Кез келген сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылыс нысандары сол жердің сейсмикалық картасына сүйене отырып тұрғызылуы тиіс. Себебі ол картада жердің қыртысы, судың деңгейі мен сейсмикалық қабілеттілігі суреттеледі. Аталған құжат әрі кетсе 10-15 жылға жарамды, сондықтан міндетті түрде жаңартылып, жаңа мәліметтермен толығып отыруды талап етеді. Ал біздің елдің сейсмикалық картасы ескіргелі қашан?! Сондықтан соңғы жылдардағы құрылыс нысандары сейсмикалық картаға жүгінбей бой көтеруде. Ал сейсмикалық картаны жасауға қаржы қолбайлау болып отырған көрінеді.
Соңғы жылдарда құрылыс нысандары көптеп тұрғызылып жатқан Алматы қаласының сейсмикалық картасы тым көнерген. Осыдан 30 жыл бұрын құрастырылған құжат қазіргі құрылыстың нормативтері мен стандарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Сол себепті бұл мәселе Алматы қаласында өткен құрылыс саласы мамандарының отырысында талқыланды. Жиында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы және Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институтының мамандары Германиядан, Ресейден, Өзбекстаннан және Тәжікстаннан келген әріптестерімен кездесті. Ғылыми конференция барысында Қазақстанның сейсмикалық картасын қайта құрастыру мәселесі қаралды. Мамандардың айтуына қарағанда, әсіресе Алматы қаласының сейсмикалық картасын жасап шығару жұмыстарын жеделдету қажет.
Жалпы, сейсмикалық карта дегеніміз не? Мұндай құжатсыз тұрғызылған нысандар қаншалықты қауіпті ?
Таңатқан АБАҚАНОВ, Сейсмология институтының директоры, техника ғылымының докторы, академик, ЮНЕСКО-ның жер сілкінісі жөніндегі сарапшысы:
– Сейсмикалық карталар – сейсмотектоника, геология және геофизикалық жағдайларды зерттеулердің нәтижесіне сәйкес құралады. Бұл күрделі зерттеулер сейсмикалық режимнің тұрақтылық дәрежесін, сейсмикалық қозғалыстардың белсенді өрістеу аймақтарын анықтауға, сол қозғалыстардың бағыт-бағдарын нақтылауға пайдаланылады. Әдетте нақтылы бағытта созыла сағаланатын жер сілкіну ошақтарының тереңдіктерін анықтау мен терең жарылымдардың тереңдіктерін шамалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жер сілкіну ошақтарының динамикалық параметрлері тау жыныстарды деформацияға ұшырататын күштердің мөлшері мен бағыт-бағдары жайлы мәліметтер бере алады. Бір сөзбен айтқанда, сейсмикалық картада тұрғызылатын нысанның жер сілкінісі ошағының үстіне орналасқан-орналаспағаны, ол жерге қанша қабатты тұрғын үйлерді тұрғызуға болатынына дейін көрсетіледі.
Сейсмокарта құрастырылмай, күдік сейілмейді
Қазақстандық сейсмологтардың айтуына қарағанда, бізге Орталық және Орта Азияның, ТМД елдерінің және алыс шетелдердің ғалымдары мен инженерлерінің тәжірибелерімен бөлісу ауадай қажет. Сондықтан алдағы уақытта сейсмикаға төзімді құрылыс секторларын дамыту және ары қарай жетілдіру үшін өзге елдердің озық идеялары мен инновациялық технологияларының жайын талқылау үшін ғылыми-тәжірибелік отырыстар жиі ұйымдастырылып тұрмақ. Өйткені Қазақстанда бұл мәселеге көңіл бөлінбей отырған көрінеді. Сонымен қатар мамандар Алматы мен Алматы облысы, Жамбыл өңірлеріндегі жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына да алаңдаушылық танытуда.
Өйткені бұл салада стандарттарға толықтай сәйкес келмейтін қытайлық құрылыс материалдарын пайдалану артқан. Сондықтан құрылыс саласының мамандары жекеменшік тұрғын үйлер мен ойын-сауық және сауда орталықтарын, мешіттерді, сонымен қатар стратегиялық нысандарды да қатаң бақылау керек деген тоқтамға келді. Оның ішінде мұнай және газ комплекстері, гидротехникалық және тау-кен өндіруші, сондай-ақ атомдық нысандар бар.
Сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақановтың айтуынша, Республикамыз бойынша ең қауіпті сейсмикалық аймақтар қатарына Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы мен Батыс Қазақстан өңірлері еніп отыр. Жалпы, мұндай аймақтарда құрылыс сейсмикалық картасыз жүргізілмеуі тиіс. Себебі сол құжатта жердің қандай күшке төтеп бере алатыны көрсетіледі. Яғни сейсмотұрақтылық толықтай зерттеледі. Қазіргі таңда Алматының сейсмикалық картасын жасау үшін қыруар қаржы қажет. Қала аумағының ұлғаюына байланысты картаны дайындау мерзімі де ұзартылады. Егер тиісті қаржы мемлекет тарапынан бөлініп жатса, сейсмикалық карта 2015 жылы дайын болмақ. «Бұл жөнінде құзырлы органдарға 14 жыл бойы айттық. Тек Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың берген тікелей тапсырмасынан кейін ғана биыл Алматы қаласының сейсмикалық микроаудандау картасын жасау жұмыстары басталғалы жатыр. Екінші күрделі мәселе – бүкіл Қазақстан Республикасы территориясының жалпы сейсмикалық картасын құрастыру. Бүгінгі пайдаланып жүрген карта кеңес дәуіріндегі ескі әдістемелермен жасалған. Ол кезде еліміздің территориясында толық зерттеулер де жүрмеген. Соңғы кезде мұнай-газ, тау-кен өндірістерінің дамуына байланысты Қазақстандағы сейсмикалық қауіп те өрби түсуде. Сол себептен Қазақстан территориясының сейсмикалық аудандау картасын жасау көкейтесті мәселеге айналды. Бұл картаны халықаралық Еурокодқа сәйкес жасауға тиіспіз», – дейді Т.Абақанов.
Бірақ құрылыстағы қауіпсіздік мәселелері осы карталармен аяқталмайтыны рас. Себебі біздің елде тұрғын үй құрылысын шетелдік компаниялар да жүзеге асырып жатыр. Әсіресе түрік кәсіпкерлеріне тапсырыс көп. Олардың аз уақыттың ішінде көпқабатты үйлерді тұрғызып, пайдалануға беруі халық арасында күмән тудырады. Себебі Түркияда болған жеті балдық жер сілкінісінің салдарынан ғимараттар қирап, адам шығыны болды. Соны естіп-біліп отырған жұртшылықтың алаңдауы түсінікті. Осыдан-ақ үрке қарайтын қазақ қиранды астында қалсақ, кінәні құрылыс материалдарын өндіруші Қытайдан іздеймін бе, жоқ әлде сол материалмен үйімді тұрғызып жатқан түріктен бе деп бас қатыруда...
Шетелдік құрылысшыларға сенуге бола ма ?
Талайдың көкейінде жүрген бұл сұраққа елде құрылыс жұмыстарындағы сейсмикалық тұрақтылыққа қатысты шаруаларымен айналысатын жалғыз ғана Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институты маманы былайша жауап берді:
Сырымғали ЕРЖАНОВ, «ҚазҒЗЖЭСТҚСИ» РМК ғылым жөніндегі бас директордың орынбасары:
– Құрылыс саласына қатысты әр елдің құрылыс жөнінде заңы, талабы бар. Ол елдің орналасуына, жер қыртысына байланысты әртүрлі нормада болуы мүмкін. Мысалы, біздің талап түріктердікінен әлдеқайда қатал. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқандар – бар болғаны құрылысшылар. Оның басы-қасында білікті мамандар тексеріп, жұмыс барысын қадағалайтын адамдар бар. Бұл мезетте «біз неге отандық компанияларға тапсырыс бермейміз?» деген сұрақ туындайды. Себебі Түркияның технологиясы озық, әлемде құрылыс саласы бойынша алдыңғы қатарда жүрген елдің бірі. Сондықтан шетелдік құрылысшылардың жұмыстарына сезіктене қараудың қажеті жоқ. Ең бастысы, бақылау мен қазақстандық қатаң талап бар. Түріктерге құрылыс нысандарын сеніп тапсырып жатқан жалғыз біз ғана емес.
Түйін
Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институты маманы сөзіне сенсек, шетелдік құрылыс компанияларына сеніп тапсырылған нысандардың сейсмикалық қауіпсіздігіне сенімсіздік танытуымыз орынсыз. Алайда сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылыс нысандарын тұрғызудағы сейсмикалық картаның маңызды рөлін ұмытпағанымыз жөн. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, ертең апат болып жатса, оның салдарын жоюға қыруар қаржы жұмсағанша, бүгін сейсмикалық карта жасауға азын-аулақ ақша бөлгеніміз абзал болар.
Сейсмикалық картамыз қартайыпты
Последние статьи автора