Қызылорда көшесінде қоқыс «қыдырып» жүр
Өркениетті елдерге барғанда тазалық жайына таңдай қағып қайтамыз. Айнадай жалтыраған көшелерді көргенде басқа әлемге енгендей болатынымыз тағы бар. Бізде қалай десек, күмілжіп қаламыз. Өйткені еліміздің қай қаласында да тазалық өзекті тақырыптың біріне айналып отыр. Сырдың бас шаһарының әкімі мен тізгін ұстаған атқамінерлердің барлығы осы мәселеге бас ауыртып келеді. Өкінішке қарай, қаланың қанша әкімі ауысса да, бас ауыртқан мәселе «баяғы жартас» күйінен өзгерер түрі жоқ.
Қызылорданың көптеген көшесінде тазалық мәселесі көзге көрініп тұрады. Тау-тау болып үйілген қоқыс еңсені езеді. Әрине, бізде әлі күнге дейін қала мәдениеті қалыптаса қойған жоқ секілді. Облыс орталығының тазалығына тұрғындар немқұрайды қарайды десек те, артық емес. Себебі үйден шыққан қоқысты көшенің кез келген жеріне төге салатын жұрт та аз емес. Дегенмен бұл мәселеге жауапты құзырлы мекеменің де жұмысы өте сылбыр деуге болады. Көп қабатты үйлердің алдындағы қоқыс төгетін орындар, қашан көрсеңіз, аузы-мұрнынан асып-төгіліп жататыны үйреншікті жағдайға айналды. Жел соққан күндері шашылған қоқыс қала ішін «қыдырып» жүреді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Сырдың бас қаласында 400-ден астам көше бар екен. Соңғы санақ деректері бойынша, Қызылордада 230 мыңнан астам халық тұрады деп есептеліп отыр. Қала тіршілігіне бауыр басып келе жатқан жұрт жылдан-жылға артуда. Ендеше адам санының көбеюі қала тазалығы мәселесіне өз әсерін тигізіп отыр деуге толық негіз бар. Бір қызығы, қала тұрғындары көбейіп келе жатқанымен, тазалық мәселесі бұрынғы қалпынан бір айныған емес. Тіпті оны маусымдық шара деп ұғатындар бар.
Қолдағы деректерге сүйенсек, облыс орталығынан тәулігіне 800 текше метр қоқыс шығарылуы қажет екен. Алайда бүгінгі күнге дейін оның үштен бір бөлігі ғана сыртқа тасылған. Қалғаны қаланың сәнін бұзып, ішкі бөлікте қала береді. Тағы да бір айта кетерлігі, қаладан шыққан қоқыс арнайы полигондарға жеткізілмейді. Оны кез келген жерге төге салатын адамдар да жетерлік. Мәселен, қаланың сыртына, дарияның жағасына, ескі өнеркәсіп орындарына апарып төге салады. Онсыз да экологиялық ахуалы төмен қаланың жағдайы ушығып кетері даусыз.
Былтыр қала біршама тазарып қалғандай болған. Себебі былтыр Қызылорданың 190 жылдығы аталып өтілген еді. Өкінішке қарай, сол жұмыстардың көбісі аяқсыз қалды. Мерейтой қарсаңында ашылған скверлер мен аллеялар қараусыз қалып қойғаны жасырын емес. Бұл демалыс орындарындағы өскіндерге көңіл бөлген ешкім жоқ. Осының салдарынан күтімсіз қалған өскіндер қурап кетті. Олардың орнын арамшөптер басып кеткенін көпшіліктің көзі көріп жүр. Елдің арасында «Қызылорданың тазалығына тек мерейтой қарсаңында ғана мән беріле ме?» деген сауал бар. Әрине, бұл орайда қала тазалығына жауапты мекеменің немқұрайдылығы сезіледі.
Айқын БИСЕМБАЕВ, Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары:
– Бізде әлі күнге дейін тазалық мәселесіне байланысты қаланың бас сызбасы жоқ. Тазалыққа нұқсан келтіргендерге көрілетін шара өте әлсіз. Оны құқықтық жағынан жетілдіруіміз тиіс. Қоқысты арнайы полигондарға жеткізуде проблемалар бар.
Облыс орталығының тазалығын сақтауға көңіл бөліп жүрген Ыбырайхан Мұсабаевтың қолға алған ісі құптарлық. Ол кісі қоқыс салатын контейнердің жаңа түрін қолданысқа енгізуге күш салып келеді. Дегенмен оның болашағы қандай екенін әзірге дәл болжап айту қиындау. Аталмыш контейнердің ерекшелігі көп. Оның біреуі 20 контейнердің қызметін атқарады. Оған қоса аталмыш дүние жердің астына салынады. Яғни қоқыстар қазіргідей жердің бетінде шашылып жатпайды. Екі күннің бірінде жел тұратын Қызылорда үшін бұл таптырмас дүние екені белгілі. Алайда бұл контейнер санаулы ғана. Оны қаланың барлық бөлігінде қолданысқа енгізу бүгінгі күнде арман күйінде қалып отыр. Себебі қазір олардың саны он саусаққа да жетер-жетпес.
Бір қызығы, қаланың қаржы қазанынан тазалыққа бөлінген қаржы қажетті мөлшерден төрт еседей кем екен. Әрине, мардымсыз ақшамен облыс орталығын айнадай жалтырату оңай болмас. Қысқасы, бұл орайда жүйелі жұмыс жүргізу керектігі көзге ұрып тұр.