереке Шадияр.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарағанды облысында республикалық маңызы бар автожолдардың 6 учаскесінде, Қарағанды және Ақмола облыстарында облыстық маңызы бар автожолдардың 6 учаскесінде, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында жергілікті маңызы бар автожолдардың 18 учаскесінде және Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар автожолдардың учаскесінде бір көпірде су тасып жатыр.

«БОЛЖАМ ДҰРЫС ЖАСАЛМАЙДЫ...»

Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Айжан Сқақованың пікірінше елімізде су тасқыны бойынша болжам дұрыс жасалмайды. Осы олқылықтың кесірінен жағдай жылда қайталанады. Тасқынның толықтай алдын алу мүмкін емес. Тек көлемін азайтуға болады.

«Менің ойымша су тасқынының жыл сайын қайталануының екі себебі бар. Біріншіден, бұл табиғи факторға, атап айтқанда климаттық болжамдардың сапасының төмендігіне байланысты. Министрліктің су ресурстары жөніндегі комитеті гидрологиялық жағдайды бағалау жұмысын жекеменшік мекемелерге тапсырып, қаржы бөледі. Салдарынан климатты болжауда өрескел қателіктер жіберіледі. Дұрыс жасалмаған болжам су тасқынына, төтенше жағдайға тиісті деңгейде дайындалуға мүмкіндік бермейді. Ал «Қазгидромет» РМК заманауи техника және білікті мамандармен қамтылған. Олардың жасаған болжамы дәл келеді. Бірақ үнемі ескеріле бермейді.

Екіншіден, техногендік фактор. Қазақстандық ғалым-гидролог М.Бөрлібаевтің пікірінше су тасқыны – адам қолымен жасалған апат. Көктемгі су тасқыны Орта Азиядан қорек алатын біздің өзендердің типі үшін өзен және көл экожүйелерін сақтауда үлкен рөл атқарады. Ал біз суды су қоймаларында ұстауға тырысамыз. Кеңестік кезеңде су басатын жерлерде өндіріс ошақтарын, елді мекендер мен тағы басқа нысандары сала бастады. Бұл жағымсыз тәжірибе әлі күнге жалғасып келеді. Мәселен, Атбасар қаласын басатын судың 90 пайызы Жабай өзенінен келеді. Ал Семей қаласында Ертіс өзені Бұқтырмадан келген судан тасиды. Петропавл қаласындағы жыл сайын су басатын саяжайлар Есілдің сағасында орналасқан. Бұның бәрі табиғи гидрологиялық цикл бұзылғандықтан болады. Адамзат өз қолымен жасаған проблемамен жыл сайын күресіп келеміз», - дейді Айжан Сқақова.
2021-2023 жылдарға арналған «Су тасқынының алдын алу жол картасы» шеңберінде 167 млрд теңге қаражат алдын ала көзделген. Жол картасы аясында 218 іс-шара қарастырылған. Ал оның салдарын жоюға қанша қаражат жұмсалары әзірге белгісіз. Үкімет табиғи апаттан жапа шеккендерге көмек берілетінін айтты. Алайда арнайы комиссия тасқын судан келген шығынды әлі есептеген жоқ. Себебі жағдай тұрақталды деуге әлі ерте.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста