Жуырда Ақтөбедегі «Нұр-ғасыр» орталық мешіті жанынан ашылған «Руханият» мұражайына қала тұрғыны ерекше сый тарту етті. Григорян Баграт есімді жігіт сіріңке шиінен мешіттің макетін жасапты. Бұл туындысына ақтөбелік жігіт үш ай уақытын сарп етіпті. Сабыр мен төзімнен бөлек, макетті жасау барысында 2 литр желім, 2,5 мың тал ши жұмсалған.
Мұражай директоры Болат Атыраубаевтың айтуынша, мұндай ерекше, құнды жәдігерлерді сыйға тартатындар сирек кездеседі екен. Сіріңкеден жасалған бұл туындының құны шамамен 80 мың теңгеге бағаланып отыр. Алайда Григорян Баграт оны мұражайға естелік болсын деп әкеліп берген. Жігіттің жасы – 25-те. Кәсіби боксшы. Армения чемпионатының жүлдегері. Қолы қалт еткенде сіріңкеден мүсін соғумен әуестенеді.