Қызылордалық оқушы математика іліміне жаңа формула енгізді
Сырбойылық өрен математика іліміне жаңа формула енгізді. Оның ғылыми жаңалығы Галилео Галилейдің XVII ғасырда енгізген циклоида формуласының жетілген моделі деуге болады, деп жазады 24.kz.
Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын Әбілпәсім Ләтіштің бұл еңбегі халықаралық интеллектуалдық байқауда үздік деп танылды. Әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған 400-ге жуық математиктің арасынан дара шыққан қызылордалық оқушының жетістігі ғалымдардың да таңданысын туғызып отыр. Мұндай күрделі теңдеулер арқылы алынған кескіндер сәулет, робототехника және сандық технология салаларында кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, құрылыс нысандарын жобалау, модельдеу жұмыстары үшін де маңызы зор.
«Өз жұмысымды физика мен астрономия саласында жалғастырып жатырмын. Планета мен олардың серіктерінің қозғалысы теңдеу болып табылады. Өзіміздің Қызылорда өңірінен шыққан Асқар Жұмаділдаев секілді академик, Қазақстанға еңбегі сіңген математик немесе физика саласында өз еңбектерін жарыққа шығаратын адам болғым келеді, - дейді жас математик Әбілпәсім Ләтіш.