29 наурыз бен 5 шілде аралығында бес бірдей мемлекеттік ұлттық табиғи парк «Саябақтар шеруі» акциясын өткізеді. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубында өткен мәслихатта табиғи саябақ басшылары мәлім етті.
Акцияға Іле Алатауы, Алтынемел, Шарын, Жоңғар Алатауы және Көлсай көлдері ұлттық табиғи саябақтары қатысып отыр. Осымен 16-рет өткізіліп отырған шараның мақсаты – биліктің, бұқаралық ақпарат құралдарының, бизнестің және бүкіл қоғамның назарын еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мәселелерге аудару, осындай аумақтарға іс жүзінде көмек көрсету, отандастар санасында өзіміздің табиғи және мәдени мұраларымызға деген жанашырлық пен мақтанышты ояту. Биыл акция аясында «Бәйшешек күні», «Құстар күні», «Жер күні», «Қызғалдақтар күні» және «Таза өзендерге – таза жағалау» ұранымен «Су күні» шаралары өтеді. «Жер күні» аясында қала төңірегіне ағаштар егу жоспарланса, «Су күні» өзен, көл жағаларын тазалау жұмыстары жүргізілетін болады. Ал «Қызғалдақтар күні» аясында мектептерде аталмыш тақырыпта ашық сабақтар, шығарма, сурет байқаулары өткізіледі. Сонымен қатар экологиялық фестиваль, мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен халықты тазалыққа және ауылды көгалдандыруға шақыратын экологиялық рейд өткізілетін болады», – деді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының бас директоры Марлен Айнабеков. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция аясында дөңгелек үстелдер, баспасөз мәжілістері, ашық есік күндері, экологиялық іс-шаралар, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылмақ.
Марлен АЙНАБЕКОВ, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының бас директоры:
– Бұл шара бірегей табиғи кешендерді сақтау және республикадағы мемлекеттік ұлттық табиғи парктің мәртебесін көтеру мәселесіне қалың қоғамның назарын аударуға бағытталған. Соңғы 10 жыл ішінде бұл іс-шараға 65 мыңнан аса адам қатысты. Тек осы жылғы Іле Алатауы табиғи саябағындағы іс-шараға 10 мыңнан астам адам қатысады. Іс-шаралар тәрбиелік сипатта болады.
«Саябақтар шеруі» акциясы басталды
Последние статьи автора