12 сәуір күні мемлекеттік сапармен Индонезияға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Джакартаның «Халим» әуежайында осы елдің Сыртқы істер министрі Марти Наталегава мен қаланың құрметті губернаторы Ф.Бао бастаған бір топ ресми тұлғалар қарсы алды. Қазақстан Президентінің келуіне орай құрмет қарауылы сап түзеп, жергілікті халықтың ерекше ілтипат белгісі ретінде жас жеткіншектер Н.Назарбаевтың мойнына гүлдесте тақты.
Индонезияда Қазақстан елшілігі ашылды
Сапардың негізгі бөлігі президенттер – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдойононың ресми кездесуі мен екіжақты мемлекетаралық келіссөздер ертеңінде, сәуірдің 13-і күні Индонезия басшысының «Истана Мердек» сарайында жалғасты. Қос Президент алдымен шағын құрамда кездескеннен кейін, келіссөздер екі елдің кең ауқымдағы делегацияларының қатысуымен жалғасып, Қазақстан мен Индонезияның қарым-қатынасының бүгінгі барысы мен келешек ағысын толық қамтыды. «Бұл сапар біздің қарым-қатынастарымызды дамытуда айрықша мәнге ие. Шағын құрамдағы кездесуде Президент мырза екіжақты экономикалық байланыстарды дамыту үшін Қазақстанның қандай мүмкіндіктері бар екеніне кеңінен тоқталды. Мен сіздің айтқандарыңызбен толық келісемін», – деген ИР Президенті Сусило Юдойононың сөзін Елбасы толықтыра түсті.
«Біз шағын құрамдағы кездесуде өзара қатынастардың кең ауқымды мәселелерін көтердік. Қазақстан бүгінде индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруда, біз 2030 жылға қарай әлемнің дамыған елдері қатарына кіргіміз келеді. Тура осы секілді сіздің ел де қуатты, дамыған инфрақұрылымды экономикаға айналуды мақсат тұтуда. Келесі жылы біздің елдеріміздің дипломатиялық қатынас орнатқанына жиырма жыл толады. Бұл – арнайы атап өтуге лайықты мерзім. Осыған байланысты мен Джакартада Елшілік ашып, елші тағайындадым», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңейтілген құрамда талқыланған мәселелер мен қол жеткізген уағдаластықтар турасында бұқаралық ақпарат құралдарына президенттер келіссөздер аяқтала салысымен жан-жақты түсінік берді.
Мәселен, Индонезия Президенті Юдойонға осынау ғажайып елдеріне келуге шақырғаны және қонақжай сый-құрметтері үшін шынайы алғысын білдірген Елбасы «Осы ретте Сіздердің елдің жеткен орасан зор жетістіктер мен үлкен өзгерістер маған айрықша әсер қалдырғанын атап айтқым келеді. Осы қарқын мен өсімді сақтаса, бір-екі он жылда Индонезия әлемнің ірі экономикалы ондығына кіретініне сенімдімін. Біз үшін осындай елмен ынтымақтасу – үлкен құрмет. Біздің даму турасындағы мемлекеттік міндеттеріміз бен мақсаттарымыз ұқсас. Қазақстан индустрия мен инновация бағытында ұмтылуда. Индонезия 2025 жылға қарай жоғары дамыған инфрақұрылымды қуатты экономикаға айналуды мақсат тұтуда. Біздің де мақсатымыз осындай. Екіжақты қатынастарды дамыту үшін саяси тұрғыдан барлық шарттар жасалған. Біз бүгін өте жемісті келіссөздер өткіздік. Екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Басым мақсаттарды айқындадық. Бұл сапар Қазақстанның Индонезиямен диалогты ислам әлемінің ең ірі елі ретінде ең жоғары деңгейде және министрліктер мен ведомстволар қатарында да белсенділендіруге ниетті екендігінің айғағы», – деп атап көрсетті.
Мәдениет күндері өтеді
Мемлекет басшысының сөзінен мәлім болғанындай, осы келіссөздер барысында тараптар 2013-2014 жылдары Индонезияның Қазақстандағы және Қазақстанның Индонезиядағы мәдениет күндерін өткізуге келісті. Ал перспективалы бағыттар ретінде энергетика, көлік, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, шағын және орта бизнес салалары айқындалып, бірқатар салаларда өзара тиімді көрінетін бірлескен кәсіпорындар құру турасында уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл орайда Елбасы Қазақстанның Индонезияға бидай мен басқа да астық өнімдерін жеткізу мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендігін алға тартты.
Қазақстан Индонезияны АӨСШК-нің толыққанды мүшелігіне шақырды
Қазақстан Индонезиямен халықаралық ұйымдардың, БҰҰ мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі аясында да ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігін айтқан Н.Назарбаев Индонезияны АӨСШК-нің толыққанды мүшесі болуға, сондай-ақ Президент Сусило Юдойононы ресми сапармен Қазақстанға келіп қайтуға шақырды.
Қазақстан Президентінің бұл шақыруына дереу үн қатқан ИР Президенті біздің елге 2013 жылы ресми сапармен келетінін мәлімдеді. Ол өз сөзінде Қазақстан Президентімен екі елдің ынтымақтастығын дамыту тұрғысында көптеген мәселелер бойынша өзара түсіністік тапқанын, келіссөздер барысында астық, мақта-мата өндірісі, мұнай-газ және шина жасау секілді салаларда сенімді ынтымақтастық орнайтыны мағлұм болғанын айтты. «Біз өзара қарым-қатынастарымыздың даму қарқынын қолдау мақсатында үкіметаралық бірлескен комиссия, Қазақстан – Индонезия Іскерлік кеңесі секілді институттар құру турасында да бір пікірге келдік.
Біздің келіссөздеріміздің мазмұнын қысқа қайырсақ, осы» – деген Индонезия басшысы екі ел өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыра беретініне сенім білдіріп, Қазақстанның халықаралық бастамаларын Индонезия үнемі қолдайтынын да мәлімдеді.
Индонезиялықтар Қазақстанмен бірлескен жобалар ашуға қызығып отыр
Тоқтала кетер жайт, Қазақстан Президенті сәуірдің 13 –і күні Индонезия Президентімен келіссөздерін бастамас бұрын, осы елдің «Калибат» ұлттық батырлар мемориалына гүл шоқтарын қойып, Құрметті қонақтар кітабына тілек жазба қалдырған болатын. Содан кейін Мемлекет басшысы «Индонезия Кемпински» қонақүйінде Индонезияның өнім өндірудегі жетекші компанияларының көрмесімен танысты. Мұнда Елбасын ИР Үкіметінің экономика жөніндегі үйлестіруші министрі Раджаса Хатта қарсы алды. Президентке көрмеге қатысушы компанияларды таныстырған Р.Хатта Елбасы Н.Назарбаевпен әңгіме барысында Қазақстан–Индонезия экономикалық байланыстарын дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Бұл көрмеге осы елдің қағаз шығарудан бастап, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдері, қызмет көрсету, телекоммуникация, сирек металдар мен мұнай-газ, авиақұрылыс саласында мойыны озық тұрған компаниялары мен ірі конгломераттары қатысқанына қарап, индонезиялық бизнестің алыс қиырда жатқан Қазақстанға деген қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Ол ойымызды ИР Үкіметінің экономика жөніндегі үйлестіруші министрі Раджаса Хатта да қуаттай түсті. «Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік сапармен келуіне аса қуаныштымыз. Бүгінгі таңда екі елдің саяси-экономикалық байланыстары жақсы дамып келеді. Дей тұрғанмен, өзара тауар айналымы айтарлықтай көп емес. Бірақ оның көлемін ұлғайтуға екі елдің әлеуеті жеткілікті. Біздің компаниялар қазақстандық әріптестерімен кеңірек танысып, әртүрлі салаларда бірлескен кәсіпорындар құруға, тиімді сауда-экономикалық байланыстар орнатуға қызығып отыр», – деді ол журналистерге сұхбат берген кезінде.
Дей тұрғанмен, екі елдің тауар айналымы өсіп келеді. Қазақстан мен Индонезияның тауар айналымы 2011 жылы 35,1 АҚШ долларын құраса, соның 7,9 миллионы – экспорт, 27 миллион 217 мың доллары импорттың үлесіне тиген. 2010 жылы бұл көрсеткіш 23,5 миллион доллар шамасында болған еді.
Қазақстан мен Индонезия іскерлерінің өзара тиімді ынтымақтастық жолдарын тауып, бірлескен жобалар ашуға ынталы екендігін қазақстандық делегацияның өкілі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев та атап өтті.
Индонезия Қазақ астығын күтеді
Бизнес форум барысында өзара ынтымақтастықтың осындай перспективалы бағыттары мен тиімді жобаларды айқындаған екі елдің компаниялары арасында аталған көрме аясында екі бірдей меморандумға қол қойып үлгерді. Оның бірі – қазақстандық «Берекет» деген жеке компания мен жергілікті «Infofood» компаниясы арасында Индонезияға 300 мың тонна бидай жеткізу турасында болса, екінші меморандум «Самұрық-Қазына» мен индонезиялық «Multistrada» деп аталатын шина шығаратын ірі компаниямен жасалды. Бұл саланы екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың төртінші бағыты деуге болады. Елу жылдан астам уақыт бойы шина шығарумен айналысып, өңірдегі озық өндірушілердің біріне айналған аталған компания біздің елімізде шина өндірісін ашу үшін инвестиция салуға қызығып отыр. Қ. Бишімбаев бұл бағыттағы ынтымақтастықтың да болашағы зор екендігін айтады. Лайым солай болып, меморандум ниет күйінде қалып қоймай, нақты өндірістік жоба болып жүзеге асса, қазақстандық автокөліктердің дөңгелектеріне отандық «байпақ» кигізетін күн тумақ.
Сонымен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «аралдар елі» – Индонезия Республикасына мемлекеттік сапары нәтижелі аяқталды. Оның қорытындысы бойынша екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Сондай-ақ дипломатиялық және қызметтік паспортқа ие азаматтарды виза рәсімдеуден босату туралы Қазақстан Үкіметі мен Индонезия Үкіметі арасындағы келісімге, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ИР Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2012-2013 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастықтың ниет хаттамасына қол қойылды.
Алаш–ақпарат
Индонезия – әлемдегі ең ірі мұсылман елі. Мұндағы мұсылман жамағатының үлесі 84 пайызға жуықтайды немесе шамамен 220 миллион адам. Мемлекеттік тіл ресми түрде малайлық бахас диалектісі болғанымен, елде 580-ге жуық ірілі-ұсақты тілдер мен диалектілер бар. Бұл ел сондай-ақ халқы ең тығыз қоныстанған мемлекеттің бірі ретінде Қытай, Үндістан және АҚШ-тан кейінгі төртінші орында тұр. Жалпы, халық саны 250 миллионға жуықтаса, соның шамамен алпыс пайыздайы Ява аралында қоныстанған. Мемлекеттің өзі 17 508 аралдан құралған. Ал оның қазіргі атауы түп-төркінін «Үнді аралдары» деген грек сөзінен алса, жергілікті халық TanahAirKita, яғни «Біздің Жер мен Су» деп атайды.
Индонезияның астанасы Джакартаның тұрғын саны ресми мәлімет бойынша 10 миллион делінгенімен, қалаға кірігіп кеткен қала маңы елді мекендердің тұрғындарымен 20 миллионға жуықтайды. Джакартаның орталығына оның жан-жағынан күн сайын таңмен таласа тұрған жеті миллиондай адам ағылады.