Сайлау науқанының мәре сызығына жақындаған сайын, бастапқыда «депутаттық мандатқа мен лайық» деп өзгелерден ерек айқайлағандар қатары сиреп бара жатқаны байқалады. Бір жағынан алғанда, саяси қарымы мен қауқары оу бастан әлсіз екені белгілі болған олардың бұл қылығы қисынды да. Алайда, мәселеге тереңірек үңілсек, олардың бұл әрекетінің түбінде сайлау науқаны аяқталған соң елдегі ішкі саяси тұрақтылықтың түбіне балта шабу пиғылы жатқанынан хабар беретіндей.
Сарапшылар бәсекеге түскен кандидаттардың бірқатарының әлсіз әлеуеті туралы біраз пікір айтқан болатын. Басында алаулаты-жалаулатып, айқаймен бастағандардың біразының істерінің арты сұйылып, өздері ақпараттық һәм қоғамдық-саяси сахнадан қараларын көрсетпей кеткен болатын. Солардың бірі – кезінде Назарбаев-Әлиев әулетінің «бас телевизоры» рөлін атқарған, бүгінде ескі де жаңа биліктің бас сыншысына айналған, өзінің ұлттық көзқарастары арқылы елімізді тарихи көршілері – Қытай, Ресеймен араздастыруы мүмкін деп саналатын – Арман Шораев мырза. Арман сайлау науқанына қатысатынын алғашылардың бірі болып аттандап бастаған болатын. Арман Шораевтың ізімен бұрын белгісіз болып келген басқалар да бірінен соң бірі бой көрсетіп, әлеуеттерінің әлсіздігін биліктің тапсырысы деп түсіндіріп, артынша «жоқ» болып жатты.
Шораев мырзаның алғашқы алып-ұшқан аптығы ел есінде болар. Сайлаушылардың алдында ұпай жинау науқанын белсенді бастаған ол тіпті бір-екілі ролик түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап та үлгерген етін. Артынша жылдам қарқынмен бастаған ісінен тез жерінген сыңайлы. Сайлаушылармен кездесу өткізбек түгілі, сайлаудағы үгіт-насихат науқанының ажырамас бөлігі – үгіт парақшалары мен плакат та шығармады. Өзінің бұл шешімін ол жай ғана – «бір ай ғана уақыт қалған мерзімде ештеме өзгерте алмайсың» деп түсіндіреді. Бірақ, егер алда-жалда өткелектен өтіп, Мәжіліске жетсе, сол кезде нағыз қаһарына мінетінін айтады. Депутаттық мандат ие бола сала елдегі түйіткілденіп қалған әлеуметтік мәселелер, жұмыссыздық, баспана, әлеуметтік теңсіздік, тіл мәселелерін бір деммен шешуге уәде береді.
Әрине, түбіне үңілген жанға бұндай сарындағы ақталу салмақты адамның тірлігі емесі түсінікті. Оның үстіне, бұндай арзан әрекеттің ешқандай жеңіс әкелмейтінін Шораевтың өзі де бейсаналы түрде мойындайтын болса керек. Сондықтан да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуден ғана емес, тіпті әрбір кандидаттың басты көзірі саналатын – сайлау алды бағдарламасын әзірлеуден де бас тартты. «Суға кеткен тал қармайдының» кебімен, ол үшін ең бастысы – жүзін сақтап қалу болса керек (шынтуайтына келгенде, егер жолы болды дегеннің өзінде, оның мәре сызығынан 1-2% дауыспен ғана өтетіні қазірдің өзінде түсінікті шығар). Сол үшінде ол әу бастан осындай арнайы спектакль сценарийін әзірлеген сияқты. Оған сәйкес халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген оны билік сайлаудың соңғы кезеңінде жарыстан әділетсіз түрде шығарып жібереді. Сондықтан да ол «халық паритясына» өте дөрекі түрде тіл тигізіп, көріне жалған мәлімет таратқаны үшін, сотқа шақырту алды. Әрине, егер сот «Халық партиясының» пайдасына шешім шығарса, Арман өзі ойлағандай, жеке пікірі үшін қудалауға түскен «саяси жүйенің құрбаны» ретінде, халық алдында абырой жинап кетеді. Алайда, терең зерделесе, мәселенің барлығы алғаш көзге көрінгендей кейіпте емес екенін білінеді.
Өзін-өзі құрбандыққа шалудың бұндай көрінісі – көп кезеңді қойылымның алғашқысы ғана болуы бек мүмкін. Шораевтың «өз еркімен» сайлаудан бас тарту әрекетіне жазылған сценарийдің авторлары ескі Қазақстанның элитасы болуы ғажап емес. Олардың Арманның саяси белсенділігін, соның ішінде бірнеше мәрте Украинаға жасаған сапарын қаржылай демеп отырғаны бесенеден белгілі. Солай болса, сценарийдің артқы бөлігіне сәйкес, сайлаудың қорытындысы шыққан сәтте, қоғамда наразылықты күшейтіп, заңсыз шерулер мен толқулардың шоғын үрлеу науқаны басталады. Ең бастысы, «халықтың жоғын түгендеп жүрген кандидаттарға қысым жасалды, дауыс ұрланды» десе жеткілікті. Қатардағы қарапайым сайлаушы арандатуға еріп, қиқумен топқа қосылып, «өзгенің қолындағы көсеуге» айналып шыға келеді.
Әрине, Арман Шораевтың артынан еретін қауымның қатарының қаншалықты екенінен хабары бар адамға бұндай болжам қисынсыз көрінуі заңдылық. Басқаны айтпағанда, күні кеше өткен сот отырысына алдын ала әлеуметтік желілерде жарыса хабарлап, ел-жұртты жаппай шақырғандарына қарамастан, оны қолдауға келген бір шөкім жақтастарының болымсыз қарасы көп жайдан хабар бергендей. Алайда, мәселенің басқа жағы да бар. Мәселе Арман Шораевтың жалғыз еместігінде. Ол сияқты істің басын бастап, орта тұсына келгенде бір-бірлеп сетінеп, бәсекеден бас тартып жатқандар көбейіп келеді.
Жоғары білімді, бір емес бірнеше дипломы бар, мемлекеттік органдарға үнемі құжат тапсырып жүрген азаматтар, қандай да да бір түсініксіз себептермен декларацияға нені көрсету, нені көрсетпеу керектігін білмей қалады. Осындай, ақыл-парасаты аз адамдардың, сайлау науқандарын саяси технологтар мен заңгерлер тобын тартпай атқарып жүр дегенге сену қиын. Сайлау циклдарына қатысып жүрген олар ненің не екенін білуілері тиіс еді ғой. Олардың құрамы тіпті қызықты. Мәселен бұрынғы радикал оппозиционер, бүгінгі білім беру саласының сарапшы Асылбек Қожахметовты немесе белгілі әлеуметтанушы Жанар Жандосова мен оның қызы саясаттағы «жасөрім» Әсия Төлесованы мысалға алайық. Бұндай мысалдарды өңірлерден, атап айтқанда, БҚО-да кездестіруге болады. Егер оларды кәсіби мамандарды тартпай-ақ, өздерінің білігі мен біліміне ғана сеніп, Парламентті «жаулау жорығына» кірісті деп есептесек – олардың сайлау науқанына басында қатысып, артынан шетке шығып қалуларының өз көздегені бар болғаны. Бұндай әрекеттің мақсаты белгілі – қоғамға ештеменің өзгермегенін, Президент ұсынған реформалардың мағынасы жоқ екенін, жаңа Қазақстан қарапайым адамдар үшін ертегі екенін халыққа насихаттау. Егер тіпті, сот олардың мүддесіне шешім шығарып, жарысты жалғастыру құқығын қалпына келтірсе де көңілдегі түйіткіл тарқамайды.
Ресми тіркеуден кейін, тұңғиыққа тығылған қосалқы құрамдағыларға келсек, тек орындау тәсілі басқа демесеңіз, олардың міндеті де алдыңғы топтағылардың тапсырмасына ұқсайтын сияқты. Ол саптан, үнемі өзін «жәбірленуші» қылып көрсетуге әуес, тележүргізуші – Динара Егеубаева, елордалық белсенді – Санавар Закирова да көрінеді. Соңғы ханым қазір бұрын бірнеше рет сотталған күйеуі есірткі тасымалдаған көлігін қайтарып алуға талпынған жандалбасалықпен Мемлекет басшысына қатысты талап-арыз беріп жүргені белгілі. Жоспар бойынша, олар өздерінің лайықты «тиын-тебендерін» алған соң, бүлікке жол бастаулары ғана қалады.
Осындай оспадарлардан құралған топтың түпкі мақсаты – халықты билікке қарсы қойып, бүлік шығаруға итермелеу екенін түсіну үшін балгер болудың қажеті жоқ. Алайда, халықты көшеге бастап, өздері шығуға олардың біреуінің де арты шыдамасы анық. Ал өзгелердің қолымен үлкен ойынға сырттай араласуға әбден дайын. Әсіресе қазіргі кандидаттардың бірқатары елдегі ішкі саяси жағдайды кері қайтаруға тырысып жүрген ескі элита өкілдеріне басыбайлы бағынатынын білгенде бұл болжамға деген сенім беки түседі. Түптеп келгенде, біз айтқан «саясаттағы оқшантайы бос батырлардың» шын мәнінде, кәсіби арандатушылар яки қарапайым «тұзы жеңіл» бейбақтар екенін көп ұзамай білетін боламыз.