Шипажай мектеп-интернатында туберкулез интоксикациясына шалдыққандар және туберкулезбен ауырған отбасылардың балалары сауықтырудан өтіп тұрады
Солтүстік Қазақстан облысында Мамлют шипажай мектеп-интернатында 19 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырып алған. Бұл туралы Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасы балалардың коронавирустық инфекцияны жұқтырғанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, вирус жұқтырған оқушыларды медициналық блокта оқшаулаған. Басқа балалар оқуды жалғастырып жатыр.
Мамлют шипажай мектеп-интернаты &ndash өңірдегі жалпы білім беретін осы санаттағы жалғыз мекеме. Ол жерде туберкулез интоксикациясына шалдыққандар және туберкулезбен ауыратын отбасылардың балалары сауықтырудан өтіп тұрады, яғни, отбасыда осы ауруға шалдыққан адам болса, балаларды Мамлют шипажай мектеп-интернатына жібереді. 
Мектеп 1963 жылы ашылған. Интернатта 400 орын бар. Қазіргі кезде ол жерде 200-ден астам бала білім алып жүр.
Ал әлеуметтік желіде мектеп-интернатта жатқан оқушылардың ата-аналары жазған арыз-шағым тарап жатыр. Олардың айтуынша, балаларды демалыста да үйге жібермей қойған. Мектеп әкімшілігі ресми жауап берген жоқ.
Айта кетейік, 9 қазанда Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют ауданының орталығы &ndash Мамлютка қаласын карантинге жауып тастаған болатын.