Семейдегі Сәтбаев көшесі көркіне енді. Бұл – қаладағы ең ұзын әрі орталық көшелердің бірі. Қаланы Мирный ауданымен жалғайды әрі «Омбы-Майқапшағай» тас жолына шығатын транзиттік жол болып табылады.
1970-80 жылдары құрылысы жүрген Сәтбаев көшесі осы күнге дейін толық жаңартудан өтпеген. Биылғы жылы қала әкімі Мейрамхат Айнабековтің қолдауымен көшенің бес шақырым аумағы толық күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілгендіктен, 376 адам жұмысқа тартылды. Көше бойындағы автотұрақтар, аулалар жаңартылды. Балалар ойнайтын алаңдар қайта қалпына келтіріліп, жарақтандырылды. Асфальт төселген жолдың айналасы абаттандырылды.
Көшедегі жол қауіпсіздігін сақтау үшін жол бойындағы қоршаулар жаңадан орнатылды. Аталған көшеге жөндеу жүргізген бас мердігер компания «Гордорстрой» ЖШС, ал абаттандыру, көркейту жұмыстарымен «Семей» көгалдандыру МҚК айналысты.
Жөндеу жұмысы кезінде тұрғындардың демалуына қолайлы жағдайлар да естен шығарылмады. Олар үшін Ертіс өзенінің жағалауы көркейтілді. Қазірде тақтайдай тегіс тас жол төселіп, көркейту жұмыстары аяқталған Сәтбаев көшесі алыстан көз тартып тұр. Бұл әсіресе сол маңда тұратын жергілікті халық үшін үлкен қуаныш болды. Жаңартудан өткен Сәтбаев көшесі салтанатты түрде ашылды. Игі шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысып, семейліктерді құттықтап, сөз сөйледі.
Шара аясында жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Бұл күні аудан халқы үшін ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Сәтбаевқа сән кірді
Последние статьи автора