Қызылағаштың кебін киіп жүрмейік
Жамбыл облысының Қырғызстанмен шектесуі қауіптің бұлтын қоюлатып, бірнеше мәcелені алға тосады. Арғы беттен бергі жаққа қару тасымалы, қылмыскерлердің «гастролі», есірткі заттарының тасымалы, әйтеуір, жетіп-артылады. Осының бәрін басып озатын ең басты проблема – ол су қаупі.
Сәуір айындағы қаңқу сөздің қаншалықты дүрбелең тудырғаны елдің есінен кете қойған жоқ. Содан бері шешімін тапқан мәселе қайсы, сейілген қауіп бар ма, сараптап көрсек. Бүгінде облыс аумағында 127 суқойма мен тоған бар. Оның республикалық меншіктегісі – бесеу, коммуналдық түрі – 24, жекеменшік иелігіндегісі – 43. Ал 55 су бөгені қараусыз қалған. Қауіп көздері де – осылар.
Қақпатас суқоймасы 1988 жылы салынған. Әу баста бұл суқоймаға10 миллион текше метр су жинауға болады деген жоспармен салынған. Бүгінде «Тараз су шаруашылығы» РМК-нің иелігінде тұрған осы суқойма күрделі жөндеусіз ұзақ жыл пайдаланылған. Соның салдарынан қабырғалары екі метрге дейін құлаған. Егер бөген жақтауы құласа, ондағы су төменде жатқан Алматы – Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар автожол мен көпірді бір мезетте шайып кетуі әбден мүмкін. Жуалы ауданындағы жекеменшікке өткен Дарбаза суқоймасы да биыл тосын мінез көрсетіп, біраз дүрбелең салды. Оның сыйымдылығы 3,0 миллион текше метр болады. Егер осы суқойма кенеттен арнасынан асып-төгіліп жарылса, онда етектегі екі ауыл мен облыстық маңыздағы автожол су астында қалуы мүмкін. Облыстағы көптеген жекеменшік иелері суқоймаларды уақтылы жөндеп, жақтауларын қауіпсіз жағдайға келтірмейді. Мәселен, Меркі ауданындағы Тәтті суқоймасы қараусыз қалған. «Кеңес-4» тоғанының жағдайы да алаңдатарлықтай. Осының салдарынан Кеңес ауылын да су шайып кету қаупі бар. Шу ауданындағы Ақсу суқоймасының бірнеше жылдан бері апатты жағдайда тұруы қауіп тудырады.
Талас өзенінің бойындағы Тараз қаласы мен Байзақ аудандарының, Шу өзенінің бойындағы Қордай мен Шу аудандарының кейбір елді мекендері мен жекелеген аймақтары су аңғарларына жақын орналасқандықтан, оларды да қауіп-қатерден аман деп ешкім де кепілдік бере алмайды. Жамбыл облысындағы ең ірі Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ суқоймаларының халыққа қауіпсіздігі де күндіз-түні қатаң бақылауды қажет етеді.
Қырғыздан да қауіп бар
1970 жылы салынған қырғыз елінің Киров суқоймасы тау үстіне салынған. Тараз қаласынан өте биікте орналасқан суқойманың көлемі өте үлкен. Осы суқойма мен Тараз қаласының арақашықтығы – 40-ақ шақырым. Егер осы Киров суқоймасының екі таудың арасына салынған бөгеті мен қақпасы тосын жайдан зақымданып, су етекке қарай лап беретін болса, жойқын тасқынның Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарына қарасты кейбір елді мекендердің үстімен өтіп, жайпап кетері анық. 400 мың халқы бар өндірісті қалаға қаншалықты қауіпті екенін осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Ресми дерекке жүгінсек, 520,0 млн текше метр су жинауға болатын Киров суқоймасында бүгінде 483,65 млн текше метр көлемінде су бар. Демек, қазақ-қырғыз елдері Киров суқоймасының халыққа қауіпсіздігі жөнінде келелі кеңес құрып, бір келісімге келетін уақыт жеткен сияқты. Көңіл демдейтіні сол, облыс әкімі Қанат Бозымбаев облыс аумағындағы суқоймалар мен тоғандардағы қауіпті жағдайды сынға алып, ондағы қауіптің алдын алу үшін барлық мүмкіндікті жұмылдыру үстінде. Қырғыз еліндегі Киров суқоймасы 1993 жылдан бері жөндеу көрмеген. Бір деректе, қырғыз үкіметі суды Жамбыл облысының тұрғындары пайдаланатындықтан, Киров суқоймасын 50-60 жылға Қазақстанға жалға беріп, бізден оны алуымызды сұраған дейді. Ал бір деректе, көрші елдегі суқойманың күзетін Қазақстан жағы алмақ болған делінеді. Бірақ оған қырғыз ағайындар көнбеген сыңайлы. Алайда қай деректің нақты екендігі, одан шыққан қорытынды тағы көрінбейді. Көрші елдің Талас ауданына қарасты Киров суқоймасына 2002-2006 жылдар аралығында Красноярск ғылыми-зерттеу орталығының мамандары тексеру жүргізіп, жағдайы қалыпты деген қорытынды жасапты.
Одан бері де біраз уақыт өтті. Су шайған тас мүжіліп, кенеуі кетілетін кез де келген сияқты. Оның қауіптілігін тексеруге дәл қазір қырғыздардың мұршасы жоғы тағы анық. Оның үстіне суқойманың қауіпсіздігі қырғыздарды толғанта қоймайтындығын және қосыңыз. Себебі апат бола қалған жағдайда қырғыздар емес, негізінен қазақтар зардап шегеді. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Амангелді Момышев: «Суқойма қырғыз жерінде, солардың иелігінде деп қамсыз отырғанымыз ауыр зардаптарға ұшыратуы мүмкін. Мен Үкімет екі ел арасында келіссөз жүргізу арқылы Киров суқоймасының қауіпсіздігін толықтай Қазақстанның міндетіне алуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізу қажет деп есептеймін. Осы тұрғыда Қырғыз үкіметімен бірлесе суқоймасының қауіпсіздігін заңдастыру қажет», – деген болатын. Одан бері де бірнеше ай жаңарып үлгерді. Алайда мәселе басы ашық күйінде тұр. Сондай-ақ халық қалаулысының айтуынша, өз жерімізде Киров платинасынан аққан суды жинайтын, сақтайтын платина соғу керек көрінеді. Оны Қордай мен Меркі аудандарында салған жөн. Оның жобалау-сметалық құжаттары да бар екен.
Кісідегінің кілті... Алатауда
Бұдан бері де жамбылдықтардың түн ұйқысын төрт бөлетін тағы бірнеше мәселе бар. Облыс аумағындағы егіс алқаптарына жетіп жатқан су құмға сіңген судай жоғалуда. Басты себеп: суландыру жүйесін жөндеуге қаржы жоқ. Облысқа келетін су Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ және Киров суқоймаларынан түседі. Егістікті суару үшін судың 80 пайызы қырғыз елінен алынады. Одан кейін су магистральды, шаруашылықаралық ішкі жүйелермен кетеді. Оның ұзындығы мыңдаған шақырымға созылады. Ол жолда жүздеген гидротехникалық жүйе бар. Көптеген каналдар өткен ғасырда қолмен қазылғаны белгілі. Содан бері жөндеу көрмегендері де бар. Ирригациялық жүйе ескірген, су жоғалу қаупі жоғары. Теріс-Ащыбұлақ суқоймасының сыйымдылығы 81 млн текше метрді құрайды. Одан су берілу жылдамдығы – сағатына 13 текше м/с. Тасөткелдікі 270 млн текшені құрайды. Ол сулардың барлығы да шаруа қожалықтарына жетпейді. Одан кейін қайтарымсыз жоғалуда. Су тоғандарын ұстап тұруға шаруа қожалықтарының шамасы келмейді. Су жоғалту қаупін ирригациялық жүйелерді жөндеу арқылы ғана сейілтуге болады. Оған қыруар қаржы қажет. Биыл «Жол картасы» бойынша 600 миллион теңге бөлінді. 103 объектінің 70-80-ін жөндеуге жетеді. Су тоғандарын жекеге алуға бейіл білдіретіндер кем. Өйткені кәсіпкерлердің мұндай ауқымды жобаны ұстап тұруға шамасы жетпейді. Сондықтан да коммуналдық меншікке қайтарып беріп жатқандары көп. Республикалық меншіктегі каналдардың жағдайы жаман емес. Жыл сайын болмаса да, жыл аралатып жөндеу жүргізіледі. Су объектілерінің иесі жоқтары тіптен қауіпті. Аймақта қазір ондай объектілер саны – 16. Оның үстіне төтенше жағдай орын ала қалса, су қорын жинақтайтындай жағдай жоқ. Оған бір ғана мысал, сәуір айында қырғыздар суды бөгеп тастағанда жамбылдықтар жағаға шығып қалған балықтың күйін кешті. Қосымша су қорлары жоқ болғандықтан, көршіге күніміз түсіп тұр. Сол себепті де су тәуелділігінен құтылу үшін өз жерімізге платина салудан басқа амалдың жоқтығы аңғарылып-ақ тұр.