«Қазақстанда жасалған» – жалпыұлттық жоба

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)

Кеше Үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде бірнеше өндірістік жоба іске қосылды. Оның барлығын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық шараға айнал­ған телекөпір арқылы сал­танат­ты түрде ашты. Тәуелсіз Қазақстанда он бірдей зауыттың ашылуына Тәуелсіздік сарайында жиналған дүйім жұрт куә болды.
Кешегі «өндірістік шеру» Астанадағы күн бата­рея­ла­рын шығаратын зауыттан басталды. Н.Назарбаев «Қаз­атом­өнеркәсіп» ұлттық компаниясының еншілес кә­сіпор­ны – Astana Solar ЖШС зауытында күн ба­та­­рея­­ларын шығаратын желіні іске қосты.  Жаңа зауыт­та тек қазақ­стандық кремнийден ғана күн батарея­лары шығарылатын болады. Бұл нысан техникалық қауіпсіздік пен эколо­гиялық нормалардың барлық талабына сай жа­сақталып, заманауи құралдармен жабдықталған. Оның өнімін ішкі және сыртқы нарыққа шығару жос­пар­ланып отыр. «Бұл тамаша нысан Жаңа жылдың қарсаңында барша қазақстандыққа үлкен сый болды. Болашақ – «жасыл экономикада». Бұл тақы­рып­ты біз «ЭКСПО-2017»-ге де таңдадық», – дей келе, Мемлекет басшысы зауыттан шығарылған алғашқы фотоэлектрлі модульге «Бірінші қазақстандық модуль. Құттықтаймын! Н.Назарбаев»  деген өз қолтаңбасын қалдырды.
4G-ге де жеттік
Жалпыхалықтық телекөпірге дейін Мемлекет басшысы тағы бір үлкен жоба – ұялы байланыстың 4G LTE (ағыл. – Long Term Evolution) желісін іске қосуға рұқсат берді. Әзірше байланыстың бұл түрі тек Алматы мен Астана қалаларында ғана жұмыс істейді. Уақыт өте келе оны республикаға тарату жоспар­ланған. Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмаға­лиев­тің айтуынша, келесі жылы 4G – Қарағанды, Ақтау, Аты­рау және Ақтөбе қалаларына, ал 2014 жылы барлық об­лыс орталықтарына тарай­тын бола­ды.  Сонымен қатар министрлік 10 мың хал­қы бар елді ме­кен­дер мен барлық аудан орталықтарын ұя­лы байланыстың үшінші буыны – 3G же­лісімен қам­та­масыз етпек.
Металлургия саласында бірегей жоба іске қосылды
Биылғы телекөпір кезінде республи­каның алты облысында он бірдей кәсіп­орын іске қосылды. Президент, ең бірінші, Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы «ҚазАзот» компаниясының аммиак, азот қышқылы және аммиак селитрасын өндіретін зауыттан бастады. Себебі Ин­дустрияландыру картасына енген жо­балардың төрттен бір бөлігі химия және металлургия өнеркәсібіне тиесілі. Жаңа зауыттың жалпы құны 5 млрд 610 млн теңгеге бағаланып отыр. Кәсіпорынды қайта жаңғыртудың арқасында аммиак селитрасын өндіру көлемі 50 пайызға артып, азот тыңайтқыштарымен ішкі на­рықты толыққанды қамтамасыз етуге болады.
Әл-Фараби МӘДИЖАН, «ҚазАзот» ЖШС директорының орынбасары:
– Біздің компания ТМД аумағында теңдесі жоқ жобаны іске қосып отыр. Жаңа технология еңбек өнімділігін екі есе арттырады. Сондай-ақ бұл жерде өндірісті басқару және ұйымдастырудың озық тәжі­рибесі енгізіледі. Қазіргі кезде жұмысқа жас мамандар тартылып отыр.

 Осыдан кейін Н.Назарбаев «Линде Газ – Қазақстан» компаниясының Қарағанды облысы Теміртау қаласында ашқан өнер­кәсіптік газдарды өндіру кешенін іске қосу­ға рұқсат берді. Шетелдік инвести­цияға салынған осы зауытта оттегі, азот және аргон өндірісін барынша арттыру жоспарланған. Ал Ақмола облысы Степ­ногор қаласындағы «Сареко» ЖШС-нің зауытында сирек кездесетін металл кон­центраттары өндірілетін болады. «Қаз­атомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы және Sumitomo Atom BK кәсіпорны бірлесіп құрған бұл нысан жоғары технологияларға негізделген металлургия саласындағы бірегей жоба болып саналады. Бұл жерде минералды ресурстарды қалдықсыз өн­ді­ру технологиясы қолданылады. Жобаның құны – 4 млрд 430 млн теңге.
«Бүгінде сирек кездесетін металдар өндірісі – аса маңызды салалардың бірі. Себебі шикізаттың бұл түрі жоғары техно­логияларды шығаруға аса қажет. Дәл осы технологияларды алу үшін біз Германия Федеративтік Республикасымен бірлескен келісімге қол қойдық», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев аталған жоба­ның тарихын шолып.

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)

Үш облыстың әрбіреуі екі жобаны аяқтады
Жылдың соңында Жамбыл, Шығыс жә­не Солтүстік Қазақстан облыстарының әр­біреуі екі бірдей жобаны аяқтап, іске қос­ты. Шығыс Қазақстан облысында «Шы­ғыс­МашЗауыт» компаниясының вагон құймалары (қозғалыс бөлшектері, рессор, т.б.) өндірісі іске қосылды. Мұнда жыл сайын 4  мың дана вагон шығару жоспарланып отыр. Осының арқасында вагон тапшылығын барынша азайтып, отан­дық өнімнің көлемін арттыруға мүм­кіндік бар. Ал Шар қаласында ашылған «Қазақцемент» компаниясының жаңа зауыты елдің ішкі нарығын цементпен барынша қамтамасыз етпек. Ол жердегі өнім «құрғақ тәсілмен» өндіріледі. Жоба­ның жалпы құны – 19 млрд 500 млн теңге.
Жамбыл облысында «Қордай-Шу» жоғары қысымды газ құбыры іске қосыл­ды. Ол Шу қаласын толықтай көгілдір отын­мен қамтамасыз ететін болады. Жа­қын арада құбырды тағы 32 елді мекенге тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Шу қаласында маневрлік тепловоздар зауыты қайта ашылды. Ол жерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жаб­дықтар орнатылды. 2016 жылға қарай зауыт жылына 50 тепловоз шығаратын болады.
Солтүстік Қазақстан облысында «Мұ­най­маш» мұнай өнеркәсібінің меха­ни­калық өңдеу өндірісі жаңартылып, қай­та ашылды. Оған 1 млрд 498 млн теңге жұм­салды. Енді озық технологияның ар­қа­сында бұл зауыттағы өнім өндіру уақыты 80 пайызға қысқарып, механикалық өң­деудің өнімділігі бес есеге артады.
«Бұған дейін біз мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдықтардың барлығын шетелден алып келдік. Индустрияландыру картасы аясында нақты міндет қойылды. Ол – мұнай-газ және металлургия сала­ларын отандық құрал-жабдықтармен қам­тамасыз ету. Оған сұраныс бар. Мен «Мұнаймаш» сияқты өндірістің ашылуына аса қуаныштымын», – дей келе, Н.Назар­баев аталған зауытты салтанатты түрде іске қосты.
Солтүстік Қазақстан облысының екінші жобасы – шағын жел электр стансысы. Оған жауапты «Зенченко және К» ком­па­ниясы ауыл мен агрокәсіпорындарды ба­ламалы қуат көздерімен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Жобаның құны – 174 млн теңге. Стансы жылына 8 млн кВт-тан астам электр энергиясын өндіре алады.

Мансұр ХАМИТ (фото)

Мақта шаруашылығы қалдықсыз жұмыс істейді
Оңтүстік Қазақстан облысында бір-ақ жоба іске қосылса да, оның маңызы аса зор. Жетісай ауданында мақта қозасының сабағынан тақтай шығаратын кәсіпорын ашылды. Онда мақта сабағынан құрылыс-жиһаз тақтайлары жасалады. Кәсіпорын жылына 50 мың шаршы метр тақтай шығаратын болады. Бұл өнім ағаш тақтай­ларымен салыстырғанда, 30 пайызға жеңіл әрі бағасы жағынан арзан. 450 млн теңгеге салынған зауыт тек ішкі нарыққа ғана жұмыс істемек. Жобаның басты мақ­саты – мақта шаруашылығын қалдықсыз өндіріске көшіру.
Нұрмұрат МҰЗАРАПА, «Сапа-Инвест плюс» компаниясының жетекшісі:
– Бұрын мақта сабағы пайдаға жара­май, қоқыс болып қалатын. Енді одан сапа­лы тақтай шығарылады. Сонымен қатар бұл өндіріс мақта шаруашылығы саласының тиімділігін арттырып, ағаш ресурстарын сақтап қалуға мүмкіндік бе­реді. Алдағы уақытта біз мақта сабағынан қатты отын, техникалық спирт және басқа да он түрлі өнім шығаруды жоспарлап отырмыз.

Өндірістің маңыздылығын Елбасы да: «Жетісайда мақтаның сабағын отқа жағушы едік. Мінекей, енді қазақ одан тақтай шығаратын болды», – деп айрықша атап көрсетті.
Осымен биыл Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ая­сында 162 жаңа өндіріс орны іске қосы­лып отыр. Бүгінде Индустрияландыру кар­тасында 779 жоба бар. Өткен екі жылдың ішінде 537 жоба пайдалануға берілді. Олардың жартысы 50 пайыз және одан да жоғары жүктемемен істеп жатса, 141 ны­сан толыққанды жұмыс жасап келеді. Жаңа кәсіпорындар 1 трлн 400 млн тең­геге өнім шығарып, 520 миллиард тең­генің өнімін экспортқа шығарды.
«Алтын сапа» мен «Парыз» лайықты кәсіпорындарға тапсырылды
Жаңа өндірістік нысандардың іске қосылуына пәрмен берген телекөпірден кейін Елбасы жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сәйкес, отандық өнеркәсіп сала­сында жүрген іскерлерге «Алтын сапа» және бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігін әспеттейтін «Парыз» сыйлығын салтанатты түрде табыстады.
«Бүгінгі телекөпір арқылы мемлекеттік бағдарламалардың аясында көптеген жобалардың жүзеге асырылғанына куә болдық. Әлбетте, Қазақстан тауарлары әлемдік талаптарға сай болмаса, ғалам­дану заманында көштен қаламыз. «Қазақ­станда жасалған» деген сөз нағыз сапа­ның, мықты өндірістің синониміне ай­налуы тиіс. Ел Тәуелсіздігінің баянды бол­мағы – ең алдымен, экономикамызға тә­уел­ді. Сондықтан ел экономикасы дамы­ған мемлекет қана нағыз тәуелсіз ел болады. Ал экономиканың қуаты – білім мен ғылымда, инновацияда, жоғары технологияда. Осының негізінде қолға алынған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының үш жылы өте шықты. Осы аралықтың өзінде еліміздің ЖІӨ-і 20 пайызға өсті. Ал өңделген өнім­дердің өткен жылдағы экспорт көлемі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет 22 млрд АҚШ долларын құрады. 2009 жылмен салыстырғанда 85 пайызға артты. Бұл көрсеткіштер – екі жылда еселеген жетістіктеріміз. Сондықтан мұндай мара­паттар барлығымыздың жігерімізге жігер қосып, бұдан әрі де ынталандыра түседі деп ойлаймын. Дана халқымыз «еңбек үйретеді, өмір ширатады» деп бекер айтпаса керек, біз де осы жолмен жеңіске келе жатырмыз», – деді Елбасы.
Сонымен, «Парыз» сыйлығының Гран-при жүлдесін «ҚазТрансОйл» АҚ компа­ниясына бұйырды. «Индустрияландыру көшбасшысы» аталымы бойынша «Қазақ­стан теміржолы» ұлттық компаниясы, «Ин­новация көшбасшысы» аталымы бо­йынша «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Мемлекет басшысының ар­наулы сыйлықтарының лауреаттары атан­ды. Сонымен бірге «Евразиат энергетика корпорациясы» ЖШС, «Агрофирма Диев­ская» ЖШС және «Нефтехим ЛТД» ЖШС – «Жылдың ең үздік әлеуметтік жобасы» аталымына лайық деп танылды. Ал «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымы бойынша Cosmi Kazahstan ЖШС, «Бахус» АҚ, «ТК Интеграл» ЖШС қатарластарынан қара үзді. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша «Ақсайгазсервис» АҚ, «Киров атындағы зауыт» АҚ, «Ариадна» ЖШС үздік деп танылса, «ҚазГерМұнай» СП ЖШС, «Су ресурстары және Маркетинг» ЖШС, «Родина агрофирмасы» ЖШС «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша топ жарды. Мәртебелі сыйлық­тарды салтанатты түрде табыстаған Ел­басы еліміздегі индустрияландыру ісінде тек табысқа қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасының алғашқы нәтижелері
«Мен телекөпір арқылы 12 жаңа жоба­ны іске қостым. Олардың көбі Кентау, Степ­ногорск, Теміртау секілді моноқала­ларда орналасқан. Бұл жобалар менің тап­сырмаммен дүниеге келген Моноқа­лаларды дамыту туралы бағдарламаның алғашқы нәтижелері. Қазақстан жаңа технологияларды енгізу бойынша көп­теген мемлекеттерден оқ бойы озық келеді. Сол себепті елдегі индустрия­лан­дыру үрдісінің алғашқы бес жылдығын сәтті аяқтауға барлығымыз бірдей үлес қосуы­мыз қажет. Небәрі үш жылдың ішін­де 537 жоба іске қосылған, 110 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды», – деді Мемлекет басшысы
Таяу онжылдықтың үш маңызды міндеті
Елбасы осы орайда алдағы 10 жыл­дық­та жүзеге асуы тиіс мақсаттарды да айқындай кетті. «Біз әлемдік үдерістерге ілесуіміз керек, әйтпесе қалып қоямыз. Қазақ­стан әлемдік экономиканың техно­ло­гиялық қайта құруға қалай қатысатынын дәл анықтауы тиіс. Сол себепті мен бүгін еліміздің инновациялық дамуының басым бағыттарын айқындамақпын. Біз үшін іс жүзінде бір-бірімен байланысты үш ма­ңызды шешім баламасыз болып табыла­ды» деген Елбасы ең алдымен «елімізге нақты табыс әкеліп отырған қазіргі индус­трияны жан-жақты қолдау» қажеттігін атап көрсетті. «Әңгіме бүгінгі өндірісті шет­ке ысырып, жаңасымен айналысу тура­сын­да емес. Жұмыс істеп тұрғандары жұ­мыс істеуі және жетілдірілуі тиіс», – дейді Президент.
Мемлекет басшысы екінші бағыт ретінде экономиканы әртараптандыру мен үздіксіз жаңартуды, үшіншісіне «елдің индустриялық дамуына қарай жасалатын келесі қадам – жаңа инновациялық әле­уетті қалыптастыруды» атап айтты.
«Біздің экономикамыздың таяу онжыл­дықтағы үштұғырлы міндеті осымен аста­сып жатыр. Бұл ретте индустриялық-инно­вациялық бағдарламалар аса маңызды жалпыұлттық жоба болып табылады. Мен мұны жайдан-жай айтып тұрғаным жоқ. Бізде басқа балама жоқ», – деді сөзін тү­йін­деген Мемлекет басшысы.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме байқауының жеңімпаздары
        (көрмеге жалпы саны 135 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысқан)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста