Қазақстанның бес облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды
31 наурызда Қазақстанның бес облысында ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат тілшісі жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
31 наурызда Ақтөбе облысының шығысында тұман түседі. Оңтүстік, оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде облыстың солтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с жетеді.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде тұман түседі. Оңтүстік, оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстік-шығысында жел екпіні 15-20 м/с жетеді.
Оралда 31 наурызда түнде және таңертең тұман түседі.
Нұр-Сұлтанда көктайғақ болуы ықтимал. Түнде оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с.
31 наурызда Қостанай облысының солтүстігінде бұрқасын, көктайғақ болады. Батыста, облыс орталығында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел, түнде облыстың басым бөлігінде, күндіз солтүстікте, облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с.
Қостанайда оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде екпіні 15-20 м/с болады.
Ақмола облысының оңтүстігінде, шығысында, батысында тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с, түнде солтүстікте, облыстың шығысында кей жерлерде 23 м/с.
Көкшетауда оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады, түнде екпіні 23 м/с болады.
31 наурыз – 2 сәуірде түнде және таңертең Жамбыл облысының оңтүстігінде, солтүстік-шығысында, таулы аймақтарында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аймақтарда 15-20 м/с, 31 наурызда кей жерлерде 23 м/с.
Таразда 31 наурыз – 2 сәуірде түнде және таңертең тұман түседі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның үш облысында 14 жол учаскесі жабық.