ОҚО-дан тарихи жәдігерлерге толы қорым табылды. Археологтердің айтуынша, обалардың 2500 жылдық тарихы бар. Ішінен екі әйел мен бес ер адамның сүйегі шықты. Олармен бірге түрлі әшекейлер мен қару-жарақ қоса көміліпті.
Күлтөбе қорғанынан табылған екі обаның орнынан біздің заманымызға дейін IV-II ғасырларда қаңлы тайпасында өмір сүрген екі әйелдің қаңқасы шықты. Мамандар оларды бір мезетте көз жұмған бір отбасының мүшесі болуы мүмкін деп отыр. Төрт бұрышына ыдыс қойып, екеуін бірге жерлепті. Ал басында тұрған құмыраға басылған таңбаның тарихы да тым тереңде жатыр. Қазақстан мемлекеттік орталық музейі археология орталығының жетекшісі Мансура Сатыбалдиева «мұндай заттардың көптеп кездесуі обалардан сол кездің өзінде қаңлы мемлекеттік бірлестігінде өмір сүрген тайпалардың тұрмыс-тіршілігі мен материалдық мәдениеті, идеологиясымен таныстырады және содан басқа да елдермен тығыз қарым-қатынасы болғанын дәлелдейді» дегенді айтады. 15 қадамнан кейінгі екінші обада бес мүрде бірге жатыр. Олар қаңлы, сармат тайпаларына тән тереңдігі – 5, ені 6 метр болатын қорымда жерленіпті. Басты ерекшелігі, өзімен бірге қойылған заттық деректері. Археолог Полат Файзуллаев бұл жерден садақ пен су ішуге арналған құмыраның табылғанын айтады. Археологтер бесеудің төртеуін ересек, ал бірін жас бала деп топшылайды. Өйткені бесінші мүрденің қолында бақа мүсіндес қол моншақ тағылыпты. Өзгелерінің жанындағы садақ жебесінің жантайып жатуына қарап, әскери адамдар болуы мүмкін деп жорамалдауда. Дегенмен тарихи қазба жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Айтып өтейік, бұған дейін археологтер осы қорғаннан түрлі тайпаларға тиесілі 15 таңбалы тас тапқан болатын.
Қорым тарихымыздан сыр шертеді
Последние статьи автора