Украинаның Буча қаласында тігілген киіз үйге Қазақстан елшілігінің қатысы жоқ. Жекеменшік қазақстандық компаниялардың бастамасы. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Sputnik Қазақстан"-ға сілтеме жасап.
Үкімет кулуарында Смадияров Бучадағы акцияны қазақстандық бизнесмендер ұйымдастырғанын айтты.
"Киіз үй қойылды, бұдан қандай проблема туындады. Бұл жеке қазақстандық компаниялардың бастамасы. Өздері апарып, өздері жинап, өздері көмектесіп жатыр. Киіз үй деген тез жиналатын, орнын ауыстыра салатын үй. Сондықтан біздің бизнесмендер украин халқына көмектесу үшін осындай бастама көтерген", - деп түсіндірді Смадияров.
Айтуынша, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі киіз үйден ешқандай проблема көріп тұрған жоқ.
Бұл ретте ол Қазақстанда 300 мыңға жуық украин диаспорасы тұратынын, Украина аумағында да Қазақстанның диаспорасы бар екенін атап өтті.
"Олар бір-бірімен араласады. Ұлтаралық отбасылар бар, бір-біріне көмектеседі. Әрине, қазір Украинада жағдай қиын, сондықтан бұл ақпарат қазір басқаша көрініп жатқан шығар. Бірақ біз бұдан ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз", - деді Смадияров.
Бұған дейін Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Украинаның Буча қаласында "мызғымастық киіз үйі" тігілгеніне назар аударған еді. Ол Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен осы мәселеге қатысты ресми түсініктеме беруді сұрады.