Қазақстандық парашютші Асхат Қаратабанов халықаралық экспедициямен бірге Солтүстік полюсте болып, мұзды аймақтың биігіне еліміздің Туын тікті. Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойын әлемге паш еткен спортшыны отандастары Алматы әуежайында салтанатты жағдайда қарсы алмақ.
ҚР спорттың ұлттық түрлері федерациясының «Бес қару» қауымдастығы өкілдерінің хабарлауынша, «Полюс» Арктика мен Антарктиданы зерттеу экспедициялық орталығы сәуірдің 2-сі мен 4-і аралығында Солтүстік полюстің географиялық нүктесіне парашютпен халықаралық экспедиция жасады. Бұл экспедицияға еліміздің атынан қатысуға тәжірибелі спортшы, Қазақстанның парашют спорты федерациясының өкілі Асхат Әжібайұлы Қаратабанов таңдалды. Парашюттік-десанттық дайындық бойынша шәкірт тәрбиелеп жүрген Қаратабанов бүгінге дейін әуеден 4000 рет секірген. Экспедиция алдында Мәскеудегі Қазақстан Республикасы Елшілігі оған еліміздің Туын табыс етті. Бұдан соң парашютшілер Мәскеуден Мурманскіге, одан ресейлік төтенше жағдайлар құрылымының тікұшағымен Солтүстік полюстегі Барнео мұзды базасына жеткізілді. Халықаралық экспедиция мүшелері бірнеше күн бойы климатқа бейімделіп, әзірлікті пысықтаған соң, полюстің 4500 метр биіктігінен парашютпен құлдилады. Осыдан кейін Асхат көк Туымызды географиялық нүктеге орнатты. Әуе спортының майталмандары Норвегияның Шпицберген архипелагындағы Лонгйир қаласы арқылы Мәскеуге жетті. Солтүстік полюске Ту тіккен қазақ бүгін Алматы әуежайына ұшып келуі тиіс.