Қазақтың мерейін арттырған КАТЕV
Бүгінде қазақ-түрік лицейлерінің білім беру сапасына ешкімнің шүбә келтірмесі анық. Шыны керек, аталған оқу орындарын тәмамдаған жастардың бойында білім ғана емес, мәдениет те барынша байқалады. «Қазақстанның болашақ интеллигенциясы осы-ау!» дейтін кездер де жоқ емес. Осы қазақ-түрік лицейлеріне қамқорлық көрсететін КАТЕV Халықаралық қоғамдық қорының 20 жылдық қызметі ішінде сол интеллигенция қалыптасып та үлгерді. Біз оны қордың мерейтойына арналған «Болашаққа бастаған жарқын 20 жыл!» атты салтанатты жиында анық байқадық.
Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қарқынды дамып келе жатқаны баршаға белгілі. Бауырлас түрік ағайындарының қазақтың егемендігін бірінші болып танығаны былай тұрсын, олар кеңестік жүйеден есеңгіреп шыққан еліміздің білім беру саласын көтеруге жұмыла кірісті. Дәл сол кезде қазақ-түрік лицейлері кіретін КАТЕV Халықаралық қоғамдық қоры құрылды. Бүгінде ол лицейлердің ұзын саны 28-ге жетті. Бұдан басқа, Астана мен Өскеменде «Нұр Орда» халықаралық білім кешені, Алматы және Тараз қалаларында – колледждер, ал Алатаудың баурайында Сүлеймен Демирел атындағы университет жұмыс істейді. 20 жылдың ішінде қазақ-түрік лицейлерінің шәкірттері сан алуан білім бәсекелерінде 10 мыңнан (!) астам медальға ие болған. Ондай жетістікпен Қазақстандағы кез келген оқу орны мақтана алмайды. Ал соңғы оқу жылында Назарбаев университетіне түскендердің басым бөлігі – осы қазақ-түрік лицейінің түлектері екенін ескерсек, ол жердегі білімнің дәрежесін сөзсіз-ақ түсінуге болады. Оны Президент Н.Назарбаев та жақсы біледі. Сол себепті КАТЕV Халықаралық қоғамдық қорының 20 жылдық мерейтойына орай өзінің құттықтау хатын жолдады. «Бүгінде Қазақстан мен Түркия елдерінің стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген тарихи тамыры, ортақ мәдени байланыстары екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуына игі ықпал етеді. Қазақ-түрік лицейлері мен Қордың басқа да оқу орындарының қазіргі табысты қызметі осы достық пен ынтымақтастықтың жарқын дәлелі. Лицейлер оқушыларының көп тілде білім алуының өткен жылдардағы оң тәжірибесі, олардың үздік сабақ үлгілері мен бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетіп отыр. Шәкірттердің тек соңғы бес жылдың өзінде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 220 алтын, 304 күміс, 421 қола медаль жеңіп алғаны зор мақтаныш екені сөзсіз. Білім ұясының түлектері кәсіби білікті жоғары маман болып қалыптасып, ел экономикасының дамуына және Қазақстан мен Түркия халықтарының арасындағы бауырластық байланыстарды дамытуға лайықты үлестерін қосатынына сенімдімін», – дейді Мемлекет басшысы.
– Түркия президенті Абдолла Гүл де КАТЕV Халықаралық қоғамдық қорының қызметін үнемі назарда ұстайтынын жеткізді. «Мен қордың оқу-ағарту саласындағы жұмыстарымен жақын танысып, жетістіктеріңізге қарап, бір марқайып қалдым. Осы жұмыстың арқасында, біріншіден, Қазақстанның, ол арқылы ұлы түркі дүниесінің болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу саналы ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз. Екіншіден, сіздер тамыры бір екі ел – Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың, бауырластық пен екіжақты келісімнің дамуына үлкен үлес қосып келесіздер. Сол істеріңізге сәттілік тілеймін!», – делінген А.Гүлдің құттықтау хатында.
КАТЕV Халықаралық қоғамдық қорының Астанадағы 20 жылдық мерейтойына жиналған жұрттың қарасы көп болды. Осы уақытқа дейін қордың дамуына өз үлесін қосып, ерен еңбек еткен ұстаздар тиісті марапаттарын алды. Біз болсақ, бауырлас түрік ағайындарымыздың ізгі ниетіне тағы бір рет тәнті болып қайттық.
Ата Мехмет МЕСУТ, КАТЕV Халықаралық қоғамдық қорының президенті:
– Бүгінде 28 лицей, екі колледж, «Нұр Орда» халықаралық мектебімен қоса, Сүлеймен Демирел атындағы университеті Қазақстанның білім кеңістігінде өз орнын алды. Біздер үшін бұл – зор қуаныш. Ал осы қуанышты сыйлаған Тәуелсіз Қазақ елінің жасампазы, түрік дүниесінің ақсақалы, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғысымызды айтамыз. Сондай-ақ ұстаздарымызға бауырмалдықтың қандай болу қажеттігін көрсеткен қазақ халқына, әсіресе бізге өз балаларын сеніп тапсырған ата-аналарымызға өз ризашылығымызды білдіреміз. Әрине, қазіргі бәсекелестік заманында оқушыларға білім беріп, жүректеріне ұлттық құндылықтарды себе білген, сондай-ақ көптеген халықаралық олимпиадаларда Қазақ елінің көк Туын желбіретіп, дарындыларды тәрбиелегені үшін ұстаздарымызға мың алғыс. Бір кездері әлемнің ұстазы атанған әл-Фарабиді, әл-Бируниді, Абайды өсірген бұл қасиетті топырақта дәл сондай тұлғаларды неге қайта тәрбиелемеске? Түркінің текті ұлдары әлемнің білім кеңістігінде өзінің лайықты орнын алуы тиіс қой. Біздің негізгі мақсатымыз да соған саяды.