Көгімізде қалықтаған бүркіт біздің қазаққа ежелден етене құстардың біріне айналған. Көне заманнан саятшылық өнерді жанына серік еткен бабалар оны бағалай білді. Айналаны ақ ұлпа қар жамылған уақытты қазекем қансонар дейді. Дәл осы шақта жүгірген аңға бүркіт салу адамға ерекше әсер етері даусыз. Дейміз-ау... Осындай көңілге көрікті ойды қонақ етер көріністің қазір өткен шаққа айналғаны өкінішті-ақ. Бүгінде саятшылық өнерді шағын ғана топ жанына серік етіп жүр. Қалған қандас бауырлар арасында оның не екенін білмейтіні де кездеседі. Одан қалды, бүркіт құсының еліміздің «Қызыл кітабына» енгенін біреу біліп, біреу білмес. Қалай десек те, оның саны азайып бара жатқаны белгілі болып тұр. Біздің халықтың жанына жақын қасиетті құстың осылайша адамдар тарапынан аялы алақан, жылы пейіл және тиісті қамқорлық күтіп жүргенін ешкім де қаперге алып жүрген жоқ секілді.
Қазақ даласының қай қиырынан да кездесетін бүркіт кезінде еліміздің батыс өңірінде, Сыр бойында, Алатау және Алтай тауларының бөктерінде көзге ұшырасқан. Қазір ше? Кейде аспан астынан бірді-екілі бүркітті көре қалған жағдайда жанымыз жадырап сала береді. Алайда олардың саны бұрынғыдай емес, бірнеше есеге кеміп кеткен секілді. Құстар әлемінің қыр-сырына қанық орнитолог ғалымдардың өзі туған топырақтағы бүркіт құсының саны қанша екенін шотқа қағып айта алмайды. Олардың болжамынша, оның саны бірнеше жүзден аспайды. Осының өзі біздің оған деген селқос көзқарасымызды айғақ етеді.
Бүркіттер саны неге азайып кетті? Оған енді-енді ғана жауап іздей бастадық. Кезінде бұл мәселеге ешкім назар сала қоймады. Жанына жақын саятшылық өнерді қазекем 90-жылдарға дейін де жоғалта қойған жоқ. Бір қызығы, ұлттық ұғымға қайшы келетін талай әрекет жасаған Кеңес Одағының шенді-шекпенділері оған тоқтау салмады. Сол кездің өзінде бүркітті қолға үйретіп, құс салуға құлықты болған жандар аз кездеспеді. Дегенмен осы бір кезеңдерде бүркіттің санын сақтауға ешқандай мән берілмеген. Оны заңсыз аулаушылар көбейіп кетті. Бәлкім, олар киелі құсты шетел асырып, қыруар қаржы тапқан шығар. Әйтеуір, табиғаттың құнды дүниесіне көз жұма қарау жағдайы орын алды. Одан қалды, қолда өсіру үшін ұядан балапандарды алу көбейіп кетті.
Бұл да бүркіттің есепсіз кемуіне аз әсер еткен жоқ. Далаға тасталған уланған жемдер де олардың қырылып қалуына алып келді. Сондай-ақ, олай-бұлай тартылған электр сымдарына шырмалып, талай бүркіт құрбан болды. Бұдан басқа да себебі жоқ емес. Өкінішке қарай, сол кезде бұл жағдай ешбір пендені елең еткізбеді. Қазір де санаулы ғана адамдар болмаса, бүркітті қорғауға алу жөнінде мәселе көтеріп жүрген жандардың саны кем.
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Осыдан 40-50 жыл бұрын қазақ даласының кез келген бөлігінен аталмыш құсты жиі кездестіретін едік. Оны біздің Сыр өлкесінен де талай мәрте көзіміз шалған. Табиғат тылсымын терең түсінген кісілер оған көздің қарашығындай қарап, олардың жөнсіз ауланбауын қатаң қадағалайтын. Өкініштісі, мұндай көзқарас соңғы 25-30 жылда мүлдем ескерілмей келді. Мәселен, қазіргі күні «Қызыл кітапқа» енгізілген аң мен құстардың азайып кетуіне осындай жайлар әсер етті емес пе? Бүркіт те сондай салқын көзқарастың салдарынан есепсіз азайып кетті. Біздің өңірде кезінде атағы шыққан көптеген құсбегілер болған. Қазір оларды емге іздесең де таппайсың. Қазақылық қаймағы бұзылмаған өңірде саятшылық өнердің өзі де аяқасты болып қалды. Жалпы, бұл өнер тек құсты аңға салумен шектелмейді ғой. Сол арқылы бүркітті қалай баптау керек, оларды қалай сақтау керек деген мәселелер өз шешімін тауып жататын.
Рас, қазекем саятшылықты да ұмыт қалдырып барады. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылында Жалайыр Шора мектебі жұмыс жасайды. Онда жас бүркітшілер мектебі тұсауын кескен. Ал еліміздің қалған аймақтарында бір-екілі құсбегілер бар. Олардың өзі жасы келіп қалған адамдар. Жалпы, кез келген адам құсбегі бола алмайды. Оның да үйренетін тұстары аз емес. Осының салдарынан бүгінгі ұрпақ ата-бабаның ежелгі кезеңнен бергі жан серігіне айналған саят өнерін ұмыта бастады.
Тарихи деректерде Жошы ханның 3 мыңнан астам бүркітшісі болғаны айтылады. Түркі тілдес халықтардың барлығы дерлік айналысқан саятшылық осылайша қазіргі күні көзден ғайып болып барады десек те болады. Әрбір халықтың болмыс-бітімі ұлттық ұстынынан айқындалады. Біздің әлі күнге дейін түп-тамырымыз саналған қаншама құндылыққа көңіл бөлмей жүргеніміз ойға қалдырады.
Тегеуріні мықты бүркіт секілді талай жыртқыш құстар қазақ даласының мәні де, сәні де емес пе еді?..
Қыран бүркіт неге азайып барады?
Последние статьи автора