Соңғы уақытта елімізде қазақтілді контенттерді қолданушылардың саны артып келеді. Оған басты себептердің бірі лауазымды тұлғалардың әлеуметтік медианы тұрақты пайдалануы болып табылады. Бұл туралы бүгін Алматыда «Интернеттегі қазақтілді контентті дамыту жолдары» атты дөңгелек үстел барысында айтылды.
Қазіргі күні қазақтілді контенттерді пайдаланушылардың саны 5 миллион адамға жетті деген ресми дерек бар. Сонымен бірге қазақша жазып, түсінетін елімізде 7,5 миллионнан астам адам бар екен. Осыған қарап қазақтілді контенттердің жылдам дамып келе жатқанын байқауға болады. Жиынға келген мамандардың айтуынша, мұндай оң үрдістің қалыптасуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, ағымдағы жылдың наурыз айында болған блогшылардың құрылтайы блоггерлерге тың серпін беріп, жаңа бастамаларды қолға алуына ұйытқы болды. Қазіргі күні елімізде 500-ге жуық қазақтілді блогшы бар. Екіншіден, депутаттар, басқа да лауазымды тұлғалардың әлеуметтік медиа желіні пайдалануы қарапайым халықтың контенттерге деген қызығушылығын тудырды. Мысал ретінде Кәрім Мәсімов, Болат Әбенов, Бекболат Тілеухан сынды лауазымды тұлғалардың үнемі әлеуметтік медиа желіде халықпен хабар алмасып тұруын атасақ болады. Бұл өз кезегінде халықтың виртуалды түрде саяси оқиғаларға қатысуына да мүмкіндік тудырып отыр. Ал сапа туралы сөз қозғар болсақ, контенттердің сапасы әртүрлі. Мәселен, бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауымен жасалған, сол секілді жеке энтузиастардың қаржылық ұйымдармен бірлесіп жасаған контенттері бар. Бұлардың ішінде, әрине, қаржылық топтармен бірлесіп жасалған, контенттердің сапасы жақсы болады. Ал жеке энтузиастардың жасаған контенті сапасы жағынан орташа болғанымен, онда халыққа керекті көп дүниелерді табуға болады. Мұндай контенттер ақпараттық жаңару жағынан алдыңғы орынды алады.
Асхат ЕРКІМБАЙ, ұйымдастырушы:
– Қазақтілді контенттердің дамып келе жатқандығы айтылды. Енді әрбір блогшы болсын, интернетті пайдаланушы болсын өздерінің құқықтарын жақсы білуі керек. Сондай-ақ қазір интернетті реттеуге байланысты неше түрлі пікірлер айтылып жатыр. Менің ойымша, интернетті реттеген дұрыс, бірақ ол реттеу бақылауға, одан кейін күш қолдануға ұласып кетпеуі керек.
Қазақтілді контенттер озып келеді
Последние статьи автора